Бейсенбі, 02 мамыр, 14:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Сыр балуандары және қазақ күресі

22.08.2023

1812 0

Қазақ күресі ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Қазақы нақыштағы әрбір ас, тойлар балуандардың күш сынасуымен жалғасып жататыны соның дәлелі. Онымен қоса ат жарысы, ақындар айтысы да халық делебесін қоздырып, ел мен ер мерейін үстем етіп жатады.

Бүгінде қазақ күресінде Сыр балуандарының орны ерекше екенін ашық айтуға болады. Олай дейтініміз талай дүбірлі додаларда Сыр спортшылары сыр бермей, ұлтымыздың ұлылығын паш етті емес пе. Сонымен, біз бүгін қазақ күресіндегі Сыр балуандары жайында қалам тербемекпіз.  

Әлқисса…

Қазақ күресін бүгінде әлемнің көптеген елдері танып білді. Қазақ күресінен өткізілетін жарыстар респуб­ликалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастады. «Қазақстан барысы», «Евразия барысы», «Әлем барысы» турнирлері қазақ күресінің орнын айшықтап берді. Әр аймақта спорт үйірмелері ашылып, онда қазақ күресіне басымдық беріп, көптеген жас жеткіншектер тәрбиелеп шығаруда. 2011 жылдан бастап ел Президен­ті жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республи­калық турнир өткізіліп келеді. Бұл турнирдің жеңімпаздары мен жүлде­герлері және бапкерлеріне қомақты жүлде тағайындалады. Бұл турнирді әлемнің көптеген телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.

Қызылордалық «Қазақстан барыстары» кімдер?

Міне, осы алғаш өткізілген «Қазақстан барысы» республикалық тур­нирінде қызылордалық Ұлан Рысқұл жеңім­паз атанғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Араға алты жыл салып, 2017 жылы тағы бір Сыр толағайы Еламан Ерғалиев Сыр спорты мектебінің мықтылығын паш етті. 2022 жылы Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы» турнирінде атой салып, барлық қарсыластарын жеңіп, жерлестерін жеңісімен қуантты.

Күш атасын танымас…

Қазақ күресі – қазақ халқының ерте кезден қалыптасқан спорт түріне жатады. Басқа халықтардың ұлттық күрес түрлерімен салыстырғанда қа­зақша күрестің ерекшеліктері көп.

Қазақша күресте иықтан асыра лақтыру, өзі құлап бара жатып, қарсыласын астына түсіру, қарсыласын жамбасқа салып жығу, іштен шалып жығу, сырттан шалып жығу әдіс-тәсілдер қолданылады. Сондай-ақ күреске түскен балуан белдесу ба­рысында үлкен-кішілігіне қарамай, қай күші басымы жеңіске жеткен. «Күш атасын танымайды» деген халық нақылы осындайда айтылса керек-ті.

– Спорттың өзі жеңіс пен жеңілістен тұрмай ма?! Бірде бағың шапқанмен бірде бабың болмай қалады. Кейде ойламаған жерден сәтсіздікке жол бересің. Иә, алғашқы жылы жұлдызым оңынан туды. Келесі жылы жүлдеге іліге алмадым. Одан кейінгі жылы жарақатыма байланысты қатыспадым. Одан кейінгі жарыстарда бір жылы Ержан Шынкеевке жол берсем, бір жылы Бейбіт Ыстыбаевтан жеңілдім. «Қазақстан барысына» осал балуан келеді деп ойламаймын. Бір облыстан іріктелген ең мықты екі балуан келеді. Олар да өзіміз сияқты «жеңсем» деген мақсатпен, жігермен келеді. Бұл қазақ күресінің жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын білдіреді,– дейді тұңғыш «Қазақстан барысы» иегері Ұлан Рысқұл өз сөзінде. 

Иә, қазақ күресі ердің намысы, елдің абыройы сынға түсетін сындарлы шақ. Бүгінде бұл спорт түрінен сырбойылық балуандардың жұлдызы жанып тұр. Бұл – күрес пен өнер біздің өңірдің брендіне айналғанының көрінісі. Қазақ барда қазақ күресінің бәсі биік бола бермек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осыған саяды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: