Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 12:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

2023 жылы елде қандай саяси өзгерістер болады?

02.01.2023

1572 0

2022 жыл елеулі оқиғаларға толы болды және жаңа Қазақстанның жаңа тарихында ерекші орын алары сөзсіз. Келесі жылы да елімізде саяси маңызды өзгерістердің болатыны анық. Өйткені президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазақстандықтар үшін келер жылдың оңай болмайтынын айтқан. Ендеше 2023 жылы елімізде қандай саяси өзгерістер болуы мүмкін. Stan.kz тілшісі сарапшылардан сұрап білді.

“Билік транзиті ақыры аяқталды”

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев 2022 жылы қаңтар айында болған жаппай халық наразылығына сүйеніп, елде билік транзитінің ақыры аяқталғанын айтады. Ол 2022 жылдың қаңтарында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында 3 маңызды құралды алып қалғанын еске алады. Оның біріншісі, Назарбаев “Нұр Отан” [қазіргі Amanat] партиясының басшысы болып қала берді. Бұл саясаттанушының пікірінше, билік басында қандай да бір келеңсіздік бола қалған жағдайда оған қажетті шешімдерді қабылдауға мүмкіндік берген. Екіншісі, экс-президент қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалды. Ал бұл Назарбаевқа елдегі барлық қауіпсіздік күштерін бір қолда ұстауға жағдай жасады. Және үшіншісі, Конституцияда бекітілген Тұңғыш президент туралы заң. Бұған сәйкес Назарбаев кез келген уақытта шенеуніктерге, саяси элитаға және халыққа сөзін өткізе алды.

“Маңғыстауда басталған халық наразылығы лезде бүкіл Қазақстанда жалғасты. Тоқаев билікті қолында қалдыру үшін Путинге қоңырау шалып, ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ал Путин рұқсат етілмеген митингтерді ұнатпайтынын аңғартып келгендіктен ол бірден келісті. Тоқаев осы сәтте принципті шешім қабылдап, қауіпсіздік кеңесінің билігін өз қолына алады. Назарбаев қаңтардан кейінгі сөзінде бұл шешімнің келісіммен жүзеге асқанын тіпті өзінің ыңғай білдіруімен болғанын айтады. Бірақ қайткен кезде де одан билікті тартып алар еді. Осы сәтте Тоқаев барша халыққа қайырылып, өзінің елден ешқайда кетпейтінін және басбұзарлармен күресетінін айтады. Дәл осы сәтті билік транзитінің толық аяқталуымен байланыстыруға болады. Ал одан кейінгі оқиғалар: елбасымен байланысты шенеуніктердің биліктен кетуі, қамауға алынуы мұның барлығы транзиттің салдары”, – дейді Әбішев.

Саясаттанушы президенттің құқықтарына байланысты Конституцияға біраз өзгерістер енгенімен Тоқаевтың билігінің әлсіремегеніне назар аударады.

“Президент өзінің билік ететін кезеңінде ешбір партияның қатарында болмауы қажет. Ал оның жақын туыстары саяси орындарда және ұлттық компанияларда басшылық қызмет атқара алмайды. Алайда президенттің билігі әлсіреген жоқ. Мемлекет басшысы әлі күнге дейін Жоғары бас қолбасшы. Бұл оған ішкі және сыртқы саясатты бақылайтын, өз қалауымен ішкі және сыртқы істер министрін тағайындай алатын, кез келген шенеунікті жұмыстан шығаруға және үкіметті әрі парламентті тарату құқығын береді”, – дейді ол.

Ғазиз Әбішев партиялық сайлауға талап жеңілдегенін айтып, бұл оппазициялық партиялардың билікке келуіне жол ашатынын жеткізді.

“Бұдан былай саяси партияны тіркеу үшін 20 мың емес 5 мың адам жеткілікті. Бастамашы топтың мөлшері 1000 адамнан 700 адамға кеміді. Жергілікті мәслихаттар толығымен мажоритарлық жүйеге ауысты. Ал облыстық мәслихаттар елуде елу. Мәжіліс парламентінің депутаттарының 30% мажоритарлық жүйемен сайланса, қалғаны партиялық тізіммен сайланады. Басқаша айтар болсақ, келесі жылы бүкіл елде 29 депутат ел арасынан сайланады. Сондай-ақ сайлауға қатысу үшін бір партияның қатарында болу, қол жинау немесе тәжірибенің болуы міндетті емес. 25 жасқа толған кез келген азамат жарнаны төлеп, мәжіліс депуттатығына кандидатурасын ұсына алады. Ең бастысы сайлаушылар дауыс берсе болды. Алдағы жылы нағыз саяси арена қалыптасып, билік үшін шынайы күрес басталады деп үміттенеміз”, – дейді Әбішев.

“Бірқатар мемлекеттік органдарды қысқартатын уақыт жетті”

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев алда өтетін парламент сайлауының билік үшін өте қиын болатынын айтады.

“Сайлаудың 10 қаңтарда жарияланып, 10 наурызда өтетіні туралы ұзын құлақтан хабар жеткен. Алдағы парламент сайлауы билік үшін өте қиын болады деп ойлаймын. Әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап, баға күн санап өсіп жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында да мәселелер шаш етектен. Кейбір депутаттарымыз бір мандатты округтер бойынша сайланады. Бұл қаласа да, қаламаса да белсенді ұстанымы бар азаматтар депутаттыққа ұсынылады, ал жоғарыда айтылған мәселелер бойынша олардың аузына қақпау болу қиынға соғады деген сөз. Бір сөзбен айтқанда қаңтар айынан бастап бізді үлкен саяси істер күтіп тұр”, – дейді Бейсебаев.

Саясаттанушы Өзбекстан әкімшілік реформа жүргізуді көздеп отырғанын, оның нәтижесінде министрліктер мен ведомстволардың саны екі есеге, ал мемлекеттік қызметкерлердің саны үштен біріне жуық қысқартылатынын тілге тиек етті. Ол бізге де әкімшілік реформа жүргізіп, функцияларын басқаларға бере отырып, бірқатар мемлекеттік органдарды қысқартатын кез келді, дейді.

“Мәселен, ақпарат және қоғамдық даму министрлігін таратып, функцияларының бір бөлігін мәдениет және спорт министрлігіне беруге болады. Білім министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігін қайтадан біріктіруге болады. Экономикалық блокқа тиесілі министрліктерді реформалаудың жөні бар. Ақпараттық және басқа да технологиялардың дамуы жағдайында үлкен мемлекеттік аппаратты ұстау бізге пайда әкелмейді. Ал бізде, керісінше, шенеуніктер өздеріне жұмыс тауып алады. Жақында бір үлкен шенеунік президент тапсырмасын орындау үшін аймақтарға тағы бір әкімнің орынбасарын енгізуді ұсынған еді”, – дейді Бейсебаев.

Ал саясаттанушы Ғазиз Әбішев парламенттік сайлаудың жақын қалғанын еске салып, Мәди Ахметовтің “Amanat” партиясының құрамында қалатынына күмәнмен қарайды.

“Ахметов – кезінде экс-президентке табынуға мінберден айқайлап тұрып шақырып, кейін еш ойланбастан оны кеңейтілген өкілеттіктен және атаулы мемлекеттік мерекеден айырған жас депутат. Ахметов НӘН-ге [Назарбаев жайлы айтылып отыр – ред.] мәңгілік ықыласын білдіріп, бірақ кейін бірден өзгеріп сала берді. Оның қолдауымен Назарбаев Конституциядан шығарылды, астананың атауы қайта өзгертілді, алайда Ахметов өз мандатынан айырылмады. Және өзінің кумиріне жұртшылық алдында қолдау көрсетпеді. Билігінен айырылғаны сол еді, кумир болмай қалды ма?”, – дейді ол.

Саясаттанушы Мұрат Шибұтов 2022 жыл Қазақстан саясатында болған оқиғалардың жақсы және жаман жақтары болғанын айтады.

“Жақсы жағынан бастасақ, мемлекеттік төңкеріс жасау пиғылы жүзеге аспады. Саяси элитадағы ұрпақтардың түбегейлі ауысуы – ауқымды ротация болды. Елдегі саяси мәдениет өзгеріп келеді. Енді жаман жағын айтар болсақ, жыл 238 адам қаза тапқан мемлекеттік төңкерістен басталды. Біздің құқық қорғау органдарының беделі түсті, қиын сәтте олар өздерін жақсы жағынан көрсете алмады. Түрлі шетелдік «ойыншылар» біздің медиа саламызда қалағанын жасайды және біз бұған ешнәрсе жасай алмаймыз. Бізде саясатқа кадрлар аз, ал олар жаңа жағдайларға дайын емес. Ал саяси ұйымдар жаңа жағдайға әлі бейімделе алған жоқ», – дейді ол.

Сонымен қоса ол мемлекет басшысының келер жылдың қиын болатынын және қоғамның наразылығы күн санап өсіп келе жатқанын айтады. Саясаттанушының пікірінше, қоғамның наразылығы жайдан жай өсіп жатқан жоқ, ал мемлекеттік аппараттың жұмысы барған сайын нашарлап барады.

«Енді тек косметикалық жөндеумен шектелмей, еліміздің экономика, құқық тәртібі, әлеуметтік сала және сот жүйесі саласындағы ел саясатын толығымен қайта қарауымыз керек. Әйтпесе өте жаман болады. Популистік саясаттың Ливанды күйреу мен қайыршылыққа алып келгені туралы керемет мысал бар. Бұл мысалдың қайталануын біз әлбетте қаламаймыз», – дейді Шибұтов.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: