Бейсенбі, 29 шiлде, 13:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59 (1761)
26.07.2021
PDF мұрағаты

Еңбек пен бірліктің мерекесі аталып өтті

14.06.2021

326 0

Қызылорда облыстық татар этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Достық үйінде дәстүрлі Сабантой мейрамы тойланды.

Сабантой татар тіліндегі ұғымда «жер өңдеу тойы» деген мағынаны білдіреді. Мерейлі мейрамның тарихы тым тереңде. Нәпақасын еңбектен тапқан татар этносы көктемгі егіс науқанын ойын-сауыққа ұластырған. Демек Сабантойды тойлаудың астарында егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі мен арман-мұраты жатыр.

Сабантойдың негізі сынған құмыра болып саналады. Ал оны сындыру құрметті адамдарға ұсынылады.  Осы орайда алғы сөз және аталмыш дәстүрді жүзеге асыру облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбековаға берілді. 

«Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген облыстық татар этномәдени бірлестігі аталған жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Олардың белсенділері үнемі бас қосып, мәдени салт-дәстүрді жаңғыртуға атсалысып, бабадан қалған бай мұраларын сақтап қалуға барын салуда.

Бүгін міне, бауырмалдық, жомарттық пен қайырымдылық қасиеттерін айшықтайтын Сабантой мерекесінде жиналып отырмыз. Баршаңызды еңбек пен береке, бірліктің негізіне айналған айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

 Қоғамдағы достық пен келісімді нығайту, жалпы рухани адамгершілік құндылықтарды насихаттап, өңіріміздің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген Сіздерге алғысымды білдіремін»,- деп құмыра сындыру рәсімін жасады.

Мейрам аясында меймандарға татар этносының ұлттық тағамы «чак-чак» таратылды. Ән-жыр айтылып, би биленді. Ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Шым қаладан келген қонақтар Наиля Хузеева, Гулнур Файрузова музыкалық ән-шашуын тарту етті.

Концертпен қатар спорт кешенінде ұлттық сайыс түрлері армлестлинг, «татарча курәш» күресі, гір көтеру сайыстары өтті. Сайыс жеңімпаздарын облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшылық құрамы марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. 

Осылайша еңбек пен береке-бірліктің мерекесі бар сән-салтанатымен аталып өтті.

#Сабантой

#Қоғамдық_келісім

#ЕңбекБірлікБереке

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: