Жұма, 29 наурыз, 16:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Паралимпиада: Төрт күнде төрт медаль

31.08.2021

1368 0

24 тамызда шымылдығы түрілген Токио Паралимпиадасы Қазақстан үшін жемісті де жеңісті өтуде. Бабы мен бағы сай келген спортшыларымыз жеңістің төрінен табылып, көк туымызды желбіретіп жатыр. Жарыстың төртінші күнінде-ақ ел құрамасының қоржынындағы медаль саны төртке жетті.

Бұл байрақты бәсекеде ұлттық құраманың пара дзюдошылары сәтті өнер көрсетуде. Бүгінге дейін парадзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатина жарыстағы жүлделерін алып үлгерді. Одан бөлек парапауэрлифтингтен сынға түскен Давид Дегтярев жарыстың алғашқы күнінде алтын медаль иеленіп, олимпиададан кейін еңсесі түскен Қазақ елін бір марқайтып алған еді.

Мәселен, парадзюдошы Теміржан Дәулет 73 келі салмақта сынға түсті. Ол финалда өзбекстандық Феруз Саидовпен шеберлік байқасты. Бәсеке барысында Теміржан қарсыласының осал тұсын табуға тырысты. Алайда қарсыласына иппон әдісімен жол беріп қойды. Бұған дейін қазақ палуаны жартылай финалда грузиялық Георгий Калданиден айласын асырып, қарсыласын иппонмен жеңген еді. Осылайша ол ұлттық құрамаға паралимпиаданың тағы бір жүлдесін, күміс медальды алып келді.

Токио төрінде Қазақстанның туын желбіреткен спортшылар қатарында Зарина Байбатина да бар. Ол алғашқы кезеңде таза жеңіспен моңғол палуаны Ньямааны жеңген болатын. Ал жартылай финалда оның жұлдызы жанып, соңғы жылдары әлемдік рейтингте көш бастап тұрған Италия спортшысы Каролина Костаның осал тұсын тапты.

Мамыр айында Бакуде өткен Гран-при жарысында Зарина Байбатина италиялық пара дзюдошымен сынға түсіп, аяғынан жарақат алып қалған болатын. Осы себептен ұлттық құрама бапкерлері Каролинаға қарсы жеке тактика ойлап тапқан. Екі спортшы да оң аяқпен көп жұмыс жасайтын болғандықтан, біздің бапкерлер Заринаны сол аяққа икемдеген. Осылайша бұл өз жемісін беріп, Зарина Италия палуанын тізе бүктірді.

Ал финалдық кезеңде ол Әзірбайжан елінің намысын қорғаған Дурсадаф Каримовамен кездесті. Бұған дейін олар үш рет кездесіп, барлығында қазақ дзюдошысы Зарина Байбатина жеңіске жеткен. Алайда Токиода өткен тартысты бәсекеде әзірбайжандық палуанның асығы алшысынан түсіп, алтын медальды иемденіп кетті. Ал Зарина Байбатина кезекті күміс медальды жеңіп алды және қазақ спорты тарихында паралимпиадада парадзюдодан жүлде иемденген алғаш қазақ аруы атанды.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: