Алаяқтар азаматтардың деректерін қолға түсіру мақсатында телефон иелеріне сілтеме жібереді. Сілтемеге өткен сәтте пайдаланушы қолдан жасалған көрнекі сайтқа тап болады, – деп хабарлайды kursiv.media
Алаяқтардың жаңа айласы қандай?
Ұлттық банк мәліметінше, алаяқтар телефон арқылы азаматтардың дербес дерегін қолға түсіру үшін «несиеңіздің мәртебесі жаңартылды» деген мәтіні бар хабарлама мен сілтеме жібереді.
Телефон иесі сілтемеге өткенде екінші деңгейлі банктің немесе микроқаржы ұйымының ресми сайты іспетті қолдан жасалған көрнекі сайтқа тап болады.
Одан әрі пайдаланушыдан логин, телефон нөмірін, жеке басын куәландыратын құжат мәліметі мен банк картасының деректемелерін немесе басқа да құпия ақпаратты енгізуді сұрайды.
Ұлттық банк ескертуі
Ұлттық банк мұндай тосын хабарламалар әдетте адамды шатастыруға бағытталатынын айтады. Тіпті азамат несие алуға өтінім бермеген күннің өзінде, бұл жағдай оның асығыс әрекет жасауына итермелеп, ақпаратты байыппен қабылдау қабілетін төмендетеді.
Кейбір жағдайларда сілтеме телефонға зиянды файлды немесе мобильді қосымшаны көшіріп жіберуі мүмкін. Орнатылғаннан кейін, қаскөйлерге мобильді құрылғыны басқаруға немесе дербес деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Ұлттық Банк сілтемеге өтпеуге кеңес береді. Қажет болған жағдайда әр азамат өзінің несие тарихын Мемлекеттік кредиттік бюро сайтында немесе электрондық үкімет порталынан тексере алады.
Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі киберқылмыстың жаңа әдістері туралы ескерту жасады. Алаяқтар мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының атынан жалған құжаттар жіберіп, ресми мекемелермен байланыс орнатқандай әсер қалдыратын автоматтандырылған сервистер мен чат-боттарды жиі қолданатын болған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
