Бейсенбі, 04 шiлде, 04:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52-2062
02.07.2024
PDF мұрағаты

Мәрт мінезді, бекзат болмысты

22.04.2023

782 0

«Адам өмірді тануда сүреңді, сүреңсіз, баянды, баянсыз жолдармен жүріп барып шыңдалады. Осы жол­дың ең дұрысы – еңбек ету» деген Шығыстың философиясы ойға тү­седі. Адал еңбек әркез адам абыройын асқақтатады. Ол үшін ел жүгін көтере біліп, сенімді ақтау жолында шаршамай, талмай еңбек ете білу үлкен ерлік. Біз әңгіме арқауы еткелі отырған Аманкелді Махатаев кезінде облысқа іскер-ұйымдастырушы қабілетімен та­нылған, досқа беріктігімен қадірін асыра білген азамат.

Іскер әрі ұйымдастырушы қабі­летімен таныла білген деуіміздің себебінің сыры мынада. Сонау 1980 жылдардың орта тұсында КСРО-дай алып мемлекетті басқаруға С.М.Горбачев келді. Осы тұста елде қайта құру кезеңі басталды. Сол жылдары біздің облысқа Социалистік Еңбек Ері, қазақтың біртуар азаматы Еркін Әуелбеков басшы болып келді. Осы шақта жер­гілікті кадрларды қайта іріктеу басталып, білім мен білігі, іскерлігі мен ұйымдастыру қабілеттері сара­ланады. Осы іріктеуде облыс басшы­сының алдынан сүрінбей өткен Аманкелді Махатаевты Сырдария аудандық партия комитетінің пар­тиялық бақылау комиссиясының төрағасы қызметіне бекітеді. Оның өз қызметіне аса жауаппен қарай­тындығын, алғырлығын, прин­цип­шілдігін, адалдығын және білікті маман екендігін аңдаған облыс басшысы Е.Әуелбеков өзі қолынан алып тұрып: «Алдағы уақытта сендей білімді де білікті кадрлар бізге аса қажет» дейді. Дуалы ауыздан, мынадай уәлі сөз естіген Аманкелді ағамыз жаңа қызметіне құлшына кіріседі.

Оның қиындығы сол партиялық бақылау комиссиясы төрағасы қыз­меті – нағыз екі оттың ортасы екендігін түсінді. Ауданда әртүрлі арыз-шағым көп. Оның артында адам тағдыры тұр. Қиыс кетсең басыңа бұлт үйіріледі. Алайда өзінің біліктілігінің арқасында бұл жұмысты жолға қоя білді. Содан арада жыл өткен соң мінсіз қызмет атқара білгені үшін облыс басшысы Е. Әуелбековтың қолынан облыстық партия комитетінің «Құрмет» гра­мотасын алады.

Алайда уақыт бір орында тұрған ба? Арада жылдар жылжып КСРО келмеске кетіп ыдырап, еліміз еге­мендігін жариялады. Осы тұста Аманкелді Махатайұлы Сырдария ауданы әкімінің аппарат басшысы қызметіне келді. 1997 жылы Үкімет оңтайландыру саясатын қолға алған шақта Сырдария ауданы құрыққа ілігіп, білдей аудан таратылды. Сөйтіп, бір ауданды үшке бөліп, жан-жаққа бөліп жіберді.

Аудан тарайтынын алдын ала сезсе де, қолында жарты биліктің шеті тұрса да, аттан салып жоғары жаққа шығып, жағдай айтып қызмет сұрамады. Өйткені «Не көр­семде, осы көште бірге жүрген әріптестермен бірге көрермін» деген адалдық тұрды. Оларды аттап кеткендей болуға ар-ұяты жібермеді. Бір жағынан оның ер жігітке тән өр мінезі мен мәрттігі тағы бар. Айналасындағы өзі секілді әріптестері де қызмет іздеу жайлы сөз қозғап жатқан жоқ. Сырдария ауданы алаңсыз тараған соң «жоғарыда отырған жөн білетін азаматтар ғой, өздері іздер» деп мойнын ешкімге соза қоймайды. Болжамы дұрыс келіп, осындай өліара шақта Аманкелді ағамызды облыстық Көші-қон бас­қармасы сауатты, білікті маман екен­дігін біліп бас маман қызметіне шақырады. Мәрттігі мен бір бет­кейлік қасиет арғы атасының қанымен келсе керек. Бұл кісі най­ман руындағы Тіней батырдың ұрпа­ғы Оразай ишанның тікелей ұрпағы.

– «Өмір – қатал сыншы. Босбел­беулікті, боркемікті ұнатпайды. Ал­дыңа мақсат қоя білу керек. Оған жету үшін бірбеткейлік, өрлік, қажыр-қайрат, күш-жігер, ты­нымсыз еңбек, терең білім қажет. Міне, сонда ғана мақсатыңа, арма­ныңа жетесің. Бәлки, сонау қиын-қыстау кезең Ұлы Отан соғысы жылдарында дүниеге есігін ашқан­дықтан ба, өмірді түсініп, ерте сезініп өстік. Жалаңаяқ жүріп ер жеттік. Соғыс біткен соңда жағ­дай бірден жақсарып кеткен жоқ. Менің сонау қызығы мол студент шақта тапқан достарым да осын­дай жандар қатарынан болды. Сол достарымды әрдайым сағына еске алып отырамын. Өзің білетін, қыран қанатты ақын Әскербек Рахымбековтың орны бөлек қой» – деп Аманкелді ағамыз терезеден сыртқа мұңдана қарады. Біршама уақыттан кейін сарғайған облыстық «Сыр бойы» газетін қолыма ұстатты. Қарасам, Әскербек ағаның бірнеше өлеңдері жарық көрген екен. Соның ішінде  мына бір жыр жолы бойыма ай­рықша жылылық  ұялатты. Досты бағаласа, осылай бағалау керектігі осы жыр жолының астарында толық аңғарылады.

…Дос болып жарты ғасыр біз келеміз,

Аманжан, іздесек табылатын іргедеміз.

Қалайша қартайдық деп күрмелеміз,

Шабыттың шалқарында жүр кемеміз.

Студенттік шақтар қайда сайрандаған?..

Жаз дидар жас күндер-ай жайраңдаған!

Сен маған семсердейсің қайралмаған,

Табанды, мәрт мінезіңе қайран қалам! – деп таңдана, таңғала, жан досына арнапты. Алланың берген өмірі болар, Әс ағаның жырға қосқан жан досы Аманкелді Махатайұлы  үстіміздегі жылдың сәуір айында 80-ші көктеміне аяқ басты. Жырдың сұңқары, ақындардың тұлпары Әскербек аға досына жыр арнау себебі «Кеудеден жаны шыққанша сыйласқан адал достың басына іс түскенде сырт айналмай, өмірінің соңына дейін сыйласа білген нағыз достың болатынын бүгінге үлгі етсе керек.

Сол Әс аға жырлаған  нағыз досы, біз білетін Аманкелді Махатайұлы бір кездегі Сырдария ауданы, қазіргі Шиелі ауданына қарасты М.Шоқай  ауылында 1943 жылы дүниеге келген. Осы ауылда онжылдықты 1961 жылы бітірісімен жолы болып, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті және музыка  факультетінің студенті атанады. Осы студент атанған шақта Сырдың сырбаз ақыны Әскербек Рахымбеков, елге танымал қоғам қайраткері Зинабдин Шермағамбетов, партия және кеңес қызметкері, марқұм Өтеп Төлебаев және Балтабек Байсынов секілді жаңа достар табады. Бірде аш, бірде тоқ студент шақта осы қалада бір бөлмелі пәтерді олармен бірге жалдап тұрып, бір үзім қара нанды теңдей бөлісіп жейді. Осылай студенттік шақта басталған сыйластық кейін де, елдің танымал тұлғаларына айналса да араларындағы достықтың тіні еш үзілген емес. Сол достық отбасылық сыйластықтың құндылығына айна­лады. Ол достық кеудеден жан кеткенге дейін ұласқан…

1965 жылы жоғары оқу орнын бітірген Аманкелді Махатайұлы қала іргесіндегі «Коммунизмдегі» №43 мектепке мұғалім болып орналасып, алғаш еңбек жолын бастайды. Сол кезеңдері «Коммунизм» Сырдария ауданына қараған. Жігер­лі де, ізде­німпаз жігіт көп ұза­май дирек­тордың орынбасары қызме­тіне көте­ріледі. Оның еңбек­­қорлығы, білім жолындағы ізденім­паздығы, тынымсыз жұмыс істеуі, ұйымдас­тыру қабілетінің зор екендігі Сырдария ауданының басшыла­рының құлағына жетеді.

Содан оны 1973 жылы Сырдария аудандық мәдениет бөлімін бас­қаруға шақырады. Батылдығын бойына жиып, аудандық мәдениет бөлімінің басшылығы қызметіне барады. Әрине, оңай қызмет емес екендігін жақсы біледі. Ерте көктемнен бастап қыр жаққа Сарысуға шығатын шо­пандар аялдайтын пунктер мен далада жер айдап жатқан меха­­низаторлар қасынан, жазда ди­қандар қосы­нынан табылып, оларға әртүрлі сала мамандарынан құралған арнайы бригаданы жа­сақтап алып бару, оларға қызмет көрсетуді ұйымдастыру оңай жұмыс емес. Бригада құрамында денсаулық, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, мәдениет, баспасөз салаларының қызметкерлері мен үгіт-насихат топ мүшелері бар. Басшылық қызмет жайлы орындықта шіреніп отыру емес, халыққа адал қызмет көрсету қажеттігін мәдениет бөлімін басқарғанда толық түсінді. Көктемде қой өрген қырда, жазда егістіқ алқапта, күзде дән тасыған қырманда мәдени іс-шараларды өткізу уақыт таңдамайды. Осылай тынымсыз тірліктің жетегінде шап­қылап жүр­генде отбасына қарауға уақыт жоқ. Осы жылдар ішінде мемлекетке күріштен жо­ғары өнім тапсыруда Сырдария шаруашылықтарынан жүзмыңдықтар қатары шығып, оларға Аманкелді ағамыз бас­таған аудандық мәдениет бөлімі қызметкерлері рухани күш сый­лай білді. Тынымсыз тір­лігінің арқасында 15 жылға жуық басқарған мәдениет бөлімінің ұжымы Сырдария ауданы бірнеше рет республикалық фестивалінің лауреаты, 2 рет республикалық халық театрының байқауының жеңімпазы атанды. Нәтижесінде ау­дандағы екі ұжымға «Халық театры» атағын алып береді. Халық әндерін насихаттаушы, термеші, марқұм Темірхан Ерғалиевтің, ай­тыскер ақын, эпикалық жыршы Серік Өтеуов, әуесқой сазгер Саттар Шынтеміров, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, әнші-механизатор Мәден Иманжаппаров секілді талантты азаматтардың бағын ашады. Бұлардың бәрі Бүкілодақтық фестивальдің лауреаттары атанған­дар. 15 жылға жуық басқарған Сырдария аудандық мәдениет бө­лімінен соң, партия мен кеңес қыз­метіне ауыстырғанда да іскерлігі мен біліктілігін көрсете біледі.

Соның нәтижесі болар,  ҚР Пре­зидентінің «Құрмет» грамота­сымен, «ҚР Тәуелсіздігінің –10» жылдығы медалімен марапатталған. «ҚазССР-нің халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алған.

Зайыбы Палтай Бекжанова екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде солардан өрбіген немере мен шөберелердің шаттығына бөленуде. Бәрі де отбасылы, жоғары білімді ел азаматтары. Палтай апай ұзақ жыл білім саласында мұғалім болған. Бүгінде зейнеткер, отбасының тілеуқор отанасы. Әр немерелері келген сайын бір жасап қалып, шүкіршілік етеді. Палтай апаймен бас қосқандарына биыл аттай 60 жыл толыпты. Сексенінші көктемін көрген Әбекең ағамыз жаңа Қазақстанның жарқын болашағына нық сеніммен қарап, Ұлы Өмір көшіне ілесіп барады.

Кенжалы Ерімбетов,

ҚР БАҚ саласының үздігі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: