Жұма, 11 қазан, 19:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Мәңгілік сағыныш

27.02.2021

2048 0

Ауылға келген күннің ертеңіне әжеме барамын дедім.
– Әжең ешқайда қашпас, екі-үш адам дүние салды, отбасына көңіл айт. Келін түсіріп, қыз ұзатып қуанып отырған жұрт бар, құтты болсын деп кіріп шығарсың, туыстарға сәлем бер, – деді ағам.
– Әжемді сағындым, – дедім.
– Өзің жылына жалғыз рет ат ізін саласың, онда да от ала келгендей үш күнге келесің, осы ағайындардың кішкене балалары сені танымайды әуелі… – деп кейіді.
– Әжем де мені сағынған шығар…
Мұнан соң ағам кіші ұлын қосақтап, еркіме жіберді. Бұл ұлды бір көргенімде мектеп есігін жаңа ашқан балдырған еді, енді бойы сорайып, қызға қырындайтын жасқа жеткен. Сағынышым дедектетіп әжеме қарай сүйреп келе жатқан. Ауылдың шығыс жағында үлкен канал бар. Арыны кейде тым қатты, кейде тым баяу. Ағысы баяу жаздыкүні бала-шаға шомылып басына шықса, көктемгі қара су тасығанда көпірді жұлып, ойдағы үйлерді шайып кететін шайпау мінезі тағы бар. Табиғи емес, жасанды. Сондықтан да көркі аз, бетон жағалау көз тартпайды. Каналдан ары қозыкөш жерде үлкен жасыл қырат бар. Қыраттың төбесі мен аңғары ай көтерген күмбезге, беті шимай-шимай көктастарға, төмпешіктерге толы. Әжем де осында. Ол мен он төртке толғанда көз жұмды. Небәрі бір күннің ішінде ауылдың сыртындағы бейіттен орын тепті. Бұл түк те емес дедім: Әйтеуір бір күні үйге қайтып келер. Оны көп күткеніммен қайта оралмады. Кейінірек ағама еріп, басына бардым. Төмпешіктің астында тыныстап жатыр екен, менің алдымнан да шықпады, тіл де қатпады. Тіпті, біз қорымнан қайтып бара жатқанда қасымда қала ғой деп те айтпады. Сол сәтте оны біржола жоғалтқанымды түсіндім. Мәңгілік сағыныш буып өмір кешерімді пайымдадым.
Зиратты қырат жап-жасыл. Ажырық басқан сүрлеумен жоғары өрледік. Қаптаған төмпешіктердегі марқұм атаулы басын көтеріп, бұл кім, кім келе жатыр деп селтиіп қарап тұрғандай. Әжем тағы да үнсіз қарсы алған. Бұл қалыпты жағдай: тірі күнінде бала атаулыға суық, мейірленгені маңдайдан сипаудан ары аспайтын.
– Әже, қалың қалай? – дедім.
– Әже, мен сені сағындым, – дедім.
– Әже, уайымдама, менде барлығы жақсы, – дедім.
Арыстандының самалы есіп еді, қорым ішінде қау боп өскен қурай атаулы шуласып маған жауап қатты. Інім даусын сызылтып құран оқыды. Мұнан соң бабам мен ұлы әжемнің бейітіне кеп бет сипадым. Әжем осы екеуінің аяқ тұсында жайғасқан.
– Әже, мен қайттым, – дедім. Әжем қазір жұмақта жүр деп түйдім. Біз екеуміз әйтеуір бір күні кездесеріміз деп ойладым. Мәңгілік сағынышыма шырмалып, тірілер ауылына қарай қайта адымдадым.

Лира Қоныс

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: