Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Паралимпиада: Қоржынға қола түсті

10.03.2022

1596 0

Жуырда Қытай астанасы Бейжің қаласында 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындары басталды. Бас-аяғы 10 күнге созылатын байрақты бәсекеге әлемнің 50 мемлекетінен 700-ге жуық спортшы келді. Бүгінде Қазақстан атынан барған 5 параспортшы спорттың екі түрінен бақ сынауда. Оның бірі – пара биатлон болса, екіншісі – пара шаңғы. Бүгін осы дүбірлі додадағы жағымды жаңалықпен бөліспекпіз.

Күні кеше ғана пара биатлоннан түрегеп сырғанауда Александр Герлиц қола жүлдегер атанды. Ол – еліміздің атынан аталған сайыста бақ сынаған жалғыз спортшы. Александр 10 шақырымға түрегеп сырғанауда жарыс жолына шыққан болатын. 32 жастағы петропавлдық спортшының бұл додадағы нәтижесі 33 мин 6,5 секундты құрады. Ол төрт атыс сызығында үш рет мүлт жіберіп, жеңімпаздан 1 минут 21,3 секундқа қалып қойды. Мәре сызығын үшінші болып қиған атлетіміз жарыс жеңімпазы атанған канадалық Марк Арендзден 1:25.6-ке қалып қойды. Күміс жүлдені украиналық Григорий Вовчинский алды. Дегенмен мұның өзі биылғы додадағы ең тәуір нәтижеміз болып отыр. Яғни бұл медаль – биылғы қысқы Паралимпиадада қазақстандық спортшылардың алғашқы жүлдесі.

«Бүгінгі бәсеке айтарлықтай ауыр болды. Алайда мен салқынқандылық таныттым деп пайымдаймын. Өкінішке қарай нысана көздеу кезінде кемшіліктерге бой алдырдым. Үш мәрте мүлт кеттім. Алайда ол олқылық менің қола жүлдегер атануыма кедергі келтірген жоқ. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын көңіл-күйде жүрмін. Мен бұл жеңісімді әжелер, арулар, аналардың мерекесіне арнаймын. Маған жанкүйер болған барлықтарыңызға зор алғысымды білдіремін», – деді спортшы жарыстан соң.

Жалпы Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Бүгінге дейін ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс медаль түсті. 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева күміс алса, 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанған еді. Енді биылғы Герлицтің салған жеңісті жолын өзгелер де жалғастырады деген үміт бар. Қазақстан атынан шыққан Сергей Усольцев, Ербол Хамитов, Денис Петренко мен Юрий Березин алдағы күндері ел намысын қорғайтын болады. Әрине, бұл төрттіктің қазіргі нәтижелері көңіл қуантарлық емес. Дегенмен 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда бақ сынап, соңғы мүмкіндіктерін пайдаланып көрмек. «Қазақстан қоржынына тағы жүлде салына ма?» деген сауалдың жүгі осы үш күнге артылғалы тұр.

Айтпақшы, Александр қола жүлдеге қол жеткізген соң еліміз медаль еншіліген құрамалар қатарына енді. Қазір Қазақстан құрамасы Австралия және Швейцариямен 17 орынды бөлісіп тұр. Медальдық есепте Қытай көш басында. Олардың еншісінде 8 алтын, 8 күміс және 11 қола. Екінші орында Украина – 6 алтын, 7 күміс және 4 қола медаль. Үздік үштікті 5 алтын, 2 күміс және 6 қоламен Канада түйіндеп тұр.

Осы тұста айта кетейік, Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындары 20 ақпан күні аяқталған еді. Бұл жарыс жолында қазақстандық спортшылар бірде-бір жүлдеге қол жеткізе алмады. Көрермендер көп үміт артқан біраз спортшыларымыз жарыс жолының жартысынан сүрінсе, мәнерлеп сырғанаушыларымыз Олимпиада ойындарына мүлдем жолдама ала алмады.

Осы нәтижеден кейін көп көрермен еліміздің қысқы спорт түрінің тұралап қалғанына наразы болып, сынның астына алған. Қазақстан Бейжің Олимпиадасына дайындыққа және қатысуға мемлекеттік бюджеттен шамамен 625 миллион теңге қаражат бөлген еді.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: