Сәрсенбі, 16 қазан, 13:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Ақмешіттің тойы – Алаштың тойы

15.10.2024

260 0

Сән-салтанаты жарасқан Ақмешіттің отыз күн ойын, қырық күн тойын жасасақ та жарасымды. Талай алыптың табаны тиген қастерлі топырақ қос ғасырға таяқ тастам қалған мерейтойды дүркіретіп атап өтті. Тайлы-тұяғы қалмай, алты Алашқа сауын айтқан бірнеше апталық мереке концертпен қорытындыланды.

Орталық стадионда өткен салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала, аудан әкімдері, Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары жиналды. Елге мәлім эстрада жұлдыздары келіп, Ақмешіттің аспанында ән әуелеткен орталық стадионда ине шаншар орын жоқ. Баладан қарияға дейін осында. Мерекенің мезіретін сезініп, шаһар тойына жаппай атсалысты.

Аймақ басшысы жұртшылықты мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы – Сыр өңіріне келген сапарында облысымызға дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды аймақ деп оң бағасын берді. Биыл Қызылорда қаласының бюджеті 50 млрд теңгеге артып, 107,9 млрд теңгеге жетті. Қала күні қарсаңында тұрғындар асыға күткен жайлы мектеп, Оқушылар сарайы, Теннис орталығы ел игілігіне табысталды. Сол жағалаудағы №2 шағын ауданға салынған 470 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйде қоныстой тойланды. Осы уақытқа дейін қаламыздың ең басты коммуналдық мәселесі болып келген көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету оң шешімін тапты. Биыл 187 үй, алдағы жылы тағы 237 үй ыстық суға қосылады. Соңғы екі жылда біз барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық бердік. Ең алдымен облыс орталығындағы қоғамдық көлікке қатысты түйткілді түбегейлі шешу үшін 300 жаңа автобус сатып алынды. Жаңа қоғамдық көліктер жолаушыларға қызмет көрсетуде. Тұрғындар сұранысына сәйкес алынған 200 санитарлық автокөліктің 60-ы Қызылорда қаласындағы денсаулық сақтау мекемелеріне табысталды. Сүйікті қаламыздың самаладай жарқырауына, көркейіп, гүлденуіне бірге атсалысайық! Жаңа белестерді бағындырып, асқақ армандарға бірге жетейік! Әр шаңыраққа шаттық, береке-бірлік тілеймін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты іс-шарада қаланы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тұрғыдан өркендетуде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен 9 азаматқа «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сан салада қызмет ететін 3 азаматқа облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, 9 азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Қала күніне арналған мереке отандық эстрада жұлдыздарының концертіне және отшашуға ұласты.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: