Сейсенбі, 16 сәуiр, 23:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Батырдың үш қорқынышы

11.03.2023

620 0

Бауыржан Момышұлы – әр қазақтың жүрегінде батыр,

 қайсар рухымен айшықталатын халқымыздың өжет ұлы.

Өз елінің салт-дәстүрін шыңға балаған батырдың да қорқынышы

бар дегенге әсте иісі қазақ сенбеуі мүмкін. Алайда қанша жүректі болғанмен ұлтжанды азамат халқының алдында аласарып, өзін қорқытатын көңіліне күдік келтіретін жайттарды тізбелейді.  «Кімнен қорқасыз?» деген сауалға «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екіншісі, немересіне ертегі айтып беретін ата-әжесінің азаюынан қорқамын. Үшіншісі,  дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар көбейіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға әзір. Үйреніп жатқан бала жоқ,

үйретіп жатқан әже, әке жоқ», – деп налыған екен.

Шынында,  батырдың қор­қынышы қазіргі замананың ке­реғар тұстарына дөп келгендей. Көші-қон қасіретін көп көрген, өмірінің көп бөлігі қыс қыстауда, жаз жайлауда  қараша үйде өткен ата-бабамыздың өмір сабағына байланысты бесікті пайдаланған деген кереғар пікір болмауы керек. Бесік дана халықтың өз бөбегінің ұйқысының тыныш, дәреті бойына жайылмай таза өсуіне септігін тигізетін қасиеті мен киесі бар, құдіреті мен құндылығы бар бөбекжайдың асылы. Қазіргі жастар замана лебі солай ма «памперс» де­ген бұйымды нәрестеге көп қолданады. Ой-санасы дамып үлгермеген бала әлгі «памперсті» әжетханаға айналдырады. Оның ұғымынан өзі басқа бөбектер секілді горшокка отырып дәрет сындыру деген әрекет өшеді. Ал бесікке бөленіп, бойына лас зат жоламаған бала «памперстен» де жиренетін болады. Күнделікті өмірден байқап жүрміз, жас келіндеріміз тіпті баланы бесікке памперспен бөлеп жатады. Сол бұйымнан қанша бала аллергия болып, оның зардабын тартып жатыр.

Әселхан Айдарова, көпбала­лы ана: «Мен 8 баланың ана­сы­мын. Балаларымның бәрін бесік­ке бөлеп өсіргенмін. Бесік бала­пандай бөбектердің жылы ұясы ғой. Қайда қыдырсам да бесі­гімді өзіммен алып жүремін. Менің ақылшым енем болды. Сол кісінің ақылын тыңдап, әжесі жылы бесікте әлдилеп өсірген балаларымның қазір дені сау, қол-аяғы түзу, ер жетіп қалды. Кейбіреулер бесікке қатысты теріс пікір айтып жатса, өзім олармен келіспеймін. Қазақы болмысымыздың мақта­нышындай болған бесікте кезінде өзім де тербеліп өскенмін. Бесік­ке қатысты мақалдар да тегін айтылмаған ғой. Мысалы, «Туған жер – алтын бесік» деген мақал­дың өзі туған жерді алтын бесікке теңеп, оның тұғырын биіктетіп тұрған жоқ па?».

Бауыржан атамыздың екінші қорыққан дү­ние­сіне келсек, шы­нында, қазір бұрынғыдай ауыл­дың алты ауызын айтып, ән шырқап, ертегі айтып, ғибратты әңгімелерді тілге тиек қылып, бөбегінің бойына ұлттың ұлық дәстүрін сіңіре білетін  ұлтжанды, ақ кимешекті әжелеріміз саусақ­пен санарлық болып қалға­ны жанды жа­бырқатады. Бұрын әжелер мектебі секілді қа­лыптасқан дәстүр болатын. Ауылда әжелер жиы­лып, киіз басып, бау, ши тоқып, жүн са­бап отырып-ақ салт-дәстүрден кенжелеп қалмай, аңыз әңгімелер, дастандар, қазақы халық әнде­рін құйқылжыта орындап, сол өнерлеріне кейін­гі буын қызыға қарап, тамсанып отырушы еді.

Баукеңнің соңғы қорқыны­шы бүгінгі зама­наның айна-қатесіз бейнесі десек, ешкім қарсы шықпайтын болар. Бү­гінгі заманды дәл болжаған батырдың көрегендігіне қалай тәнті болмассың?! Біз қазір бар жаланы заманға жауып қойдық та ұрпағымыздың келешегіне керенау қарайтын болдық. От­басы – тәрбиенің тайқазаны емес пе? Салт-дәстүр, қазақы тәрбие, имандылық иірімдері баланың бойына бесіктен белі шықпай жатып сіңе береді. «Ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілерсің» деп қазақ бекер айтпаған. Аты аңызға айналған батырдың «Қолына қылыш берсең шауып тастайды» де­гені де айналада болып жатқан қанқұйлы оқи­ғаларды естігенде денеңді түршіктіріп, ойды сілкеді. Ұрпақты батыр қылатын да, даң­ғойлық пен қылмысқа итер­мелейтін де бойға сіңген тәр­бие. Отбасынан көрген тәр­биесі мықты,  өзі өмір сүрген қоғамның тәлімі озық болса ұлт ұрпағынан қасірет шекпейді. Бауыржан атамыздың да көксе­гені қазақ халқының мәртебесі биік, ұрпақтары туымды да, өжет болуы еді. Жүрегі ұл­тым деп соққан Баукеңнің ұранды ұлағатын орындасақ арман бар ма? Ұрпақтарымыз ұлықты, қыздарымыз қылықты, аналарымыз ғұрыпты болғай.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: