Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қаратаудағы қасиетке толы Үкаша ата

03.07.2021

2886 0

«Атамекен, мен сені білемін бе?» айдары аясында киелі жерлерді аралап, қасиетін жазғанды жөн көрдік. Бірінші мекен – Үкаша ата кесенесі. Осы уақытқа дейін бұл кесене жайлы естуім бар. Бірақ жақында осы жерге бару, ондағы қасиетті құдықты, кесене айналасындағы кереметке толы, емдік қасиеті бар тастарды көру бұйырды.

Әулиенің кеніне айналған қарт Қаратаудың қойнауы киелі орындарымен ерекше. Ел есінде аңыз болып қалған киелі орынның бірі Үкаша ата есімімен байланысты. Үкаша ата дегенде ең әуелі жұрттың есіне тау басындағы құдық еске түседі. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаша атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқиды. Одан кейін барып тау басындағы құдықтан су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз көп. Кеңес үкіметі тұсында рухани тарихымызға қатысты әулиелердің есімдерін, олардың еңбегін, тарихтағы алар орнын мақсатты түрде жоюға тырысты. Тәуелсіздікпен бірге жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз жанды.

ҮКАША АТА КІМ БОЛҒАН?

Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясында сәулет өнер ескерткіші саналатын Үкаша ата қабірі Қаратаудың күнгейінде орналасқан. Үкаша атаның алғашқыда тек қабір орны ғана болса, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіре берісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Бұл бөлме неге ұзын десеңіз, Үкаша ата бойының ұзындығы 19-20 метр болған деседі. Естіген кезде таңғалғанымыз рас. Әйткенмен өмірде өзі алыптардың бірі болыпты.

Тарихшы Мұхтар Қожаның жазған мәлі­метіне сүйенсек, «Үкаша ата атты киелі орын Түркістан қаласынан 60 шақырым жерді, Серт ауылының солтүстік жағындағы Қаратау етегінде жатыр. Аңыз бойынша Үкаша ата Мұхаммед пайғамбардың сахабасы. Оны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен.

Қаратаудағы қасиетке толы  Үкаша ата
????????????????????????????????????

Бір күні жаулары айла жасап, оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады. Яғни сол кезде намаз оқыған сәтте оның барлық буыны босайтынын біліп алады. Сөйтіп жауы Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып, Үкаша ата басы оған түсіп, жер асты өзені арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 метр белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Оны біз де көрдік. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып, су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні тағы бар.

Сонымен қатар Үкаша сахаба біздің дала­мызға ислам дінін уағыздаушы тарихи тұлға. Ол пайғамбарымыздың сенімді серіктерінің қатарында болған. Оған қоса әскери қолбасшысы ретінде белгілі. Аңыз бойынша Үкаша ата шапса қылыш, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі батыр болыпты. Шығу тегі жағынан Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Ал Кеңестік дәуірде халықтың тарихи санасында Ғакаша сахаба есімі ұмытылып, Үкаша ата, Үкаша әулие есімімен сақталып отыр.

Қаратаудағы қасиетке толы  Үкаша ата

Сондай-ақ Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың күзетшісі болған сахаба жайлы сан түрлі дерек бар. Бір күні Алланың елшісі алпыс бірге толып, оған Жебрейіл періште: «Сен Пайғамбар ретіндегі міндетіңді орындадың, енді өзіңнің туыстарыңның арасында қарапайым адам секілді өмір сүресің», – депті. Сонда Мұхаммед Пайғамбар: «О, Аллам, мен қарапайым адам секілді өмір сүре алмаймын, өзіңнің қасыңа ала гөр», – деп жалбарыныпты. Оның осы тілегін Алла қабыл етіп, бұл өмірден өтерін де Пайғамбар алыс-жақындарын жиып: «Менің ешкімде қарызым қалмады ма?» деп сұрайды. Сонда Үкаша ата бұрын өзінің арқасын осқанын, бірақ әлі өзінің есесін қайтармағанын айтады. Киімін көтеріп, арқасын тосқан Пайғамбардың жауырынынан тараған үш сәулені көрген Үкаша ата пайғамбар маңдайын тигізіп, атса оқ, шапса қылыш өтпейтін қасиетке ие болғанға ұқсайды. Сондықтан оған шалғай елдерге ислам дінін насихаттау аманатталса керек.

Тағы бір деректерде былай келтірілген, Үкаша ата көзі тірісінде «Қай жерде жан тапсырсам да, мейлі шахид болайын, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың қасында  жерленсем арманым жоқ» деп дұға тілеген екен. Пайғамбардың ізін қуған Үкаша атаның бұл тілегі қабыл болса керек, басы шабылған сәтте кенеттен ауа райы бұзылып, найзағай жерге түсіп кетеді де үлкен тасты жарып жібереді. Содан құдық пайда болады. Үкаша атаның басы сол құдықтың ішіне түсіп кетеді. Дін дұшпандары екі сарбазын құдыққа түсіріп, басын алып шығуды тапсырғанымен, одан нәтиже шықпапты.

Қаратаудағы қасиетке толы  Үкаша ата

ҚҰДЫҚТАН СУ ШЫҚСА, БІР ҚУАНЫП…

Біз барған кезде кесенеге келушілер қарасы өте көп екен. Бәрі кезекке тұрып, ата әруағына құран бағыштауда. Ал құран оқытып болғандар құдыққа қарай бет алуда. Мұнда да кезек алып, өзіңізді сынап, қасиетті құдықтан қанша су шығатынын көре аласыз. Сынап дегеніміз, су бәріне бірдей шыға бермейді. Кей адамға мүлдем шықпай қалады. Оны өзіміз де көре алдық. Су алуға арамызда бір апа болды. Құдық басындағы имам үш рет мүмкіндік берді. Бірақ өкінішке орай үш рет тастаған шелек бос шықты.

Осындайды көзбен көрген кезде өзім де уайымдап қалғаным рас. «Ниетім таза секілді. Ешкімге арамдығым жоқ. Алайда су шықпай қалса, ол ненің белгісі?» деген ойлар да кеткені рас. Сонымен кезек өзіме келді. Бісмілләмді айтып, шелекті тастап жібердім. Сәл күтіп, ақырындап тарта бастадым. Бір кезде шелек бір жерге тірелген сияқты. Тартылуы қиындау болды. Жанымдағы имам кісі, «қарындасым, тарта бер. Саған су шықты» деген кезде төбем көкке жеткендей қуанып, Аллаға шүкірімді айта бастадым. Иә, кәдімгідей қобалжу болады екен.

Құдықтың тереңдігі 28 метрді құрайды екен. Құдық тік емес, спираль тәрізді. Құдықтан су алу үшін шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның жолы болғыш, бақытты адам деп саналады. Осы құдықтың басына барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Сондай-ақ ел арасында жаугершілік заман мен бертін келе соғыстан кейінгі жылдары да жараланған адамдар осы құдықтың суына шомылып, айығып кеткені туралы айтылады.

Тағы бір ерекшелігі, құдық ішіне түскен адамдар да бар. Олар арасында түсіп, ішіндегі үзіліп жиналып қалған шелектерді алып, ішін тазартып шығады. Сондағы байқағандары 15 метрдей төмен түскенде биіктігі 12, диаметрі 15 метрдей үңгірге тап болады. Мұнда одан басқа тағы 2 үңгір бар екен. Сипаты қазақтың киіз үйіне өте ұқсас үңгірдің құп-құрғақ екенін көрген олар шетіндегі ағып жат­­қан бұлақтың бетін­дегі шелектер­ді алып шыққан. Сосын көзбен көргендер су­дың құбылаға қа­рай ағатынын, құ­дықтың бір жақ қа­бырғасында 10 метр­ге дейін аппақ гүлдер қаулап өскенін айтады.

Бірде мынадай жағдай кездесіпті. Құдықты тазалауға түскен екі адам сегіз сағаттай жүрген. Бір кезде жоғарыдан «шетке тұрыңдар» деп айқайлаған дауыс естіледі. Сөйтсе, Ресейден осы құдыққа арнайы ниеттеніп келген бір кісі шелек тастамасам болмайды деп тұрып алыпты. Тастады. Содан құдық астындағы жігіт, «су қалай құйылады екен. Көрейінші» деп қолындағы шамын қосып қалған кезде онысы атылып кетеді. Яғни Алланың құдіретімен түсірілмей тұр. Негізі шелекті тастаған кезде ол суға емес, құмға кеп тіреледі. Өйткені құдық асты құрғақ. Ал су шелек тасталған кезде өз-өзінен құйылады. Алайда қалай құйылатыны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отырған сыңайлы.

2015 жылы Елордадағы Еуразия универси­тетінің зерттеушілері құдық басында төрт күн жатып, зерттеу жұмысын жүргізіпті. Нәтижесінде олар құдық суының құрамы Меккенің зәмзәм суымен 90 процент сәйкес келеді деген қорытынды жасаған.

– Расымен, бұл судың дәмі өзгелерден ерекше. Емдік қасиеті тағы бар. Ниет етіп келген адамдар деніне саулық, шипасына ем сұрап көп келеді. Дертінен айыққан жандардың да талай әңгімесін естідік. Құрамы зәмзәм суынан кем емес», – деді құдық басындағы шырақшы. Сонымен бірге бұл су тек дертке дауа емес, шын ниетпен келген адамның да тілегі қабыл болады дегенді де естідік.

Ал су шықпай қалған адамдар арасында ашу­ланып кететіндері де кездескен. Құдық басында айқайлап, шу шығарып, шелекті лақ­тырып кеткендер де болыпты. Себебі бұл жаққа адам Қазақстанның барлық облысынан келетінін көрдік. Оған қоса өзге ұлт өкілдері де жиі келеді екен. Алыс-жақын шетелдерден де ат басын бұрушылар бар.

Құдық басында ерекше жағдай болып тұрады. Соның бірі, Алматыдан бір ер кісі әйелімен, екі қызы және ұлымен келіпті. Құдық ішіне шелек тастады. Жіппен тартып шығарарда ауыр боп кетті. Жабылып жүріп шығарған. Енді қараңыз, төрт шелекке толы су шығып тұр. Алдында майысып, құдық ішінде қалып қойған шелектер бір-біріне ілініп шығыпты. Сонда бір рет шелек тастап, 40 литр су шығарған. Бұл да – Алланың құдыреттілігі.

Киелі мекенге жақын маңдағы ауылдың қариялары тұрақты түрде айына бір рет келіп тұрады. Емшілер мен туристік агенттіктегілер де тұрақты зиярат етушілер қатарында. Олардың қатарында ресейлік бір келіншек те бар. Шырақшының сөзінше, ол бірнеше жыл бала сүйе алмаған. Осы құдық басына келіп, су ішіп, кейін түс көріпті. Түсінде белгісіз ер кісі гүл сыйлаған екен. Содан әйелдің аяғы ауыр болып, қызын дүниеге әкелген. Осы жағдайдан соң ол құдық басына тағы да бірнеше рет келіп жүріп, қызынан соң ұлды болыпты. Осындай таңғажайып әңгімелер көп.

Мұнда әр адам әртүрлі  себеппен келеді. Біреуі бала сұрап, енді бірі деніне саулық, келесісі баласының, отбасының амандығын тілейді. Тағы бірі қызметінің алға басуын Алладан сұрайды. Ал Алла шын ниетпен дұға еткеннің тілегін қабыл етеді. Лайым, осы кесенеге келген әр пенденің игі ниетті тілегі орындалсын дейміз.

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАСТАР БАР

Үкаша ата кесенесіне жақын орналасқан жерде әртүрлі пішіндес тастар бар. Алла деген жазуы бар тасты да көре аласыз. Бірақ мұны кейбірі білсе, енді бірі біле бермейді. Өйткені бұл жаққа келгендердің көбі кесенеге құран оқытып, одан құдыққа барып су алумен ғана шектеледі. Ал тастағы емдік қасиеттер өз алдына бөлек тақырып.

Сондай-ақ мұнда тақ деп аталатын тас бар. Бұл тас кезінде Үкаша атаның тағы саналған деседі. Осы тақ сияқты тастың үстінде отырып тілеген тілекті Тәңір береді екен. Оған қоса үлкен табан тәріздес тасты көзіміз шалды. Ол – Үкаша ата­ның табанының таңбасы. Сол табанға сіз де табаныңызды қойып, содан кейін тастың үстінде тізерлеп жүру керек. Бұл тізе буындарына бірден-бір ем деседі.

Осында келушілер екі тастың арасымен өтуі шарт. Осы жолы да өзімді тағы сынауыма тура келді. Өте тар тастың арасынан өту оңай болмады. Бірақ өткеннен кейінгі әсерді сезіну ерекше екен. Өзіңізді жеңіл сезінесіз. Ондағы қасиет тастан өткен адамның бойы тазарып шығады екен. Расында да, дәл солай.

Екінші тас – шаңырақ тасы. Бұдан өткен адамның босағасы берік болады. Әрине, өту жеңіл болмады. Әйткенмен шыдамдылық таны­тып өткен адамды Алла да қолдап жібереді. Кәдім­гідей тастың арасынан өткен кезде Алла­ның бір көмегі сезіледі. Міне, кереметтілігі осында.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: