Бейсенбі, 25 сәуiр, 09:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Жолдау: баспана мәселесі шешілмек

09.10.2021

689 0

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да көптеген әлеуметтік меселелерді шешуге бағытталған іс-шаралар тізбегі айтылды. Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кәсіпкерлік пен жалпы экономиканың әлеуетін саралай келе келешекте жүзеге асатын бірнеше бастамаға ден қойды. Соның ішінде тұрғындар үшін ең маңызды әрі үміт күтетін бағыт – тұрғын үй мәселесі.

Егемендік еншілегелі елдегі әлеуметтік ахуал мен экономикалық жағдай жаңа даму кезеңіне көтерілді. Әсіресе, ең өзекті олқылыққа айналаған баспана мәселесі де 30 жыл шеңберінде шешімін табуға бағыт алған салаға айналғаны жасырын емес. Осы бағытта түрлі мемлекеттік бағдарлама мен жобалар қабылданып, жеңілдік пен көмек көздері нақтыланды. Ірі қалаларда ғана емес, шағын аудан орталықтарында да тұрғын үй салу қарқын алып, инвестор тарту жұмысы жүйеге қойылғаны мәлім. Аталған жұмыстар халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде шешуші рөл атқарып, келешек бағдарды да айқындай білді. Алайда бұл баспана мәселесі толық шешім тапты деген сөз емес. Алдағы меже бұдан да зор болмақ.

«Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады.

Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы.

Расында, «Баспана хит» пен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламалары көптеген азаматтың арманын орындап, баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік бергені шындық. Бағдарламалар бастау алған 3-4 жылдың көлемінде тек Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының тұрғындары емес, мыңдаған қызылордалық та қоныс тойын тойлады.

Жалпы аймақтағы құрылыс қарқынын тұрғын үй санынан аңғаруға болады. Қазіргі таңда Қызылорда облысы тұрғын үй құрылысы жөнінен республикадағы жетекші өңір санатында. Мысалы, 2018 жылы 700 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, 2019 жылы 813 пәтер пайдалануға берілген. Жалпы облыс орталығында 2013-2020 жылдар аралығында 15 жаңа шағын аудан бой көтергенінінің өзі – үлкен жетістік.

Осы орайда Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру бастамасын айта кеткен жөн секілді. Себебі соңғы жылдары шаһардағы жаңа тұрғын үй мен түрлі нысандардың басым дені сол жағалауда бой көтеруде. Мамандар алдағы он жылда сол жағалау маңызды экономикалық-әлеуметтік орталық болады деген пікірде.

Негізі Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс жұмысы 2017 жылы басталды. Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының даму жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында көлемі 1 мың 532 гектар аумаққа заманауи үлгіде жаңа қала салу жобасы қолға алынған еді. Бүгінде жобаның алғашқы бөлігі сәтті жүзеге асып, тұрғын үй қатары молайды. Сондай-ақ жаңа қоныстанушыларға жайлы болу үшін 320 орындық балабақша, «Orda School» мектебі, «Болашақ» университетінің кампусы, ІТ-паркі бар Жастар ресурстық орталығы ел игілігіне берілді. Алдағы бірнеше жылда мұнда Неке сарайы, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен жатақханасы, 3500 орындық көпфункциялы жабық футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені секілді көптеген нысан салынбақ.

Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде облыста 2158 пәтерлік 105 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биылдың өзінде жыл соңына дейін 61 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек.

Президент бұдан өзге азаматтар зейнетақы жинағынының жеткілікті мөлшері шегінен асатын бөлігін тұрғын үй алуға пайдалануға болатынын жеткізді.

«Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым. Сондай-ақ бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді талап етуіне жол ашты. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Демек, жақын арада тұрғын үй сатып алу бағдарламалары өзгереді деген сөз. Яғни үкімет жаңа жүйедегі бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлейтін болады. 2018 жылы қолданысқа енген бағдарламалар өз міндетін толық орындап, қазақстандықтардың баспаналы болуына үлкен көмек көрсеткені анық. Ендігі қолға алар бағдарламалар да елдегі тұрғын үй мәселесін шешуге ықпал етері сөзсіз. Оған қоса зейнатақы жинағының жеткілікті мөлшерлі шегінен асқан бөлігін пайдалану да қарапайым халыққа үлкен қолдау.

P.S. Жолдауда Мемлекет басшысы көтерген өзекті мәселелер мұнымен шектелмейді. Президент білім беру ісін жетілдіру, денсаулық сақтау саласына енгізілетін жаңалықтар, еңбек нарығындағы саяси бастамалар, жалақы мәселесі секілді маңызды тақырыптарды саралаған.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: