Жұма, 11 қазан, 08:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Келінімнен сабақ алып жүрмін

16.02.2021

12794 0

Өзім солтүстік өңірінің қызымын. Алматыдағы жоғары оқу орнында бірге оқыған оңтүстіктің жігітіне тұрмысқа шығатынымды айтқанымда, шешем түбегейлі қарсы болды. «Олар қазақылықтың лайына батырып, мәдениетті күңге айналдырады» деп шошытты. Сол сөздердің санама әсері сонша, шаңырақ көтерген күннен бастап билікті қолыма алдым. «Шын сүйсең Алматыда қаламыз» деген алғашқы шартым еш қарсылықсыз орындалып, одан кейінгі жылдары қазақтың салт-дәстүрінің бірін де мойындамадым.

Қайын жұртқа ас-тойларда ғана барып, көп бөгелмейтінбіз. Ата-енем пәлен деп ештеңе айтпады. Не керек, қазақпыз дегеніміз болмаса, еуропаша өмір сүріп жаттық. Қыз өсті, ұл ер жетті. Балам оңтүстік жақтың қызын аламын дегенде қарсы бола қоймадым. Жас келген сайын ұл мен қыздың болашағын ойлап, іштей балаларыма инабатты, оқыған, жарын құрметтейтін, жағдайын жасайтын, қартайған шағымызда бізге мейірімділік көрсететін келін мен күйеу баланың болғанын қаладым. Өзге өңірде де жақсы жастар бар ғой, дегенмен, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстікте иманды жастар көбірек болатындығын іштей мойындайтынмын.

Күйеу балам түркістандық, келінім Қызылордадан болды. Қызымды қанша үгіттесем де күйеуі Түркістанына әкетті. Көндім. Шүкір, жаман емес. Ал келінім Аяукамның (Аяулым) ақылдылығы мен көргенді, тәрбиелілігіне іштей Аллама мың мәрте шүкірлік етемін. Қайын жұртыма салихалы келін болмадым, болуға талпынбадым. Сонда да құдіреті күшті Тәңірім мендей ойсыздау пендесіне мейірім төккеніне,  кеш те болса қателігімді түсінуіме мүмкіндік бергеніне тәубе етемін.

Әлқисса…

Келінім түскен күннен орамал тартып, сәлем салды.

– Сәлем салмай-ақ қой,– дегенімде,

– Мама, батаңыз бен ақ тілегіңізді аяйсыз ба? – деп жымиды. Сосын өрескелдеу, тік айт­қанына қымсы­нып: – Бата алатын ата-енем бар, мен бақытты келінмін, – деді.

Жүрегім жылып сала берді.

Рас, ерге шыққаныммен келін болу бақытын сезінген емеспін.

Иә, келін болу – бақыт. Келін болу жар құшып, бала сүю ғана емес. Бұл – сол әулеттің шаңырағына уық болып қадала білу бақыты. Әттеген-ай, сол бақытты түсінбегеніме қынжыламын.

Олай дейтінім, келін яғни «екінші сұрыптағы адам» болғым келмеді. Сол пейілімді түсінген қайын жұртым да маған келін деп қарамады. Бөтен болдым. Үлкенге сәлем салып, қызмет қылып, бата алып көрмедім. Аяукамның әлгі сөзі маған осыны түсіндірді. Бұл – менің келіннен алған алғашқы сабағым.

***

Жаңа түскен келінге бірден үйрене қою қиын екен. Үйіңде бөтен бір кісі жүргендей. Оның әр ісіне, аяқ алысына, қимыл-әрекетіне, сөзіне сынмен қарап, сырттай көп бақыладым. Байқағаным, ұлымның да, атасының да бас киімдерін кіре берістегі киім ілгіштен алып, төргі бөлмеге қояды. Бірнеше рет қайталанды. Себебін сұрадым.

– Асхат отауымның, атам әулетіміздің бас иесі ғой. Әжем үнемі атам мен әкемнің бас киімін жоғары қойып жатып, «еркек – пірің, бас киімін жоғары қой, мерейі үстем болады. Күйеуінің мерейі үстем болуы – ол әйелдің бақыты» дейтін, – деді.

Ішім жылып қалды. Бұл екінші сабақ болды.

Мойындаймын, «әйел мен еркек тең» деген қағидамен еріме ешқашан «пір, бас ие» деп қарамаппын. Ол да оны талап еткен емес, өз көйлек-шалбарын өзі тазалап, өтектеп, тамағын жылытып ішіп кете беретін. Бұл – біздің тұрмысымыздағы қалыпты жағдай. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Өзімнің еркектің қисық қабырғасынан жаратылғанымды және жарымның алдында зайыптылық міндет-парызымның болатынын білмей келіппін. Мұны келінімнің іс-әрекетінен ұғындым.

Тағы бірде кешкісін кіре берістегі балшық аяқ киімдерді тазартып тұрған келінге қызым:

– Әркімнің өз қолы бар ғой. Келін болдым деп тым асыра сілтеп жібер­медің бе? – деді әзілдеп болса да ойындағысын айтып.

– Сенің де етігіңді сүртіп қойдым.

– Көріп тұрмын, рақмет!

– Саған жағымды болды ғой.

– Әрине, бірақ сен бұл үйдің күңі емессің ғой.

– Өз етігімді сүртіп тұрып, қалғандарын ысырып қоя алмадым. Бір етікті сүрткен не, екеуді сүрткен не, қиындығы жоқ. Екіншіден, балшығымен тұра берсе, су теріге сіңіп, аяқтарын былжыратады. Тазаласам, тәңертеңге дейін кеуіп, құп-құрғақ болады. Вот так! Үшіншіден, үшіншіден, Асхатымның үнемі тап- таза, ұқыпты болып жүргенін қалаймын, – деді. Мұндайға қалай елжіремессің. Дегенмен бұдан алған сабағым да аз болған жоқ.

Мен әркез  «жарым маған көңіл бөлуге тиісті» дейтінмін. Өзімді бірінші орынға қоятынмын. «Мен оған не істедім?» емес, «ол маған не істеді?» дейтінмін. Жар болу бұл тек алу ғана емес сыңарыңа құрмет пен сыйластықты бере де білу керек екендігін ойламаппын. Келінімнің іс-әрекетінен соны түсіндім, сабақ алдым.

Аймаханның Сақыпжаны

(Материал әлеуметтік желіден алынып, қысқартылып берілді)

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: