Бейсенбі, 25 сәуiр, 03:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тергеу бөлімі табандылықты талап етеді

21.06.2022

1166 0

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Кеңесі «Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер ор­ган­дары туралы» Заң қабыл­дады. 2007 жылдан бері Қазақстанда 23 маусым – Поли­ция күні аталып өтілуде. Биыл­ғы жылы қоғамдық тәр­тіпті қадағалап, ел ты­ныштығын күзеткен полиция қызметіне 30 жыл толды. Жауапты қызметкерлердің ме­рейлі мерекесінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Әуелхан Құдайберген өт­кен жылдан бастап Қы­зылорда қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары қыз­метін атқарып келеді. Оған бөлім тергеушілерінің жұмысын ұйымдастыру, қыл­мыстық істерді зерделеп, нұсқау беру міндеті жүктелген. Бүгінде жауапты маманның бөлімінде 43 тергеуші бар. Олар қала көлемінде орын алған қылмыстарды тергеумен айналысады.

− Соңғы кезде қала кө­лемінде алаяқтық қылмыс көбейді. Соның ішінде әлеу­меттік желіде алаяқтың ар­бауына түсетіндер көп. Бүгінде біздің бөлімнің мамандары осындай қылмыспен жиі кез­деседі. Бұл соңғы уақытта пайда болған қылмыс бол­ғандықтан кейде қиындық тудыратыны рас. Алайда біз­дің қызметте оңай ештеңе жоқ екені көпшілікке белгілі. Полиция кез келген кедергіден мүдірмей өтіп, қызметін адал әрі тиянақты атқаруы тиіс. Міне, осындай міндетті мой­нымызға алғандықтан нә­ти­желі жұмыс істеу үшін бар жанымызды саламыз, − дейді полиция капитаны Әуелхан Сәлімжанұлы.

Мектепті бітірген соң ҚР ІІМ-нің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жоғары білім алған кейіпкеріміз алғашқы қызметін қалалық полиция басқармасынан бастаған. Тер­геуші лауазымынан бастаған ол жұмыс барысында аға тергеуші, облыстық полиция департаментінің тергеушісі қызметтерін атқарған.

− Полиция – жауапкерші­лікті мол жүктейтін қызмет. Әсіресе біздің бөлім маман­дарына қылмыскердің кінәсін дәлелдеу, оған жауапкершілігін анықтау және жәбірленушіге келген шығынды өндіру се­кілді міндеттер жүктелген. Сондай-ақ полиция қызметкері уақытпен де санаспайды. Бұған бір дәлел ретінде жұ­мыс барысындағы бір оқиғаны айтайын. Бір алаяқ 50 адамды алдап, үстінен іс қозғалды. Сол кезде барлық кінәсін дәлелдеу үшін, істі аяғына дейін жеткізу үшін жұмыста қонып, үйге бармай жұмыс істеген кезіміз болды. Міне, осындай қиындықтар қызметте кездеседі, − дейді кейіпкеріміз. Алайда ол өз сөзінде жұмысын аса қызығушылықпен атқара­тын адамды мұндай қиын­дықтар алаңдатпайтынын айт­ты. Ал бұл салаға қызығу­шылық танытатын жастарға ең бірінші сапалы білім алуға кеңес берді. Себебі қызметте түрлі қылмыскер кездеседі. Оның қорғаушы адвокаты болады. Тергеуші олардан бір саты жоғары тұруы үшін жақсы білім алуы керек. Сонымен қатар өз сөзінде тергеуші бұл қызметтен қорқудың, жауапкершіліктен үркеудің еш қажеті жоқ екенін де айтты.

− Қызметке алғаш келген кезеңде жұмыс режиміне, ішкі тәртіпке үйрену қиын болды. Бұл кезеңде маған кеңестерін беріп, қызметте көп көмегі тиген сол кездегі  жетекшім Дәулет Байменов, басшыларым Марат Алиев, Бауыржан Қопанов ағаларыма алғысым шексіз. Бүгін менің осындай жауапты қызметте еңбек етуіме ол кісілердің де елеулі үлесі тиді. Қазіргі кезде өзім де жас мамандарға бар білген-түйгенімді айтып, көмегімді тигізуге асығамын.

Әуелхан қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасарынан бөлек екі ұлдың әкесі. Отбасына да көп көңіл бөліп, бала тәрбиесіне аса жауап­кершілікпен қарайтын ол бола­шақта балалары да бұл қызметті таңдаса еш қарсылық білдірмей, құптайтынын айт­ты. Ал бұл қызметте еңбек ету үшін білім алып жүрген жасөспірімдерге полиция бо­лудан қорықпау керектігін жеткізді. «Бүгінде біздің қыз­метке мемлекеттен барлық жағдай жасалған. Жұмыс істеймін деген азаматқа қыз­мет қашан да табылады. Бас­тысы білім мен құлшыныс болуы керек. Еңбектенген адам, еңбек еткісі келетін адам еш­қашан тасада қалмайды», − дейді ол.

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: