Жексенбі, 28 сәуiр, 12:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Бала неге қылмыс жасайды?

08.02.2022

2824 0

Бүгінде  кәмелет жасқа толмай жатып, қылмыс жасайтын жасөспірімдер саны артқан. Олардың өмірге деген көзқарасы қалыптасып үлгермей, болашағына балта шабылуда. Әрине, бұл мәселенің бір ұшы ата-ананың бала тәрбиесіне салғырт қарауымен байланысты.  «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бала тәрбиесінің әлсіреуі  қоғамның айықпас дертіне айналуда.

Ақ пен қараны айырып, жақсы мен жаманды үйрету әрбір ата-ананың бала алдындағы басты міндеті. Дегенмен күйбең тіршілік, бала-шағаның қамы деп азаннан қара кешке дейін жұмыста жүрген ата-аналар көп. Олардың басты арманы – баласының мұқтаждық көрмей өсуі. Ал енді бірі ішімдікке салынған әке мен жоқтықтан шаршаған ана. Оның баласына дұрыс тәрбие беруге мұршасы да жоқ. Тізе берсек, мысал көп. Бір сөзбен айтқанда, қазір ата-ананың балаға көңіл бөліп, қадағалауға уақыты жоқ. Ащы да болса, шындық.

Жасыратын несі бар, ақпараттық-технология дамыған мына заманда бәрі де қолжетімді. Бүгінде әр баланың қолында бір-бір ұялы телефон бар. Олар ғаламтор арқылы күнделікті әлеуметтік желілерден атыс-шабысты, түрлі қылмысты көріп отыр. Әрине, бұл бала психологиясына кері әсерін тигізері сөзсіз.

Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы аймақта кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі 4,6 процентке өскен. Осыған орай департамент қызметкерлері жасөспірімдер тәр­биесіне жауапты мемлекеттік мекемелермен бірлесіп жұмыс істеуде. Қазіргі кезде «Жасөспірім – Көше»,  «Қауіпсіз мектеп автобус», «Заң-Бала-Қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар», «Түнгі қала», «Жасөспірім» атты алдын алу шаралары өткізілуде. Сондай-ақ жоғары оқу орындары мен мектептерде құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, «ZOOM» бағдарламасы арқылы түрлі тақырыпта дөңгелек үстел мен сұхбаттар ұйымдастырылуда.

Былтыр ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлері барлығы 5208 баланы ішкі істер органдарына жеткізген. Оның ішінде 4865-і әртүрлі құқық бұзушылық жасаған. Сонымен қатар 283 кәмелетке толмаған бейімдеу орталығына жатқызылып, 60 жасөспірім қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.

– Аймақта кәмелет жасқа толмағандардың беймезгіл уақытта көшеге шығуы азаймай тұр. Себебі ҚР ӘҚБтК 442-бабымен «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта  ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын жай­дан тыс жерде болуы» дерегімен 4663 баланың заңды өкіл­дері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал баласының тәр­биесімен айналыспай, ата-аналық міндетін дәлелсіз себептермен орындамайтын 6 ата-ананы сот құзырымен ата-аналық құқы­ғынан айырса, 7 адам ата-аналық құқығынан шектелді. Сондай-ақ 6 бала соттың шешімімен кәмелетке толмағандар девиантты білім беру және арнайы білім беру ұйымына орналастырылды. Ал облыстық девианты мінез-құлықты балаларға арналған интернатқа 3 кәмелетке толмаған, «Шығыс Қазақстан облысының ерекше режимде ұстайтын арнайы мек­теп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 3 жас­өспірім жіберілді, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасы, Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Ғалымжан Нағметов.

Бұғанасы бекімеген жас буынның осындай қатал өмірге тап болғаны өкінішті. Олардың ертеңгі болашағы қалай болмақ? Оны ойлау да қиын. Иә, қамсыз ойнап-күліп жүрген шағында от басып, қылмыстың «дәмін» сезгендерді дұрыс жолға бейімдеудің өзі оңайға соқпас. Дегенмен ешбір ата-ана баласын жаза бассын деп өсірмейді. Ұл-қызын жамандыққа кім қияды дейсің. Қарап отырсаңыз, көптеген ата-ана баласының бетінен қақпай, қатарынан қалдырмай, сұрағанын алып береді. Көбі «бала ғой» деп көңіліне қарап, қалағанын істейді. Бала тәрбиесі – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Оны жыл өткен сайын ұғынып келеміз. Өйткені қазір бесіктен белі шықпаған баланың өзі «іштен оқып туғандай» бәрін біледі.

Қылмысқа баратын баланың басым көпшілігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шығатыны белгілі. Ал қазір ауқатты отбасынан шыққан балалар да жиі қылмысқа барады екен. Психологтар мұны тәрбиеде жіберілген қателік салдары деп есептейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, баланың айтқанының барлығын жасап, еркіне жіберу тікелей әсер етеді. Мамандар ата-аналардың баланың ішкі өміріне қызықпауы мен  рухани дамуына көмектеспеуі дұрыс емес дейді.

– Отбасында, мектепте өзін түсінетін адамды таппаған бала қайда барады? Әрине, көшеге. Ал көшеде уақыты көп, спортпен шұғылданбайтын балалар жүреді. Олардың өмірге көңілі тол­майтыны анық. Барлығына өкпелі. Мұндай ортаға тап болған бала­ның жаман жолға түсері сөзсіз, – дейді психолог Гүлдана Садықова.

Оның айтуынша, отбасында дұрыс тәрбие алмаған баланы жаман ортаға ғана емес, өзге діни ағымға да қосу оңай екен. Оны болдырмау үшін баланы ерте жастан бастап, үй жұмысына баулып, өзіне жауапкершілік алуды үйретуге кеңес береді.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: