Сенбі, 16 қараша, 15:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№91-2101
16.11.2024
PDF мұрағаты

Президент тапсырмасы жедел әрі нәтижелі орындалуы керек

26.07.2022

948 0

Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шаралары талқыланды. Рrimeminister.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, жиында Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, вице-премьер – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады.

Ұлттық экономика вице-министрі Т.Жақсылықовтың айтуынша, инфляция деңгейін тұрақтандыру мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған шаралар кешені іске асырылып жатыр. Ол 67 іс-шараны қамтиды, оның ішінде биыл 38 іс-шара және 2024 жылға дейін 29 іс-шара іске асырылмақ.

Бүгінгі таңда 13 жедел іс-шара орындалды, 25 шара орындалу үстінде, 20 орта мерзімді шара тұрақты негізде орындалып жатыр.

Жаңа салық-бюджет саясаты аясында бюджетаралық қатынастарды реформалау және мерзімдері мен кезеңдерін екі есеге қысқарта отырып, бюджеттік жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өңірлердің пайдасына қарай қаржы-экономикалық функ­цияларды орталықсыздандыру бойынша жұмыс басталды. Бүгінгі таңда Бюджет кодексіне өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін күшейту бойынша, оның ішінде салықтық және салықтық емес түсімдердің қосымша түрлерін жер­гілікті деңгейге беру арқылы түзетулер әзірленді. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ведомствоның Президенттің тапсырмаларын дереу орындауды қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша тиісті шара­ларды қабылдап жатқанын хабарлады.

Мәселен, құрылыс жұмыстарын орындау үшін жет­кілікті материалдық ресурстары бар мердігерлерді іріктеу мақсатында меншікті құрылыс техникасының болуы туралы міндетті талап белгілеу ұсынылады. Ол үшін ма­мандандырылған техниканың бірыңғай базасын құру жос­парланып отыр. Бұл олардың бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Мұндай шаралар құрылыс жұмыстарын орындау үшін өзінің базалық техникасы жоқ мердігерлерді іріктеуден өткізбейді.

Сауда және интеграция министрлігінің жұмысы бойынша Мемлекет басшысы азық-түлік өнімдерінің нақты және бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігінің іс жүзіндегі көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

«Мемлекет басшысының ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың қолданыстағы моделін қайта қарау бойынша ескертулерін ескеріп, біз мүдделі инвесторларды тарта отырып, көтерме сауда орталықтарын құрудың бірнеше балама сценарийлерін қарастырып жатырмыз», – деді сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов.

Нарық иелерінің жауапкершілігін күшейтуге қатысты, биыл мамыр айында 122 нарықты тексеру аяқталды. Нәтижесінде бірқатар жүйелі проблемалар анықталды. Бұл ретте олардың қызметін одан әрі жаңғырту жөніндегі заңнама нормалары әзірленді.

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешілетін болады. Жалпы 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 295 млрд теңге сомасына 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде импортталатын позициялардың 6 түрі бойынша 128,5 млрд теңге сомасына 81 жоба іске асырылатын болады. Бұл үшін осы жобаларға жеңілдетілген кредит беру, субсидиялау, жер ресурстары мен инфрақұрылымды беру қамтамасыз етіледі.

Президент Энергетика министрлігіне транзиттік көлік және шекара периметрі бойынша мұнай өнімдеріне сара­ланған баға әзірлеуді тапсырды. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазіргі уақытта ведомство дизель отынына сараланған баға белгілеудің бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр. Отынның шығарылуына және тұтыну субъектісіне қарай саралау бойынша тәсілдер зерделенетін болады. Бұдан басқа, шекаралас аймақтарда орналасқан жанармай құю станциялары, сондай-ақ орташа өлшенген бағамен импорттық дизель отынын өткізу үшін сараланған баға бел­гілеудің нұсқалары қарастырылады.

Отырысты қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды жедел әрі нәти­желі орындау керек екенін атап өтті.

«Президенттің біздің жұмысымызға қатысты айтылған сыны өте маңызды екенін атап өткім келеді. Барлық мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен квазимемлекеттік сектор белсенділігін арттыруы қажет. Бірінші басшылар Мемлекет басшысының тапсырмаларының әрбір тармағын жеке бақылауға алсын», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол Министрлер кабинеті мен облыстардың әкімдері өзара тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені бірлесіп шешуі маңызды екенін атап өтті.

«Жалпы Үкімет жұмысының нәтижелі болуы әрқай­сысымыздың тиімді жұмыс істеуімізге байланысты. Ел экономикасының дамуы, азаматтардың тұрмыс сапасының жақсарғанын сезінуі үшін жоспарланған жұмысты бірлесіп жүзеге асыруға күш салуымыз керек», – деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.

primeminister.kz

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: