Сәрсенбі, 27 қараша, 10:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық тарихи сананы орнықтырудың кейбір қағидаттары: жат ағымдармен жаңаша күрес

18.11.2020

3387 0

Қазіргі әлемдегі болып отырған діни-саяси ахуал тұрақты емес екенін, оған түрлі саяси-экономикалық астыртын күштердің жағымсыз әсер етіп отырғаны жалпы халыққа белгілі жағдай. Таяу шығыс елдерінде орын алған діни экстремистік топтардың елдер ішінде ылаң салып, бүлік шығарғаны, одан қаншама жазықсыз азаматтардың жапа шеккені ақиқат жағдай. Өкінішімізге орай кейбір теріс идеялардың жастардың санасына сынамалап еніп отырғаны әлі де жағдайды ушықтырмаса жақсартпайтыны анық. Елімізде жүздеген, мыңдаған  азаматтарымыздың  әлі де болса  жалған ағымдардың жетегінде жүргені белгілі жағдай.

Бүгінгі ел арасында радикалды іс-әрекеттерге итермелеп отырған псевдосалафилердің (уахабилердің) теолог мамандардың пікірінше «идеялық тартымдылығы» тоқтар емес. Мұның соңы діни дүрдараздықтың тоқтамайтындығын білдіреді. Дегенмен діни экстремизмге қарсы күрес мекемелері жыл сайын күрес тәсілдерін жақсартып, заман ағымына орай өзгерткенімен, теріс идеядағы азаматтардың саналарына интернет құралдарының ықпалы азаймай отыр. Оңалту және түсіндірмелі жұмыстардың жұмысы жанданғанымен, нәтиженің отаншылдық және ұлттық мүддеге пайдалығында болып отыр. Елдегі діни экстремизммен күресте  шет елдік теріс ағым жолындағы ұстаздың діни түсінігіне, өзге шет елдегі басқа бір ұстаздың түсінігімен жауап беру орын алған. Бұл түптеп келгенде ұлттық мүддені түгендемейді. Бұл радикалды ағымдармен күрестегі мамандардың да рухани жаңғыруы қажеттігін туындатады. Ол үшін өзіміздің төл ұлттық жобамыз тарихи санамен ғана қарсы тұрып, жоғымызды түгендей алмақпыз. Псевдосалафизмге қарсы идеялық тартымдылықтың орнын тарихи сана ғана алмастыра алатынына сенімім мол. Өйткені генеологиялық жады ұрпақтың санасында болады және әрқашан жаңғыруды күтіп, бұғып жатады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғыру бағдарламасының айтпағы да осы деп ұғам.

Халықтың ұлттық болмысы мен ғылымға деген махаббатын азаматтарымыздың рухын ислам арқылы да тәрбиелеуге болады. Сонда оның ұлттық ойлауы имани деңгейге, ал ғылымға құштарлығы екідүниелік ойлау болмысына  айналады. Алайда мұның бәрі дінді дұрыс тәпсірлеуге байланысты деп ұғам. Сондықтан, мәселе исламда емес, оны халыққа дұрыс түсіндіруде болып тұр. Шын мәнінде исламда  ұлттық рухты имани деңгейге көтеретін де, адамның рухын ғылымға баулып, итермелейтінде орасан зор күш бар. Тәпсіршінің өзінің санасы төмен, білімі таяз, көкірек көзі ашылмаған болса, онда оның ойынан діни араздықты қоздыратын, радикалды, санасыз мағыналар  шығады.

Біз әлі де исламның сыртқы қалыптан гөрі ішкі мәнге түскенін түсінбей келеміз. Шәкәрімше айтқанда: «сырт тазасы не керек, тазарт әуел ішіңді». Қазақтың жаңғыруының түпнегізінің бірі осында жатыр. Яғни,  ішкі рухани күш пен ішкі мән. Исламды түсіндіргенде ішкі қалыпқа (ішкі жандүниеге) басымырақ мән беру керек. Қазіргі жағдайда сыртқы қалыпты көбірек насихаттау діндар азаматтардың сырт көз үшін ғана діннің қағидаларын ұстап, ішкі тазалыққа мән бермеуіне алып келуде.

Құранда «мен құдыретімді адамдар арқылы» көрсетемін деген аят бар. Мұның мәні рухты таза ұстап, ғылым арқылы құдайдың құдыретінің көрінісіне куә бола аласың  деген мағына. Тарихта ислам әлемі неге ғылымның биік шыңына шығып (сол кездің дәуірінде), классикалық ислам деген атпен танылды. «Құдай жоқтан бар жасаса, біз бардан бар жасау керекпіз» деген қазақтың аталы сөзі неге қазір басты мағына бола алмайды.  Өкінішімізге орай, қазіргі айтыс- тартыспен псевдосалафизмді түбегейлі жеңеміз деу бекершілік екенін жағдай ұқтырды. Кез келген қауіпті идеологияға қарсы қуатты идеологияны қарсы қойғанда ғана  ойылған олқылықтың орнын толтыра аламыз. Ол идеологияның аты жоғарыда сипаттағанымыздай – «тарихи сана». Айтып өткеніміздей, жасұрпақтың санасында ата бабаларынан сіңген ұлттық жады бар. Біз соны қозғай білуіміз қажет. Бүгінгі ел арасын ылаңдай бүлдірген жат идеологиялардың негізі сырттан таңылғандықтан, оған қарсы күш ұлттық болмыс екенін ұғамыз. Мәуләнә Румидың: «Сыртыңа қарағанда ішіңді тазарт. Сыртың-халықтың, ал ішің – Хақтың назарында тұр» деген сөзін діндарлар мен діншілдерге түсіндіру жұмысымызда ту етіп алуымыз қажет деп санаймын. Теріс ағым жолындағы азаматтарға тарихи сананы алға тарта отырып, данышпан Абай айтқан «жүрек ілімін» дұрыс қолдана білуіміз қажет. Батыс философтарының айтуы бойынша батыс пен шығыс өркениеттер қақтығысын жүрек ілімі (бір құдыреттің бар екеніне бас ұра отырып, адам баласын сүюге бағытталған ұстаным) ғана жұмсарта алады екен.

Адасудың негізі танымның дұрыс болмағанынан туындамақ. Ислам философы имам Ғазали былай дейді: «Пенде нені таныса, соны сүйеді. Нені сүйсе, соның соңында болады». Бұл адам неге сенсе, сол оның әлемі болады дегенді ұқтырады. Тарихи сананың маңыздылығы да осында.

Исламда ұлтжандылықтың  жағымсыз дүние емес екенін, керісінше адам исламды таныған сайын ұлтын сүйе бастайтыны анық. Егер исламда ұлтшылдық болмағанда Мұхаммед пайғамбар Арапты үш сыйпатта құрметтеңдер демес еді. Демек ислам алдымен өз ұлтыңды құрметтеп сүюдің, ал өзге ұлттарды құрметтеуге жол ашатынын меңзейді. Біз осыны дұрыс түсіндіріп, дұрыс мағынада көрсете білсек, псевдосалафилік түсініктегі азаматтардың идеялық тартымдылық кеңістігін алмастыра алар едік.

Радикалдармен күресте қазақ елінің Еуразия кеңістігіндегі алып империяның мұрагері екенін санаға сіңіріп отыру маңызды. Осының арқасында ұлттық құндылықтарға деген мақтаныш сезімі артып, басқа жұртқа еліктемейтін болады. Псевдосалафилердің санасында ислам діні мен ұлттық бастаулар арасында идеялық қақтығыс көп. Ақпарттық саламызда антиэкстремистік идеологияның тек діни процесс пен құрылымдар арасында қалып қоймағаны абзал деп санаймын. Кейбір мұсылман елдерінде (Малайзия, Түркия) ислам мен ұлттық патриотизм сезімін ұштастыра біледі. Ал бізде керісінше ислам діні мен ұлттық бастауларымыздың арасында қақтығыс жиі туындап отырады. Жоғарыда сипаттағанымыздай, адамның санасында тарихи жадыны, сананы қайтадан жаңғырту. Бұл жады атадан балаға беріліп, адам санасында сақталып тұрады. Псевдосалафизм мен дәстүрлі діннің тарихы тым тереңде, оларды ұстанған адамның бір пікірге келуі неғайбыл деген қоғамда түсініктер берік орын алған. Бұл қате пікір. Мысалы бүгінгі салафит қазақтың ата-бабасынан бері салафит емес екені түсінікті. Демек саналық жадысында теріс түсінік берік орнамаған, ол ақпарат уақытша ғана ақпарат. Арғы жағындағы генеологиялық жадысын жаңғыртсақ ғана, бергі жағындағы теріс ақпарат жуылып, шайылып кетпек.

Жарас Ахан,

Тарихшы-дінтанушы

ҚР Дін саласындағы республикалық

ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: