Сенбі, 27 сәуiр, 11:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Бас шаһарда басқа қожайын

12.01.2024

275 0

Сурет: Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы аптадағы Қызылордадағы айтулы жаңалықтың бірі ретінде қала әкімінің ауысуын атап өтуге болады. Екі жылға жуық әкім болған Асылбек Шәменов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қала басшысы қызметінен босап, орнына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов келді.

Өмірбекұлы кетіп, Салауатұлы келді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтіп, әріптестері Қызылорда қаласын басқарған Асылбек Шәменовті жаңа қызметке шығарып салды.

Актив отырысында Нұрлыбек Машбекұлы өткен жылы жүзеге асқан жобалар мен атқарылған жұмыстарға тоқталып, қабылданған шешімдердің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Асылбек Өмірбекұлына облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

            Шаһар басқарған Шәменовтің еңбек жолын қызылордалықтар жақсы біледі деген ойдамыз. Ол әр жылдары жеке сектор мен мемлекеттік органдарда түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы, Жалағаш ауданының әкімі болды. 2022 жылдан бері Қызылорда қаласының әкімі болып еңбек етті.

            Асылбек Шәменовтің орнына Серік Қожаниязов әкім болды. Бұған дейін облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Серік Салауатұлы да бір кездері осы шаһарды басқарған. Ол тұста облыс әкімі Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы еді. Екеуінің көпқабатты үйлердің өжіресіне дейін түсіп жұмыс істегенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Қош делік, сонымен Өмірбекұлы кетіп, Салауатұлы келді. Сыр еліндегі бас шаһардың енді қалай дамитыны жаңа әкімге байланысты.

Актив отырысында қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев, Мәжіліс  депутаты Мархабат Жайымбетов, белгілі журналист Шәкизада Әбдікәрімов,  қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова Асылбек Өмірбекұлы мен Серік Салауатұлын құттықтап, жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.

Шәменов несімен есте қалды?

Әкімдер атқарған жұмысы арқылы ел есінде сақталады. Екі жылға жуық Қызылорданы басқарған Асылбек Өмірбекұлы әкім кезінде не істеді? Енді соған тоқталайық.

Қызылорданың аймақтың бас қаласы екені белгілі. Тіпті облыс тұрғындарының жартысы осы қалада тұрады десек, артық айтқандық емес. Сол себепті де аймақтың басқа өңіріне қарағанда мұнда мәселе көп. Тіпті тарқатылмаған түйін жетіп артылады. Облыстың бас қаласы болған соң мұндағы жұмыс қарқыны, тұрғындардың талап-тілектері, қолға алынған, алдағы уақытқа межеленген жобалар да ауқымды. Оның үстіне аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері қаланың даму тенденцияларымен тікелей байланысты. Басқа аймақтан келген адам Сыр өңірінің даму қарқынын Қызылорданың өркендеуінен көретіні жасырын емес.

Шәменов әкім болғанда не істеді дегенге жауап іздеп көрейік. Ол қалаға басшы болған 2022 жылдың басында шаһар бюджеті 51,6 млрд теңге болған. Қызылорда қаласының бюджеті екі жылда екі есе өсіп, өткен жылды 95,1 млрд теңгемен қорытындылады. Асылбек Өмірбекұлы Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының оң динамикасын қалыптастыру үшін барын сала еңбектенді. Қала халқының 97,7 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылған. Абай, Досан елді мекендері де табиғи газға қосылды, қоғамдық көлік мәселесі толықтай шешімін тапты.

Бұдан бөлек кейінгі екі жылда 2 мектеп, 2 мәдениет үйі пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 мектептің құрылысы басталды, 4 іргелі мектептің жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынды. Досан ауылында медициналық бекет, Тасбөгет кенті мен «Ақсуат» ауылдық округінде жаңа спорт кешені бой көтерді. Талсуаттағы мәдениет үйі жаңадан салынды. «Отбасы», «Анаға тағзым» орталықтары қызметін бастады. 2102 пәтерлік 39 тұрғын үй пайдалануға берілді, 42 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылды, 36 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Қала мен оған қарасты елді мекендерде 326 көшенің 243,3 шақырым жолы жөнделді, 35 көшеге жаяу жүргінші жолы салынды. Екі теміржол өткелі көпірі, «Бәйтерек» тұрғын ауданында «Қызылжарма» арнасы арқылы өтетін автомобиль көпірі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жол айрығы ел игілігіне пайдалануға берілді. Тағы бір атап өтерлігі, Сұлтан Бейбарыс және Астана даңғылдары кеңейтілді. Шәменов қала мен оған қарасты кент және елді мекендерді үнемі аралап, тұрғындармен жиі кездесетін. Қала маңындағы саяжай тұрғындарымен де кездесіп, талап-тілегін тыңдап, орындау үшін білек сыбана кіріскенін де білеміз. Тіпті биыл атқарылатын жұмыстың бірсыпырасын жыл басынан бастағанын да шаһар жұрты көріп отыр.

Жаңа әкімге талап көп

Актив отырысында аймақ басшысы Серік Қожаниязовтың тәжірибелі маман екенін атап өтті.  

– Серік Салауатұлы – облыс көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде мойындалған білікті маман, тәжірибелі басшы. Облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде ол жетекшілік еткен салалардың макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім қалыптасты. Жыл қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі 3,6 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 33,5 пайыз, ауыл шаруашылығы 3,7 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі 40,4 пайыз, тұрғын үй 8,4 пайыз, негізгі капиталға тартылған инвестиция 14,2 пайыз артты. Серік Салауатұлының көп жылғы тәжірибесі мен түрлі салаға жетекшілік еткен кезеңдердегі сапалы жұмысын, жедел әрі жүйелі шешім қабылдайтын, кез келген іске жоғары талап қоятын қабілетін ескеріп, Қызылорда қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадық. Мемлекет басшысының, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, қызылордалықтардың әл-ауқатын арттыруға аянбай жұмыс жасайтынына сенемін, – деді облыс әкімі.

Облыс тұрғындарының басым бөлігі қалаға қоныстанып, шаһар аумағы ұлғайып келеді. Аймақтың бас қаласы болған соң Қызылорда халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жайлы ортаға айналып, барлық ауданға үлгі болса дейміз. Облыс басшысы қаланың жаңа әкіміне экономиканың барлық саласы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде нәтижелі жұмыс көрсетуді тапсырып, ол үшін барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.  

            Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазір Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығы, Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы, заманауи үлгідегі автовокзал салынып жатыр. Биыл Жаппасбай батыр көшесі 4 жолақты болып кеңейтіледі, Яссауи көшесі қайта жаңғыртылады.  Жанқожа батыр көшесінен теміржол асты көпірі салынады. Бұл жобаларға республикалық және облыстық бюджеттен 11 млрд теңге қаржы қаралуда. «Оқушылар сарайының», орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы тағы бар. «Самұрық қазына траст» қорымен бірге халықаралық стандарттарға сәйкес келетін үстел теннисі орталығының, «Саутс Ойл» компаниясы музыкалық колледж ғимараты құрылысын  бастайды. 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық салынады, «Қан орталығы» өз қызметіне кіріседі. Жерлесіміз Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен қаланың орталық алаңы қайта жаңғыртылуда. Аймақтың бас шаһарындағы ауқымды жобалардың мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуы қала әкімінің тікелей бақылауында болуы қажет.

Бұдан бөлек жаңа тағайындалған қала әкіміне жылу маусымын жоғары деңгейде, іркіліссіз ұйымдастыру, коммуналдық сала қызметінің үзіліссіз, сапалы қызмет көрсетуін үйлестіру,  кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен жастарды тұрғын үй және жер учаскелерімен қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдау міндеті жүктелді. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындарын ашып, салық түсімін арттыру, шет аймақтардағы жолдарды жөндеу, көше құрылысы мен электр желілерін жаңарту, қаланы және елді мекендерді абаттандырып, сәулет келбетін қатаң сақтау тапсырылды. Иә, жаңа әкімге қойылып отырған талап аз емес.

Бұрынғы әкім қайда кетті?

Асылбек Шәменов 2022 жылдың сәуірінен 2024 жылдың 10 қаңтарына дейін Қызылорда қаласының әкімі болыпты. Аймақ басшысының қолдауымен атқарылған жұмыстарды атап өттік. Қарап отырсақ, тындырымды тірлік аз емес.

Әкімдік орынтақты босатқан Өмірбекұлы Президент әкімшілігінен бір-ақ шықты. Нақтырақ айтсақ, ол  Қазақстан Республикасы  Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымына тағайындалды. Несі бар, жап-жақсы қызмет. Бір сөзбен айтқанда, Шәменов өсті. Ол барлық жағынан өсті десек қателеспейміз. Әкім болған тұста басқарушылық қабілеті шыңдалды, елмен етене жұмыс істеуге, тұрғындардың талап-тілегін орындауға бейімделді, қаланың әлеуетін арттыруға үлес қосты.  

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: