Бейсенбі, 02 мамыр, 06:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Біз де алтын таққанбыз олимптың шыңында

17.08.2021

1967 0

Токиодағы Олимпиаданың біткеніне көп болған жоқ. Алтын алмадық, күміс тақпадық демесек, 8 бірдей қоланы еншіледік. Әрине, қолаға қол жеткізу де оңай емес. Бірақ бір кездері біздің де спортшылар алтыннан алқа тағынып, әнұранымызды шырқатып, туымызды биікке көтеріп еді. Бүгін бұған дейінгі Олимпиада ойындарында ел спортшыларының жеткен жетістіктерін саралап өткенді жөн санадық.

Қазақстан спортшыларының құрамасы Жазғы Олимпиададан бұрын қысқы спорт сайыстарына қатысқан болатын. 1994 жылы өткен қысқы ойындарда отандасымыз шаңғышы Владимир Смирнов 50 шақырымға бақсынап, жарыста чемпион атанды. Бұл жарыста ұлттық құраманың қоржынына тағы екі күміс жүлде түсті. Ал Жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туы тұңғыш рет 1996 жылы Атлантада желбіреді. Бұл кезеңде үш спортшымыз қарсылас шақ келтірмеді. Атап айтқанда, грек-рим күресінің шебері Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин, боксшы Василий Жиров алтыннан алқа тағынды. Төрт спортшымыз күміс, төрт спортшымыз қола жүлдемен оралды.

Ел есінде қалған олимпиада ретінде 2000 жылы Сиднейде өткен дүбірлі доданы айтуға болады. Бұл жолы Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов, жеңіл атлет Ольга Шишигина да олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Жиырма жасында жасындай жарқыраған Бекзат қазақстандықтардың жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз. Өзінің күрзі жұдырығымен қарсыластарына естен танарлықтай соққы берген Ермахан да аңызға айналған боксшы. Кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина да өзгелерден оқ бойы озық болды. Сондай-ақ тағы да төрт саңлағымыз күміс жүлдегер атанды. Байрақты бәсекелерді тікелей эфир арқылы тамашалап, елмен бірге қуанған болатынбыз.

Олимпиада ойындарының отаны саналатын Грекияның Афина қаласында өткен дүбірлі додада Қазақстан құрамасы бір-ақ алтынмен оралды. Талантты боксшымыз Бақтияр Артаев чемпиондық атақпен бірге ең үздік боксшыға берілетін Баркер кубогын да қанжығасына байлады. Басқа спортшыларымыз 4 күміс және 3 қола медаль иеленді. Қытай астанасы Бейжіңде өткен байрақты бәсекеде де алтынды былғары қолғап шебері алып келді. Боксшымыз Бақыт Сәрсекбаев жеңістің биік тұғырына көтеріліп, әнұранымызды шырқатты. Сондай-ақ төрт атлетіміз күміс, жеті спортшымыз қола жүлдеге қол жеткізді.

Олимпиада жайлы сөз қозғағанда 2012 жылы Лондонда өткен жарыстарға тоқталмай кету мүмкін емес. Төрт жылдықтың басты бәсекесі басталғанда боксшыларға үміт артатынымыз белгілі. Бұл жолы екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевке ел болып сенім арттық. Серік батыр да қалың қазақты жерге қаратпай, қарсы келген қарсыластың барлығын жайратты. Ол алтыннан алқа тағынып қана қойған жоқ, сонымен қоса Баркер кубогын иеленді. Бұл жолы атақты велошабандозымыз Александр Винокуров та айды аспаннан бірақ шығарды. Жеңіл атлетіміз Ольга Рыпакова да

олимпиада чемпионы атанды. Бұған қоса Лондон сайыстарынан Қазақстан спортшылары бір күміс және бес қола жүлдеге ие болды.

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен сәйкес келген 2016 жылғы Рио-де Жанейро қаласында өткен олимпиадада Қазақстан спортшылары тағы да рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл жолы біздің сайыпқырандар 17 медаль иеленді. Талантты боксшымыз Данияр Елеусінов қарсыластарының барлығын ұтып, олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Жүзуші Дмитрий Баландин мен ауыр атлет Ниджат Рахимов та алтыннан алқа тағынды. Бұл жарыста бес спортшымыз күміс жүлдеге қол жеткізсе, тоғыз атлетіміз қола жүлдегер атанды.

Міне, құрметті ағайын, тәуелсіздік алғалы бері Олимп шыңына көтерілген оғландарымыз бен аруларымызды атап өттік. Бұл тізімде ауыр атлет, Сырдың тумасы, ел мақтанышы Илья Илинь де болуы керек еді. Өкінішке орай допинг дауымен екі бірдей олимпиадада жеткен жетістігі жоққа шығарылды.

Токио төрінде өткен олимпиадада ел спортшылары шыққан шыңды барлығы жақсы біледі. Жеткен жетістік 8 қола болды. Жер көлемі жөнінен әлем елдері арасында тоғызыншы орынды алатын, саяси аренада өзіндік орны бар Қазақстан үшін бұл жетістік емес.

…Біздің спортшылар әлі көптеген Олимпиадада алтын алады. Қазақстанның талай спортшысы шыққан Олимп шыңы бізге таңсық емес. Есе қайтарар күн алда.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: