Бейсенбі, 25 сәуiр, 11:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Талайды тамсандырған жырау едім»…

20.12.2022

2277 0

Алты алаштың анасы атан­ған Сыр бойы талай өнер тарландарының түлеген тұғыры. Сыр сүлейлері шоғырының көрнекті өкілі – Тұрымбет Салқынбайұлы.

Тұрымбет жыраудың басқа заман­дастарынан өзіндік ерек­шелігі сөз құ­нарын жаңа заманғы үрдістермен байытудағы қыз­метінен анық бай­қалады. Ақынның шығармаларында діни түсініктер мен ескі ұғым­дардан ада таза да терең қазақы дүниетанымдық өлшемдер кеңі­нен қолданылған. Әсі­ресе оның өлеңдерінен сол кезеңмен үн­дестікті аңғаруға болады. Демек, тұтастай толғаулары публицистикалық сарынға құрылған.

Бала жырау атанған Тұрымбет жырау Салқынбайұлы 1868 жылы Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген.

Жыраудың әкесі Салқынбай Сыр бойындағы Қарақұм өңірін жайлаған орта дәулетті кісі болған. Қарақұмда «Салқынбай құмы» деп аталатын ақ ша­ғылды, биік жалды төбе бар. Салқынбайдан Жадыра, Тұрымбет, Қолдабек, Молдабек туады. Тұрымбет жырау бала кезінен домбыра тартып, ән айтқан, сөзге жүйрік болған. Ағасы Жадыра да үлкен шайыр болған кісі. Бірақ, ол інісінің өнері басым екенін байқап: «Бір үйден екі жырау шық­қанымыз ерсі болар», – деп жолын талантты інісі Тұрымбетке беріпті. 

Тұрымбет жырау ескіше оқып, ауыл молдасынан сауа­тын ашады. Одан әрі өз бетінше ізденіп, Шығыс поэ­зиясының інжу-маржан­дары­мен сусындайды. Жас­тайынан мақ­тау, сынау, мінеуге шебер, өлеңді табанда шығарып айтуға шебер болған. Бұған оның Балқы Базар, Дүр Оңғар, Даңмұрын сынды өнер жүйріктерінің соңынан еріп, үлкен сайыстарға қатысуы елеулі септігін тигізеді. Бертін келе бала жырау терме, толғау, т.б. ұзақ жырларды айтумен қатар, Шығыстың қисса-дастандарын мақамына келтіріп орындайды.

Бала жыраудың өнерін Сыр, Ырғыз, Нұрата өңірлеріне белгілі Төребай би Пышанұлы да жоғары бағалаған. Атақты би Дүр Оңғарды бас ақын деп оң жағына, Тұрымбетті жас ақын деп сол жағына отырғызып, екеуіне де үлкен сый-құрмет жасаған. Алмат би Тобабергенұлының бірде екі араздасқан елді бітістіріп, татуластыру мақсатында ха­лыққа аса әйгілі Дүр Оңғар, Жиенбай, Тұрымбет жырау­ларды арнайы шақыртып алып, үшеуіне бірдей бір ұйқас, бір ырғақпен өлең-айтқызып, сөз салмағын сарапқа салғаны бел­гілі. Араздасқан ел үш жы­раудың сөзінен кейін ақылға келіп, бір-бірімен шұрқырасып көріседі. Сөз құдіретін, киелі өнердің қадір-қасиетін дала билері осылай бағалаған екен.

Тұрымбет жырау – кезінде тек Қар­мақшы өлкесінде емес, одан тыс Арқаның Ұлытау, Сарысу, батыстағы Ақтөбе, Ырғыз өңірлерін сондай-ақ Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркменстан­дағы қа­зақ ағайын­дарды жиі аралап жыр айт­қан. Сондай сапар­ларда Сырдың сазын өзіндік ерекше мақаммен орындап, дарынды жырау атанған. Жырау өзінің және Сыр сүлейлерінің терме саздарын кеңінен насихаттаумен бірге, Шығыстың қисса-дастандарын да жа­лықпай орындайтын шеберлігімен талайды таңдай қақтырған.

«Тұрымбет бала жастан өлең-жырға әуестеніп, оларды жиын-тойда домбыраға қосып, мәпелеп айтатын болғандықтан бала жырау атанған. Содан кейін жиырма жасында-ақ, та­банда суырып салып айтатын сандуғаш дарынды жыраудың бірі болған», – дейді белгілі әдебиет жанашыры, шежіреші қарт Әлқуат Қайнарбаев. 

Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі, халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов «Сымбатты Сырдың сұлу сүлейлері» тол­ғауында:

«Кетеде Шораяқтың Омары өтті,

Өлгенше өлең-жырды жоғары етті.

Даңмұрын, Ешнияз бен Оңғар жырау,

Тұрымбет бес Бозғылдан бұлар да өтті», – деп оны топжарған дүлділдердің алдың­ғы қатарында атайды.

Ал белгілі жыршы-жырау, Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілі Балқашбай Жүсіпов өзінің ұстаздарына арнаған термесінде:

«Тұрымбет – ән атасы Кіші жүздің,

Тоғытқан әннің кесте көп өрнегін», – деп жырлайды.

Жырау шығармашылығы өз кезінде­гі уақыт пен заманның тыныс-тіршілігі­мен үндес. Оның көптеген өлең, толғаула­ры қазақ поэзиясындағы бұрын­ғы өткен ақындар мен жыраулар поэзиясына тән көркемдік тәсіл­дер мен айшықты нақыштарға толы.

Қос дәуірдің жыршысы Тұрымбет жыраудың «Бай құдасына», «Аманбай байға айтқаны», «Бір ісім болыс, билер, келді ортаңа», т.б. өлең-жырлары қазан төңкерісіне дейінгі, яғни патшалық дәуірдегі байлардың озбыр іс-әрекет­терін батыл әрі ашық әшкере еткен шығармалар болса, «Озбырлық заңы өзгеріп», «Топтастық кедей бірленіп», «Өмір нұры», т.б. көптеген толғауы Қазан төңкерісі әкелген өзгерістер мен жаңа заман тақырыбына арналған.

Қай дәуірде өмір сүрмесін, ақын-жыраулар ол өз дәуіріндегі қарапайым халықтың мұңын жырлап, жоғын жоқ­тайды. Тұрымбет жырау өзі өмір сүрген дәуірдегі халықтың басына түскен ауыртпашылықтарды отты жырлары арқылы батыл сынайды. Бұған оның «Айттым сөз серлетпекке соңғы ұлық­қа», «Қоштайсың бір-біріңді қулар кілең», «Белсенді келінге», т.б. өлең-жыр­лары дәлел болады.

Ол бір шығармасында ту­ған жерге деген сағынышын былайша өлеңмен өрнектейді:

«Қармақшының қаласы,

Жағалай біткен ағашы,

Сырдарияның саласы,

Орман дария аман ба?!-

Бізден сәлем айтыңдар,

Қалмасын қағыс солар да!», – деп Cырдағы ел-жұртын ғана емес, оның ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жәндігіне дейін сағынып, аңсап жүргенін жү­рекке жылы жеткізе біледі.

Жыраулық өнердің хас шебері Тұрымбет Салқынбай­ұлы Жеңіс сал­танатына ар­налып Қызылордада өткен үлкен жиынды ашу құрметіне ие болады. Ұстазының осы жиынға арнаған «Шат көңіл­ден» атты толғауын сонда шәкірті Молдахмет Дабылұлы орындайды.

«Мен келген Қармақшыдан қартың едім,

Қарыштап талай жерді шалқып едім.

Ізінде өлең-жырдың жүрген кезде,

Біреуден кем, біреуден артық едім», –

деп басталатын осы термесі үшін жырауға алты қанат ақбоз үй сыйға тартылыпты.

Бүгінде Қармақшы ауда­нында Тұрымбет жырау Салқынбаев атын­дағы музыка мектебі жұмыс істейді. Онда көптеген шәкірттер түрлі жанр­лар бойынша білім алуда. Осы білім ордасында жыраудың ұрпағы Жарқынбек Тұрымбетов терме, толғау айтып, ата жолын лайықты жалғастырып жүр. Бұл атадан балаға мирас болған өнер құндылығының дәріпті жалғасы еді.

Жырау есімі халық жүрегінде мәңгі жасай бермек. Шайырдың «Талайды таңырқатқан жырау едім» кітабы жарық көрді.

Ол көз жұмар алдында Бозар­қаштағы өз үйінің шаңы­рағына қарап жатып, іні-қа­рындастарына, туыстарына: «Қа­рақтарым-ау, мына үйдің ішінде өлең өріп жүр ғой, теріп алсаңдаршы», – деп соңғы аманатын айтып үлгеріпті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: