Ресей жанар-жағармай нарығындағы дағдарыс көрші елдің логистика саласын да тығырыққа тіреді. Дизель отынының қымбаттауы мен тапшылығы тасымалдаушылардың бағыттарын шұғыл өзгертуге мәжбүрлеп отыр. «Коммерсантъ» басылымының жазуынша, ірі жүк көліктері үшін Қазақстан аумағы тек транзиттік дәліз емес, таптырмас «жанармай бекетіне» айналып отыр, – деп хабарлайды kursiv.media
Көрші елде отын тапшы
Ресейдің оңтүстік аймақтарында, әсіресе, Сібір және шекаралас өңірлерде дизель отынына қатысты жағдай күрделеніп тұр. Жанар-жағармай бекеттеріндегі ұзын-сонар кезек пен шектеу жеткізу мерзімін ұзартып, көліктердің бос тұрып қалуына әкеп соқты.
Осы тұста ТМД елдері арасындағы тасымалда дизель отынының литрі 70–72 рубльден бірден 77–90 рубльге дейін көтерілді.
Ресейлік логист мамандар Забайкальск немесе Монғолия арқылы өтетін дәстүрлі маршруттардың тиімсіздігінен (кезек пен уақыт жоғалту) қашып, бағытты Қазақстан арқылы салуды жөн көріп отыр. Көрші елдің тасымалдаушылары арзан отынды толтырып алып кетіп жатыр. Ресейдегі отын дағдарысы созыла берсе, жүк ағынының айтарлықтай бөлігі Қазақстанға қарай ойысатыны анық.
Ресей мен Қазақстан арасындағы бұл үрдіс тек нарықтық сұраныспен ғана емес, заңнамалық негіздермен де бекітілген. 2025 жылдың шілдесінде Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мұнай мен мұнай өнімдерін бажсыз жеткізу туралы заңға қол қойған болатын.
Бұл құжат екі ел үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің мерзімін 2028 жылға дейін ұзартты.
Жақында Ресейдің Қазақстанмен шекаралас екі облысында бензинге шектеу енгізілген.
Ресейдегі жанармай тапшылығы да бағаны жоғары сүйрейді. Федерация аумағындағы мұнай өңдеу зауыттары украин дрондарының соққысына ұшырап, бензин тапшы тауарға айналды. Сондықтан ол елде баға күн санап өсіп барады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
