Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 22:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

ДШ-да бірінші тұратын қыз

31.01.2023

821 0

Сурет ашық дереккөзден

Ортадан асып, жоғары класқа жақындаған 9 «ә»-нің оқушыларымыз. Класқа жаңадан келген бір бала бар-тұғын. Қашан көрсең, сөмкесінен жарты тапа нан алып жатқаны. Соны ұлға да, қызға да бөлісіп отырады. Бір ғана көзқарасымен әсер қалдыратындай жанары ерекше, өткір. Қатардағы бозбалалардан қалыспайтын тентектігі де бар. Қысқасы, төменгі сыныптың қыздарын біраз әуреге салған жігіт.

Қазір бар ма, білмеймін, сол кезде хат жазу, хат тасу деген дәстүр бар-тын. Мүмкін соны көрген соңғы буын біз шығармыз. Ойлап қарасаңыз, ол да өнер. Кез келгеннің қолынан келе бермейді.

Екінші тоқсан. Қақаған қыстың кезі. 5 минуттық әлде 10 минуттық па бәрібір, қоңырау соғылса, далаға шығып, қар атысып келеміз. Кабинетке қарды тығып әкеліп, қаннен қаперсіз отырған сыныптасыңа лақтырасың кеп. Сосын оның жауабын келесі қоңырауда аласың. Кейде осындай талас-тартыстың соңы бір қыздың жылауына ұласып, енді «қар лақтырмастай» боп қалатынымыз бар. Бірақ ертеңіне ештеңе болмағандай осы бір жазылмаған сценарийді қайталаймыз. Не керек, бірге оқыған бірнеше жылдың ішінде-ақ бір-біріміздің тентектігімізге де, қыңыр-қисық­тығымызға да қанық боп алдық.

Хат жазудың да қызығы қармен бірдей. Қоңырау соғылғанын естіген біз жамырап ішке келдік. Әлгі қала­дан келген жігіт сөмкесінен хат тауып алып, оны кім сал­ғанын сұрап жатыр екен. Апай әлі сыныпқа кірмеген. Шуылдастық та қалдық.

– Кім жазған?

– Қәне, бірге оқимыз.

– Ап келш(і), мен оқимын.

– Дауысыңды шығарып оқы!

Осылайша сыныптағы ұлдардың біреуі хатты қолынан жұлып алды да, иесін ұмытқан күйі дауыстап оқи бастады. Қалғанымыз уағыз тыңдағандай ұйып, бір жерге жиналып алғанбыз. Хаттың бас жағында не жазғаны нақты есімде қалмапты. Бірақ бір қыз әлгі қалалық сыныптасыма сезімін білдіріп, жақсы көретінін мойындапты-мыс. Бізден төменгі сыныптардың бірінен келгені белгілі.

Ал кім жазған екен? Хаттың ең қызық бөлігі де осы. Есеп дәптердің бір парағына жазылған хаттың астыңғы жағына, бұрышына кішкен­тай қылып «Кім екенімді білгің келсе, ертең түскі 2-де спорт залға кел. Дене шынықтыруда бірінші тұратын қызбын!» деп жазыпты автор. Әдетте мектепте ДШ сабағында алдымен ұлдарды, содан соң қыздарды бой-бойымен сапқа тұрғызатын еді ғой. Кімнің бойы ұзын, сол алға шығады. Кім қысқа, ең соңына орналасады.

Бірнеше күннен кейін хат жазған қыздың кім екенін білдік. 7 сыныптың қызы. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт бойы сыныптағылар, әсіресе ұлдар әлгі қызды көрген сайын «ДШ-да бірінші тұратын қыз» деп мазақ етіп, екеуін қосып, рақаттанып алатынды шығарды. Хат жазған қыздың бірінші боп сезімін білдірген ба­тылдығына, жүрегі­нің нәзіктігіне де пыс­қырмағанбыз ғой.

Арада біраз жыл өтті. Қазір ешқайсысымыз қыз­­дың бірінші боп сезімін білдіргеніне күле қара­маймыз. Бұрынғыдай бас­қалардың хатын оқы­май­мыз. Алайда олай хат жа­затын да, таситын да адам жоқ. Қар да лақ­тырыспаймыз. ДШ-да бірінші тұра­тын қыз­дың қайда екені­нен де бей­хабармыз. Мүмкін, есейе бас­таған шы­ғармыз?..

Дина БӨКЕБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: