Жұма, 26 сәуiр, 21:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесі

21.01.2023

283 0

Мен Конституцияға сәйкес, Парламент палатала­рының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойдым. Депутаттарға белсенді әрі жемісті жұмысы үшін алғыс айтамын. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізді. Шалғай­дағы елді мекендерге барды. Сондай-ақ жұртты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болды.

Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. 

Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сай­лауы осы жылдың бірінші жартысында бола­тынын жарияладым. Яғни бұл бастама ай­тылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес.   

Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті.

Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округ­терден сайланады. Облыстар мен республикалық маңы­зы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір ман­даттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы аза­маттардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады.

Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңіл­детілді. Атап айтқанда, партия мүше­лерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді.

Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажет­ті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғам­ның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қа­лыптасуына жол ашады.

Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау ко­миссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.

Алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалады. Бұған Орталық сай­лау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азамат­тары­мыздың байқаушы ретінде бел­сенділік танытуы маңызды. Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәде­ниеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі деп сенемін.

Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді.  Қазір әлемде дәл осындай ауқымды өзгерістерді қолға алған мемлекеттер көп емес.    

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаң­ғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады.  

Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек.

Мен баршаңызды азаматтық жауап­кершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихат сайлауына белсене қатысуға шақырамын.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: