Бейсенбі, 02 мамыр, 06:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ауылға жасалған тарту

30.08.2023

1572 0

Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округі Ж.Махамбетов ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Еңселі ғимарат «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығы тұсында ауыл тұрғындарына тарту етілді.

Іс-шараға «Самұрық-Қазына» акцио­нерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

– Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес аймағымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президентінің бастамасымен өткізілген «Балалар жылында» демеушілер 1 млрд 600 млн теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарға тарту етті. Соның 50-і Қызылорда қаласында орнатылды. Де­меушілер бұл жұмыстарды биыл да жал­ғастырды. Үкімет қолдауымен аймақта спорт құрылымдарын дамыту үшін ау­қымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде облыста 11 спорт кешенінің құрылысы қарқын алды. Оның ішінде, Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде салынуда, – деді аймақ басшысы.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төра­ғасы Нұрлан Жақыпов құттықтау сөзінде қызылордалық спортшылардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

– Өңірлердегі қайырымдылық жобала­рын қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ ком­паниялар тобының қызметіндегі басым бағыт. Ж.Махамбетов ауылында көпсалалы спорт кешенін салу өзіміз бастама та­нытқан жоба екенін атап өткім келеді. Мұнда қажетті спорттық құрал-жабдықтар бар, спорт секциялары мен алаңдарда мектеп оқушыларынан  бөлек тұрғындар да жаттыға алады. Өскелең ұрпақтың денсаулығы біздің балаларға жасайтын қамқорлығымызға тікелей байланысты. Әрбір жоба арқылы біз олардың болашағына керекті сапалы білім берумен қатар, әлеуметтік ахуалын жақсартамыз. Осы спорт кешенінен чемпиондар өсіп шықсын деген ақ ниеттеміз!, – деді қордың басқарма төрағасы.

Мерекелiк іс-шарада ауыл ақсақалы Қыпшақ Рүстембеков ел ағалары атынан бата берді.

Аумағы 1504 шаршы метрлік жаңа спорт кешені салауатты өмір салты секция­ларын ұйымдастыруға және спорттық шараларды өткізуге арналған. Мұнда волейбол, шағын футбол, баскетбол алаңдары жабдықталған, теннис корты, күрес алаңы, екі жолақты жүгіру жолы бар. Бұл – «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен салынып, биыл пайдалануға берілетін еліміздегі 5 кешеннің алғашқысы.

Еске салсақ, күні кеше мереке қар­саңында Шиелі ауданында тұрғындарға жаңа тұрғын үй кілттері табысталып, дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: