Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жөлекте болған екен хан базары

02.03.2021

1421 0

Шиелі ауданының орталығынан солтүстік батысқа қарай 34 шақырым қашықтықта Жөлек атты ауыл бар.  Бұл  ауылды сөз еткенде алдымен осы өлкеде кезінде үлкен бекініс болғанын атап өту қажет. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бекіністе Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен базардың бірі орналасқан екен.

«Өткенін білмегеннің болаша­ғы бұлыңғыр» деп жатады үл­кендер. Халық даналығының осы сөзі тамырын тереңге жайған тарихыңды танып білгенде ғана болашақтың да жарқын болатынын ұғындырып тұрғандай әсер қал­дырады. Адам баласы кемел келешекке жету үшін өткенін саралап, бүгінін бағалап отыруы қажет. Жөлек атауына қатысты М.Қаратаевтың редакторлығымен 1974 жылы басылған Қазақ Совет энциклопедиясының 4-томында: «Жө­лек – Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы село. Аудан орта­лығы Шиелі қыстағы поселкесінің батысында 32 км, Сырдарияның оң жағасында, Бәйгеқұм темір жол станциясынан 4 км. Халқы 1,4 мың (1970). Жөлек – Сырдария бойындағы ежелгі қыпшақ ауылы. Дарияны шектей жол өткендіктен алғаш «Жолиек», кейін «Джолиек», «Джулиек», аталып, ақыры «Жөлек» болды» деп түсінік берілген.

Қазір Шиелі мен Жаңақорған аудандарының шекарасында тұрған өткен тарихтан сыр шертетін Сығанақ қаласы бір кездері Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және саяси орталығы болды. Дәл осы Сығанақ шаһары арқылы Жібек жолының керуеншілері келіп, Түркістанға, Отырарға, Сайрамға тауарлар жеткізіп, сауда-саттықпен айналысқан. Сонымен қатар Сыр­дария мен Қаратау аңғарындағы Созақ, Құмкент, Жаңакент секілді қалалар мен қыстақтардың да бір жерге шоғырланатын қолайлы орталықтары болған. Сол маңдағы ең үлкен «Хан базары» Жөлекте орналасқаннан кейін бұл аймақты да керуеншілер мен сол кездегі халық арнайы орталық ретінде пайдаланған. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ауыл ақсақалы Әділхан қажы Жөлек базарында кәсіп еткен өзінің бабалары жайлы: «Үлкен атам – әкемнің әкесі Досан ірі саудагер болған кісі екен. Сайлы жігіттеріне жермен айдатып алып барған ірі қараларын, жылқыларын елден жинаған мол өнімдері: қой жүндері, тері-терсектерін тай-тайлап түйеге артып, кірелетіп Ресей елінің Самара қаласындағы үлкен базарда сауда-саттық жасап, ол жақтан азық-түлік, қант-шәй, кездеме мата түрлеріне айырбастайтын болған. Ол кезде «Жөлек» жәрмеңкесі тек сауда-саттықпен айналысып шектелмеген. Онда үлкен ұлттық ойын-сауықтар да өткізілген. Алтыбақан, аударыспақ, балуан күрес т.б. Бұл мереке бірнеше күнге созылатын болған. Атамыздың осы «Жөлек базарында» екі лавкасы (дүкені) болған. Оның біреуінде азық-түлік, қант-шәй сатылса, екіншісінде кездеме мата тауарлары сатылған. Ел ішінде атамызды «Қазынашай Досан» – деп атап кеткен екен» деп әңгімелейді.

Жөлек арқылы сонау Бұхараға дейін алып баратын хан жолы өткен. Ханның жолы болғаннан соң керуеншілерге де, басқалай сауда-саттықпен де айналысу үшін ең тиімді әрі қауіпсіз жолдың санатына жатқан. Сол себепті жолдың жағасында ар­найы кер­уен сарайы болған деседі. Бұл туралы зерттеуші Т.Картаева «ХІХ ғасырдағы Сыр өңіріндегі керуен жолдары: қалыптасуы мен бағыттары» атты еңбегінде:  «Перовск портымен керуен жолы екі бағытқа бөленеді, соның бірі 1000 шақырымға созы­латын ұзақ жол Сырдарияның оң жақ бетімен жүріп отырып, Жөлек бекінісі, Түркістан қаласы арқылы өтіп екі тармаққа бөлінеді. Бір жол оңтүстік-шығысқа қарай Қоқанға, бір жол оңтүстік-батысқа қарай Ходжент, Ұратөбе, Самарқант, Зерафшан, арқылы Бұқараға апарған» – деген  мәлімет  келтірген.

Мұнда үш жүздің басын қосып, бар қазақтың арманын бір арнаға тоғыстырған, елдің ертеңі үшін жұмылдырып, жаумен күресу үшін біріктіре білген Абылайханның әскері жиылған. Патшалы Ресейге қарсы күрес жүргізген, Кенесарыханның да әскері келген деген дерек бар. Осыған қарап-ақ Жөлектің тарихы тым тереңде жатқанын түсінуге болады. Тіпті Жөлек Сырдария өзенінің бойын мекен еткен қыпшақтардың ата қонысы болып саналады. Жөлек маңында орын тепкен жеті әулие мәңгілік байыз тапқан Оқшы ата қорымындағы Асан ата, Оқшы ата, Қыш ата, Ғайып ата, Кітап ата сынды  көне мазарлар сөзіміздің дәлелі бола алады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: