Дүйсенбі, 06 мамыр, 20:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

2023 жыл несімен есте қалды?

30.12.2023

573 0

Сурет: фотоколллаж

Тағы бір жылмен қоштасып, күнтізбенің жаңа парағын ашуға санаулы күн қалды. Зырғыған уақыт бір белгі жоқтай көрінгенмен, есте қаларлық оқиғалар сол жылдардың куәсіне айналып, тарих бетінде қала беретіні сөзсіз. 2023 жылдың он екі айы да текке өткен жоқ. Жеңіс пен жеңіліс, қуаныш пен қайғы қатар жүретін өмір-өзенде жылға арқау болған қуанышты сәттер де, көңіл қынжылтқан сәтте де болды. Тағы бір жылдың күнтізбесін тәмамдар жылжабар нөмірімізде өтіп бара жатқан қоян жылының есте қалған сәттерін сараптағанды жөн көрдік.

Жаңа Қазақстандағы сайлау

Жылдың алғашқы айында Парламент Мәжілісін тарату және жергілікті мәслихат өкілеттігін мерзімімен бұрын тоқтату туралы президент жарлығынан соң елімізде көктем шыға сайлау өтті. Халық Мәжіліс және жергілікті мәслихат депутаттарын қайта сайлады. Наурыз айында мажоритарлы-пропорционалды аралас жүйе бойынша өткен сайлау нәтижесінде Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттың жаңа құрамы өз қызметіне кірісті. Сондай-ақ биылғы жыл алғаш рет аудан әкімдерін сайлаумен есте қалды.

«Қайтқан малда қайыр бар» немесе сыртқа кеткен ақша ел игілігіне жұмсалады

Биыл Мемлекет басшысы «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Көп заңның ішінде жұртшылықтың назарын аударға осы құжат болды. Олигополиялық топтардың заңсыз иемденген активтері сырттан қайтарылып, ел игілігіне жұмсалады. Заң іске қосылып, сыртқа кеткен қаржы елге қайта бастады. Бір айта кетерлігі, жемқорлардың жымқырған қаржысына елде 72 жаңа мектеп салынбақ.

Қарыздан құтылудың жолы бар ма?

Өткен жыл соңында қабылданған «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданып, несие қамытынан шыға алмаған елдің қарыз жүктемесін жеңілдетуге сеп болды. Әрине, заңның өз талабы бар.  Сонымен қатар «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы да ел бойынша жүзеге асуда. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақ­сатында қолға алған жобаның  қаншалықты нәтижелі болатыны уақыт еншісінде. Ең бастысы, халыққа шектен тыс қарызға батудың соңы жақсы емесін түсінетін уақыт келгенін түсіндіру.

Әлеуметтің әлеуетін көтеретін құжат

2023 жылы қабылданған маңызды құ­жаттың бірі – «Әлеуметтік кодекс». Адам өмірінің барлық кезеңін қамтитын құжатта бала дүниеге келгеннен бастап кәмелет жасқа толғанға дейін, мұнан соң жастарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік сақ­тандыру, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық, отбасының цифрлық картасын жасау секілді жұмыстың барлығы ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

20 миллионға жеттік!

Мың өліп, мың тірілген қазақ биыл 20 миллионға жетті! Талай зобалаң жылдарды, аштықты да, жұтты да, репрессияны бастан өткеріп, аман қалған қазақтың санының өсуі үлкен қуаныш. 2023 жылдың 14 қара­шасында «20 миллионға жеттік» деп бөркімізді аспанға аттық.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, соңғы 30 жылда елімізде халық 22,3%-ға өскен. Мәселен 1991 жылы Қазақстанның халық саны 16,4 млн адамды құраған еді. Бала туудың ең жоғары көрсеткіші 2021 жылы тіркелген, сол жылы 446 мың бала дүние есігін ашқан. Жалпы өлім-жітім 1991 жыл мен 2022 жылды салыстырғанда 6,8 есе төмендеді. Ал сәбилер шетінеуінің коэффициенті 3,5 есе төмендеген.

Ақбөкенге оқ аттық

«Егістікке зияны тиеді» деген желеумен киікті атуға рұқсат берген жыл ретінде есте қалды. Әдепкіде қоғам болып қарсы тұрып, тіпті бір министр қызметімен қош айтысқанымен, жыл соңына қарай ақ­бөкенді атуға рұқсат берілді. Ал адамға шабуылдайтын қаңғыбас иттерге әлі кел­меген қоян жылы бұл мәселені енді ұлу жылына қалдыратыны сөзсіз.

Немқұрайлылық салдары

Өтіп бара жатқан жылдың жүректі ауыртқан сәттері де аз емес. Қоян жылында еліміздің көк туы екі мәрте төмен түсіріліп, жалпыұлттық аза тұту күні болды. Біріншісі, маусым айындағы Семей орманындағы өрт ондаған өрттен құтқару қызметкерінің өмірін жалмаса, қазан айындағы Костенко шахтасындағы апат 45 адамның өмірін қиды. Аза тұтқан ел үшін бұл оқиға немқұрайдылықтың сал­дарын көрсетті. Ел Үкіметі «Арселор Мит­талТеміртау» компаниясын сатып алды.

«Жайлы мектеп»

салына бастады

2023 жылы жиі қозғалған тақырыптың бірі – жайлы мектеп болды. Ел Прези­дентінің тапсырмасымен өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабыл­данған еді. Жалпы бұған дейін де елде білім саласында өзекті мәселелерді шешу үшін бірнеше бағдарлама жүзеге асты. Дегенмен аты да, заты да бөлек бұл жобадан көптің күтері көп. Себебі бұл жай мектеп емес, оқушыға да, мұғалімге де, жалпы ұлт болашағын тәрбиелеу үшін уақыт талабына сай салынатын жаңа да жайлы мектептердің үлгісі болмақ.

Жалпы жобаның мақсаты қандай де­генге келсек, әрине, ең алдымен елімізде мектептердегі орын тапшылығын шешу мақсаты көзделгені белгілі. Ұлттық жобада атап көрсетілгендей, елімізде мектеп құры­лысының қарқыны елдегі  білім беру орындарының жетіспеушілігінің орнын толтыруға ілесе алмай келеді. Сарап­шылар пікірінше, 2026 жылға қарай мектептерде орын тапшылығы 1,1 млн-ды құрайды деген болжам бар. «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 2026 жылға дейін 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп ашу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға алдағы үш жылға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қаржы қарастырылған. Биыл 461 мың оқу­шыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды.

Сыр өңірінде де бұл мақсатта жүйелі жұмыстар жүруде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қызылорда қаласында 4 іргелі мектептің жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді.

Жалпы жыл бойы есте қалар оқиға­ларды бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Аймақтың өзінде жыл бойы елді елең еткізген жаңалықтар аз болған жоқ. Мемлекет басшысының сапары, жүзеге асқан игі жобалар аз емес. Бір сөзбен айтқанда, бұл жыл сырбойылықтар үшін құрылысы қарқын алған жыл болды. Нәти­жесінде жаңа неке сарайы, «Анаға тағ­зым», «Өнер орталығы», бірнеше көпір құрылысы бір жылда аяқталып пайда­лануға берілді. Сондай-ақ ауылдың еңсесін көтеру мақсатында «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының нәтижесінде біраз ауыл техникасын сайлап, бір серпіліп қалды. Жылдың тағы бір ұмытылмас сәті – аймақтағы өнер және әдебиет өкілдеріне арнап «Тұран» сыйлығының табысталуы. Өнер мен әдебиетке қамқорлық жасауы­мен қоян жылы есте қалды. Жыл қоры­тындысымен аймақтағы өзге де елеулі жетістіктерді газетіміздің бүгінгі санында арнайылап бер­генді жөн көрдік.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: