Дүйсенбі, 07 қазан, 06:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Азық-түлік: Баға тұрақтанды ма?

13.01.2024

471 0

Сурет: egemen.kz

Жалақы мен зейнетақы өседі деген әңгіме шығысымен базардағы баға да көтеріледі. Шындық қой, мұның несін жасырамыз. Әсіресе азық-түлік бағасын тұрақтандыру оңай болмай тұр.

Ел үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша 2023 жылғы жұмысының қорытындысын шығарыпты. Мәселе Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қаралған. Рrimeminister.kz-тің хабарлауынша, жалпы жылдық инфляция деңгейі бойынша 9,8%-ды құрап, алғаш рет азық-түлік индикаторы азық-түлік емес тауарлар индикаторынан төмен болған. Азық-түлік инфляциясын төмендетудің негізгі қозғаушы күші әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары болды.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, министрлік инфляция деңгейін 2024 жылы 6-8% деңгейінде ұстап тұру үшін қазіргі жағдай мен бес жылдық үрдісті ескере отырып, әрбір өңір бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар бөлінісінде индикативті бөлшек сауда мәндерін есептеді.
– Өңірлер мен тауарлар бөлінісіндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының индикативті бағасының жобасы 2024 жылы 6-8%-дан аспайтын инфляцияның нысаналы деңгейі негізінде есептелген. Ұсынылатын көрсеткіштер ағымдағы нарықтық конъюктураны, маусымдық факторды және болжамды трендтерді ескереді. Сондай-ақ делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы да жалғастырылатын болады, – деді А.Бижанова.
Кеңесте ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тұрақтандыру қорларындағы ұн мен нан бағасын тұрақтандыру және көкөніс қорына қатысты жағдайды мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта әкімдіктердің деректері бойынша ӘКК-де 25,7 мың тонна көлемінде ұн қоры бар, оның ішінде тұрақтандыру қорларында – 14,1 мың тонна, айналым схемасы шеңберінде – 11,5 мың тонна. Әкімдіктер мен Азық-түлік корпорациясының меморандумдары аясында өңірлерді жеңілдетілген бидаймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында бекітілген бидай көлемі 64,5 мың тоннаны құрайды, қазірдің өзінде 60,8 мың тонна бидай жөнелтілді, – деді Е.Тасжүреков.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, биылғы қыс пен көктемге 174,1 мың тонна көлемінде көкөніс қоры қалыптастырылған. Тарқатып айтар болсақ, 100,6 мың тонна картоп, 25,6 мың тонна пияз, 22,6 мың тонна қырыққабат, 25,1 мың тонна сәбіз бар деген сөз. Мамандар бұл көлемдер нарыққа ақпан-сәуір айларында әсер ету үшін жеткілікті деп отыр.
Министр орынбасары әкімдерге мамырдан шілдеге дейін көкөніс бағасының өсуіне жол бермеу үшін ерте жиналатын егінді жеткізуге арналған форвардтық келісім шарттар жасау қажеттігін еске салды.
– Биылғы маусымаралық кезеңді қаржыландыру өткен жылдың 1 тамызынан басталуы тиіс еді. Алайда өңірлер әлі күнге дейін ерте пісетін көкөністерді жеткізуге форвардтық шарттар ұсынған жоқ, – деп атап өтті Е.Тасжүреков.
Жиынды қорытындылай келе, Серік Жұманғарин өткен жылы қазақстандықтардың инфляциялық күтулері өте жоғары болғанын, бұл үрдіс 2022-2023 жылдардағы инфляцияға әсер еткенін айтты.
– Биыл инфляция дәлізіне 6-8% кіру міндеті тұр. Көкөніс қорларын брондау үшін нақты жоспар құру керек және бұл жұмысты ақпан айының соңында емес, әлдеқайда ертерек бастау қажет. Қажет болған жағдайда жеміс-көкөніс өнімдерін бір өңірден екінші өңірге бірнеше күн ішінде жеткізу мақсатында өңіраралық көлік логистикасының тиімділігін арттыру керек. Өнімсіз делдалдарды анықтау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту қажет, – деп қорытындылады С.Жұманғарин.
Үкімет басшысының орынбасары өткізген кеңесте өңірлердің үйлесімді жұмысы көп нәрсені шешетіні айтылды. Әсіресе азық-түлік бағасын тұрақтандыруда маңызды рөл атқаратыны да тілге тиек етілді.

А.Бек

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: