Қазақстанда жазғы демалыс кезінде көлік қатынасын жандандыру мақсатында қосымша шаралар қабылданып жатыр, – деп хабарлайды kursiv.media
Көлік министрлігінің хабарлауынша, министрлік көлік компанияларымен бірлесіп сұранысқа ие туристік бағыттар бойынша теміржол маршруттары мен әуе рейстерінің санын көбейтуде. Бұған жолаушылар сұранысының артуы түрткі болып отыр.
Теміржол тасымалы
2026 жылдың жазғы маусымында 15 қосымша теміржол маршруты ұйымдастырылады. Қосымша пойыздар 2026 жылғы 16 маусымнан бастап қатынай бастайды.
Бағыттар қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан Достық пен Балқаш секілді туристік және курорттық аймақтарға қатынайтын пойыздар бар.
Аталған шаралар жазғы кезеңде пойыздарда шамамен 550 мың қосымша орын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жолаушылар ағынының артуына қарай қолданыстағы пойыз құрамдары кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Жазғы маусымда пойыз құрамдары орта есеппен 19-21 вагонға дейін көбейеді. Ал маусымаралық кезеңде бұл көрсеткіш 13-15 вагон болады.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша №219/220 жолаушылар пойызы іске қосылады.
Әуе тасымалы
2026 жылдың маусым-тамыз айлары аралығында Астана – Балқаш, Үржар, Үшарал және Алматы – Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттары бойынша аптасына 7 рейске дейін қосымша әуе рейстері ашылады.
Аталған бағыттар бойынша әуе билеттерінің құны әлеуметтік қолжетімді деңгейде сақталады. Атап айтқанда, 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Бұл көптеген отбасыға еліміздің туристік аймақтарында жазғы демалысты қолжетімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, 2026 жылы Қазақстанда аптасына 813 рейс жиілігімен 60 ішкі әуе бағыты бойынша тұрақты рейстер орындалады.
Тұрақты әуе маршруттарын субсидиялау бағдарламасы аясында 24 бағытты, оның ішінде 16 туристік бағытты қолдауға 6,4 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
