Бейсенбі, 02 мамыр, 11:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

КІЛЕМДЕ БАЛА БАРЫСТАР

26.09.2023

3013 0

Қызылорда облысының 85 жылдығы мен қала күні мерекесі аясында «Бала барысы» балуандар бәсекесі өтті.
Облыс аумағынан 34 жасөспірім қатысқан жас балуандар додасының ашылуына қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев арнайы қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
– Сайыпқыран ерлердің лайықты ізбасарлары сіздер барда қазақ күресінің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына сенемін. Алдағы уақытта «Бала барысы» турнирінде айрықша күш-жігерімен танылған жас балуандар көптеген дүбірлі додаларда Алашқа олжа салады деп ойлаймын, – деді қала әкімінің орынбасары .
Балуандар бәсекесі тартысты өтті. Жас спортшылар кілемге шығып, кезек-кезек күресіп жатты. Бірінің әдісін екіншісі байқап, жеңісті қолдан бермеу үшін ойқас салғандарының өзі бір сұлу көрініс. Тіпті өздерінің мықтылықтарын танытып, бірнеше секунд ішінде таза жеңіске жеткендер де бар. Қапсыра құшақтап, алып ұрып немесе жамбасқа алып, аяқтан іліп, тобықтан шалып дегендей, мүмкіндігі келген әдістерді толық пайдаланған балуандардың қатары баршылық.
Жарыстың қызықты және есте қалатын сәттерін тамашалап отырған көрермендердің қиқуы өз алдына бөлек әңгіме. Құдды бір өздері күресіп жатқандай «олай жаса», «бұлай лақтыр» деп, дауыстап та қояды. Сапалы әдіс жасап, қарсыласын алып ұрғандарды қолпаштап, «ой, бәрекелді, жарайсың!» – деп қошемет көрсетіп бәйек. Балуандарға бапкерлер де көп көмектесті. Олар шәкіртінің қай кезде нендей тәсілді жасау қажеттігін, жеңісті қолдан бермес үшін қарсы әдісті пайдалану керектігін ескертіп отырды.
Жарыстың нәтижесінде «Бахадүр» лақап атымен қатысқан қызылордалық Болатбек Абылайхан «Көрермен көзайымы» атанса, ІІІ орын алған «Сыр Қажымұқаны» лақап атын иеленген жаңақорғандық Байзақ Қажымұқанға 50 мың теңге мен «Қола белбеу» бұйырды. Ақтық сында қарсыласына есе жіберген «Баймолда ұрпағы» лақап атымен Баймолда Исламбек ІІ орын алып, 100 мың теңге мен «Күміс белбеуді» қанағат тұтса, І орын алған қармақшылық Әлихан Әлиасқаровқа 200 мың теңге және «Алтын белбеу» табысталды. Ол «Семетей жалын» лақап атымен күресті. Арнайы жасалған ауыспалы «Тайтұяқты» қанжығасына байлаған Әлихан Әлиасқаров екі дүркін «Бала барысы» атанды.
А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: