Сәрсенбі, 08 мамыр, 13:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Құмар ойын құрдымға бастайды

21.08.2021

653 0

Сыр өңірінде интернет желісінде арнайы сайт ашып, казино ойнатқан адамдар бар екен. Қазіргі таңда олар жауапкершілікке тартылып, сот үкімін шығарды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы қаржылық монитринг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті хабарлады.

Басқарманың хабарлауынша, облыста заңсыз құмар ойындарын ұйымдастырған 3 бірдей адам анықталған. Биылғы жылдың көктемінде басқарма қызметкерлері бұл заң бұзушыларды анықтап, олардың қылмысын дәлелдеді және сот соңғы шешімін шығарды. Құқық бұзушылар – Қызылорда қаласының, Шиелі мен Жаңақорған аудандарының тұрғындары.

Казино ұйымдастырушалар ғимаратты жалға алып, компьютерлерге ғаламтор желісі арқылы ақшалай бәс тігу жолымен ойналатын интернет-казино құмар ойындарын іске қосқан. Компьютерлер жадында сақталған бірнеше бағдарлама мен төлем жүйесіне сілтемелерді криминалист маманның компьютерлік-техникалық қорытындысы анықтады.

Ең бірінші болып 20 наурыз бен 5 мамыр аралығында өз бас пайдасы үшін онлайн казино ұйымдастырған Қызылорда қаласының Б.Ж. атты азаматы ұсталған. Басқарманың хабарлауынша, ол интернет-казино ашып, құмар ойын қызметін ұйымдастырып, ойын бизнесін ұйымдастырушыларға және ұтыстарға салынатын салықтан жалтарып, ойын бизнесі сала-сындағы қызметтің негізгі принциптерін бұза отырып, заңсыз жүзеге асырған.

Ол өзінің алдын ала құрған жоспары бойынша қаладағы Желтоқсан көшесінен 5 мамыр күні ауызша келісіммен жалға пәтер алған. Содан соң аталған пәтерге 16 дана процессор, 17 дана монитор, 1 дана модем алып келіп, ғаламтор желісіне қосқан. Сол ғаламтор желісі арқылы «superomatic», «рулетка», «покер», «блек джек» секілді бірнеше интернет казино ойындарын тікелей қосып, азаматтарға бәс тігіп, казино ойнатқан.

Аталған заң бұзушылыққа сәйкес Қызылорда қаласының №2 соты сотталушы Б-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 583 400 теңге айыппұл көлемінде жаза тағайындалған.

Жаңақорған ауданындағы қылмыскер кенттегі орталық автобекет жанындағы ғимараттың бірін өзінің кәсіпкерлік бағытында пайдаланамын деп жалға алған. Қылмыстық жоспарын жүзеге асыру мақсатында ғимаратқа маусым айының 20-25 күні 7 дана процессор, 8 дана монитор, ғаламторға арналған Wi-fi модем құрылғыларын алып келген. Кейін ғаламтор желісі арқылы «Кено», «Penalty», «Bingo 37», «Fortuna» және басқа да интернет-казино құмар ойындарын іске қосқан.

Онымен қоса ол жұмысқа кассир мен күзетші қабылдап, оларға күнделікті 10 мың теңге көлемінде айлық төлеуге келіскен. Өз кезегінде кассир ойын ойнауға келген азаматтардан ақша қабылдап, болған жағдайда ұтысын берсе, күзетшіге ойын залындағы тыныщтықты сақтаумен және казино ойнауға келгендерге есік ашып-жабу міндеттелген.

Аталған қылмыстық іске байланысты Жаңақорған аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307-бабының 1-бөлігімен сотталушы С. есімді азаматты жауапқа тартып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Енді ол бір жыл көлемінде пробациялық бақылауда болады.

Шиелі ауданынан анықталған қылмыскердің де жоспары осындай болған. Ол ғимаратты жалға алып, ғимаратқа 5 дана процессор, 6 дана монитор, 1 дана теледидар, 1 дана чек сканері мен принтерін, 2 дана үстел коммутаторы құрылғысын орнатып, аталған ғимаратқа ғаламтор желісін қосқан. Содан соң «Fruit Loto», «Lucky Lady Charm», «Sizzling Hot Deluxe», «Crazy Monkey», «Lucky Haunter», «рулетка», «покер», «блек джек» және т.б. интернет-казино құмар ойындарын іске қосқан.

Сондай-ақ онлайн казиноның жұмысын жүргізіп тұруы үшін жұмысқа кассир қабылдап, оған күнделікті 5 000 теңге төлеуге келіскен. Ал кассир өз кезегінде оператор ретінде интернет-казино кеңсеге келген ойынға қатысушылардан қолма-қол ақша алып, ойынға қатысушылардың қалауы бойынша белгілі бір ойынға тігіп, нәтижесінде шыққан ұтысты қолма-қол кассадағы сомалардан шешіп беретін болған.

Осылайша, қылмыстық жоспары анықталып, Н. есімді заң бұзушыны ұстаған соң оған Шиелі аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 307-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеді. Сотталушыға бас бостандығы шектелген 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау орнатылып, оған бас бостандығын шектеу жазасына сотталғандардың тәртібіне бақылау жүргізетін мамандандырылған мемлекеттік органға хабарламай және рұқсатынсыз тұрғылықты тұратын мекен-жайын, жұмыс істейтін жерін өзгертпеу, жұмыстан бос уақытта тұрғылықты тұратын мекен-жайынан кетпеу, түнгі сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық және қоғамдық орындарға бармау міндеттері жүктелген.

Қылмыс орнынан тәркіленген 38 компьютер процессоры, 41 монитор, модем, теледидар, бейнерегистратор мен 248 000 теңге ақшалай қаражат мемлекет кірісіне алынды.

Осылайша, бір ғана Қызылорда облысында үш бірдей қылмыскер құрықталды. Олар өзгенің жеңілісі арқылы пайда тауып, қомақты қаражатқа кенелуді көздегені сөзсіз. Дегенмен оңай ақша қайдан болсын… Заң бұзғандар заң алдында жауап берді, ал өзгелер бұдан сабақ алуы тиіс.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: