Жексенбі, 13 қазан, 02:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81-2091
12.10.2024
PDF мұрағаты

Бәрінен қымбатсың, бейбітшілік!

24.02.2021

1674 0

Тәуелсіздікке 30 жыл!

«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін». Тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш президенті Н. Назарбаев бір сөзінде осылай деген еді.

Шындығында біз талай асулардан астық. Бағынбас биік белестерден өтіп, тағдырдың теперішіне төзе білдік. Тәуелсіздікпен тетелес өскен соң, бәлкім ел басына туған күннің тауқыметін анағұрлым сезіне алмаспыз біздер. Әйтсе де, қазақтың басындағы бейнеттің қандай болғанын тарихтан білеміз. Кешегі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалған қанды қырғынның салған ойраны ат төбеліндей елдің тоз-тозын шығарғанын естіп, білдік. Қызыл империяның қарамағына өтіп, ғасырға жуық құнды уақытымызды бодандықта өткізген кезеңдер де қазаққа оңай соққы болмады. 1930 жылдың алдында «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен бастау алған ылаңның халыққа салған салмағы өз алдына. Елім деп бас көтерген ерлердің еңсесі езілді, ұлттың қаймағы болған ұлыларымыз солақай саясаттың салдарынан халық жауына айналды. Кеңестік жүйенің сойылын соққан соқа бастылардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Қара халықтың күй тайды. Алды аштыққа ұшырады, арты атылды. Бұл кезеңдер қазақ басына түскен нәубеттің ең сорақысы еді.

1941-1945 жылдар. Иә, осы бір жылдық көрсеткіштің астарында тұтас бір ұлттың емес, ТМД құрған одақтас елдердің ойран болған тағдыры жатыр десеңші?! Бұл кезеңнің де жалыны қаншама қандастарымызды жалмады. Қаншама қара шаңырақтың бас көтерері болған қазақ азаматтары қара жер құшты. Балалар жетім, әйелдер жесір қалды. Осы уақыттар тарихта «Ұлы Отан соғысы» деген атпен сақталды. Қазаққа айтарлықтай ауыртпашылық салған сол кезеңдер де бүгінгі ұрпақ жадында мәңгілікке сақталары даусыз.

Содан кейін де кеңестік жүйенің жолымен жүрген елге жарық күн тумады. «Түйенің жегені жантақ, арқалағаны алтын»,-демекші, ашығып ас ішкен, ентігіп демін алған қазаққа жақсы ат болмады. Дәстүрі дәріптелмеді, діні дүбара болды. Осылайша, қараңғылықта күн кешкен қазақтың тағдырына сексен алтының сергелдеңге салған ызғарлы сәттерін тағы қосыңыз. Бұл кезеңде де аз қан төгілген жоқ. Алматыдағы Тәуелсіздік алаңы сол бір сорақы кезеңнің куәгері. Ашық алаңда «Елдің еркіндігі керек, әр елге өзінің басшысы керек»,-деп ұрандатқан қаншама қазақ жастарын қойша қырып салған қақтығыстың өзіндік ауыртпашылығы бар. Оны жақсы білеміз, сезінеміз. Тек, қарақан басының қамы үшін емес, ұлттың тағдырын ойлап, тыпыршыған тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштарының енді қайтып мына қоғамда өмір сүрмейтіні өкінішті-ақ.

 Міне, қазақтың тарихы осылайша күрделі, бұралаң әрі азапты кезеңдерден құралған. Қайсар ұлттың осылайша ауыр жолдардан өтіп, қазіргі күнге жеткені кім-кімді де таңдандырмай қоймасы даусыз.

Тәуелсіздік. Иә, осы ұғым менің санамда соншалықты сергек әрі салмақты түрде сақталғанын білсеңіз ғой. Осы бір «Тәуелсіздік» дейтін ұғымның арғы жағында арманда кеткен қаншама ата-бабамның ерен еңбегі, көзсіз батырлығы жатқандай сезіледі маған. Сондықтан, Тәуелсіздік-қазақтың маңдайға басқан құйрықты шоқ жұлдызы деп айта аламын. Ол ата-бабамыздың ұлы мұрат жолында төгілген қанының өтеуі. Оны қадірлеп, берік ету қазіргі жас буынның алға қойған мақсаты болуы керек. Елбасымыз өзінің кезекті халыққа жасаған Жолдауында:

«…Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз-тәуелсіздік, тілегіміз-тұрақтылық, білегіміз-бірлік»,-деген болатын.

Демек, басшы сөзін қоштайтын елім барда, біз сөз қылған тәуелсіздіктің ғұмыры мәңгілік боларына сенімім мол!

Базаркүл АБДИКАСОВА,

Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған

№4 облыстық мектеп-интернат тәрбиешісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: