Жұма, 03 мамыр, 07:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Минимализм немесе «қоя жесең қой қалар»

06.01.2024

335 0

Сурет: beatingtrauma.com

«Минимализм» ұғымының да қазақ қоғамына енгеніне көп бола қойған жоқ. Соңғы кезде сәнге айналған бұл стиль дизайн, архитектура саласында кеңінен қолданылып жүр. Ал әзірге өмір салтымызға минимализм дендеп енді деп айтуға әлі ерте сияқты.

Минимализм ұғымы алғаш рет өткен ғасырда өнері, архитектура мен дизайн, философия салаларында пайда болғанмен, ХХІ ғасырда өзекті тақырып ретінде жиі айтыла бастады. Бұған уақыт талабы да әсер етсе керек. Ақпараттық ғасырда адамның өмірге деген көзқарасы да, 2 ұстанымы да өзгерді.

Алақандағы сенсордан кімнің қалай өмір сүріп жатқаны, қандай үйде тұратыны, киген киімі, той жасағанын алаңсыз тамашалауға мүмкіндік туған заманда жұрт өз табысына қарай өмір сүруді емес, «жаяудың аттыға ергеніндей» күй кешуде. Оның үстіне әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін жүргізгендер жалт-жұлт еткен жарнамамен тұтынушыны өзіне тартып әлек. Одан қалды жақсы өмір сүруге, бар жақсыға лайықсың» деп ұрандатқан коучтардың қымбат сабағы да елді ұйытып, қызылды-жасылды дүниеге құмарлығын оятып құлқынға қызмет етуді үйретті. Нәтижесінде қарызға батқан елге қаржылық сауат керегін түсіндік. Демек, дәл қазір қазақ үшін де өмір салтына минимализмді енгізу қажет.

Жалпы минимализм қазаққа жат ұғым ба? Минимализмнің негізгі мақсатын зерттей бастасақ, мұның бәрін атам қазақ баяғыда айтып кеткен ғой дейтініміз шындық. Қазақ айтқан «Көрпеге қарай көсілуді» ұмытып кеткен қазақ қоғамына қарызсыз өмір сүруді үйрету жайын бүгінде ел Үкіметінен бастап қолға алуда. Жақында белгілі журналист, жазушы Лира Қоныстың «Қазақша минимализм немесе үйде бәрі бар» атты кітабы жарық көрді. Қоғам үшін өзекті тақырыпқа жиі қалам тербеп жүргендіктен кітапты оқығанша асықтық. Автор дамыған елдердегі минимализм мен аста-төк даңғазалықты, қазақтың ысырапқа жол бермейтін салтдәстүрін байланыстырып, табысыңа лайық жақсы өмір сүрудің мысалын әдемі көрсеткен. Ең бастысы, «өйтпе, бүйтпе» деген ақыл айту да жоқ. Өмірлік мысалдарды алға тарта отырып, қазақ қоғамындағы дүние жарыстың соңы кедейшілікпен аяқталатынын меңзейді. Минималистер клубының мүшесі ретінде артық киім, артық зат, артық қонақ күту, тіпті артық ақпараттың өзі зиян екенін түсіндірген мысалдары көкейге қона кетеді. Тіпті өмірлік мысалдардан өзіңді көргендей болып, кітапты оқып отырып, ұяласың, ойланасың, шешім қабылдайсың. Автор айтқандай, бір жазды жалғыз көйлекпен өткізуге санамыз әлі дайын болмаса да, онлайн дүкен аралап, жеңілдіктер жарнамасын айналып өту қажетін, керекті де, керек еместі де әйтеуір бір күні керек болып қалар деген желеумен артық затты тастамайтын әдетімізден арылу қажетін қабылдадық. Автор не нәрсенің де артығымен тұрғанын жақсы көретін ұстаным әр қазақтың басындағы жағдай екенін әдемі жеткізеді.

Шыт көйлектің шығыны

 Маркетингтердің жеңілдіктер маусымына шақырған жарнамасына желігіп, киім алып қалуға тырысатындар үшін бір киіп тастар көйлектің шығыны туралы автор келтірген дәйектер кім-кімді де ойландыратыны сөзсіз. Үзінді келтірейік: «Киімкешек индустриясы – қоқысы мол және таза суды мейлінше көп тұтынатын сала. Алпауыт зауыттар мен фабрикалар тұрғанда бір жейде, екі шұлық шығарғаннан табиғат зиян шекпес деген қате түсінік. Тамшының тас жаратыны сияқты, әлем осындай ұсақ-түйектің кесірінен тозып барады. Әлем халқын бір жыл киіндіру үшін бір жылда 79 млрд текше метр су керек. Ал күн сайын 2,7 млрд адам ауызсу тапшылығын көріп отыр. Халық ішерге қара су таппай жатқанда сонша суды сән индустриясын дамытуға жұмсап жіберу ысырап емес пе? Құны екі мың теңгелік шыт футболканы өндіруге 2700 литр су керек. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл суды бір адам үш жыл тұтынады екен».

«Екі мың теңгелік шыт жейде үшін сонша аттандап не болды?» деген түсінбеушілік туындауы мүмкін. Минималистік пәлсапаны түсіндіру үшін біз экономикалық факторлар мен цифрлық өлшемдерге жүгінеміз. Бір дана жейде өндіру ісін талқылайық: Киім өндірісінде мақтадан иірілген мата маңызды. Мақтаның сорты, тығыздығына байланысты да шығын көбеймек. Бір жейде үшін көптеген фактор жұмыс істейді. Бірінші, мақтаны егу, өсіру уақыты. Екінші, мақта өндірісі үшін су. Мақта өсімдігі оттегімен қатар топырақтан қоректік минералдарды қатты сіңіреді. Одан әрі мақтаны шиттеу, талшықты жуу, тарау, бояу, иіру кезеңдері басталмақ. Мұның барлығы электр қуаты арқылы жұмыс істейтін машиналар арқылы іске аспақ. Өндіріс кезіндегі қоқысты, техникадан шығатын түтінді есепке алыңыз. Мақта өндірісі зиян десек, жібек матаны өндіру де жетісіп тұрған жоқ. Азияда жыл сайын мыңдаған гектар тұт ормандары жібек құртының жеміне айналады. Осы ақпараттан кейін де керек болмаса да дүкенде жеңілдік боп жатыр екен деп арзан жейдені ала бересіз бе? Сіз үшін еден сүрткіш болса да пайдалы шығар, бірақ сол трәпкі үшін ғаламның қаншалықты ластанғанын кім ойлайды? Табиғатты, жер ғаламшарын сақтау үшін қолымыздан келетіні киім сатып алмау, ескі дүниемізді тозғанша мұқият қолдану».

Автор келтірген дәйектер санаңызға сілкініс туғызары анық. Дегенмен бұл мысал да киімге деген қызығушылығыңызды баса алмаса да, ең болмаса ай сайын қалтаға қаншалықты салмақ салатынын әр адам есептей білсе, мүмкін ойланып қалар.

Жақында әріптесіміздің бірі «Бір жылда қанша ақшаны қайда жұмсағаныңды көріп, қандай шығынды азайтуға болатынын ойлану үшін пайдалы екен» деп «Каспий голдтағы» бір жылдық шығынды есептеу идеясын ұсыныпты. Ойланып қалдық. Шынында, жыл бойы көзге көрінбес майда-шүйде сатып алғанымыз жинала келе біраз қаржыны құрапты. Қарапайым мысал секілді көрінгенмен, жыл бойы тапқан табысыңды қайда жұмсағаныңды жобасын білу де алдағы жылдың қаржы жоспарын жүйелеуге ой салады екен.

Тұтыну несиесіне тоқтау болмай тұр

«S&P Global Ratings» халықаралық агенттігінің сарапшыларының мәлімдеуінше қазақстандықтардың 75 пайызының тұтыну несиесі бар.

Сарапшылардың талдауына сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанда бөлшек несиенің өсімі баяулауы мүмкін. Тұрғын үй қарызына деген сұраныстың азаюы және бөлшек сауда сегментіндегі реттеудің күшеюі ипотека және кепілсіз тұтынушылық несие көлемінің төмендеуіне ықпал етпек.

– Соңғы екі жылда қазақстандық екінші деңгейлі банктерде ипотекалық несие беру күрт өсті. Алайда оның қарқыны 2023-2024 жылдары орта есеппен 2020-2021 жылдардағы 38-47%-дан –12-15%-ға дейін төмендейді деп болжаймыз. Ұзақ мерзімді болашақта кейінгі бірнеше жылда байқалған құрылымдық өзгерістер есебінен тәуекел құны орташа есеппен 1% шамасында тұрақтануы мүмкін», – деп есептейді агенттік сарапшылары.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы 3 жылда тұтыну несиесін алуда өсім байқалған.

– Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – дейді ол.

Қарызсыз өмір сүру мүмкін бе?

 Халықтың қарызға белшеден батуы – бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Қазір «қалай қарызды көбейтіп алғанымды білмей қалдым. Майда-шүйде несие ала берген екем. Жауып тастаймын деп ойладым» дегенді екінің бірінен естисіз. Қарызға батқан елдің қаржы сауатын арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруда. Партияның Қызылорда қалалық филиалының атқарушы хатшысы, экономист-ғалым Гүлшат Мұсаева көпшілігі несие алғанда оның пайызына бас қатырмайтынын айтады.

– Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы еңбекке жарамды 5 қазақстандықтың төртеуінде несие болған. Қаржылық сауатсыздықтың салдары орасан. Қарызы көбейе берген соң несиеге барып ұрынады. Көп кездесетін жайт – несие алған кезде азаматтарымыз банктің пайыздық мөлшерлемесін есептеп жатпайды. Мысалы, жобаға қатысушылардың 63,1%-ы несие бойынша пайыздар мен артық төлем мөлшерін білмеген. 38%-ы отбасының жалпы орташа табысы 70 мың теңге көлемінде ғана бола тұрып, банктерден және шағын қаржы ұйымдарынан 2-ден 4-ке дейін несие алған. Соның салдарынан ай сайынғы берешегі табысынан асып түсіп жатады. Бұл жағдайда не істейді? Әрине, қарызын төлей алмаған соң ол адамның есепшоты бұғатталады. Тіптен, 13,8%-ның 10-нан астам несиесі бар. Сонымен қатар мұндай санаттағы адамдардың қатарында алаяқтарға алданып қалғандар да, құмар ойындарға тәуелді болғандар да кездеседі. Ол бөлек әңгіме. Жалпы қарызға бату мәселесін жан-жақты қарауымыз керек. «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы бойынша оқыту мақсатында 60 сарапшы, 18 заңгер жұмыс істеп жатыр. Сарапшылар 45 адамға банкроттыққа өтуге көмектескен және 1181 адам реструктуризация жасап, 2551 депозит ашылған.

 Несие алғанда да келісімшартын мұқият оқып, саналы түрде шешім қабылдасын деген ой келеді. Бұл жобаға банктер де қызығушылық танытып отыр және оның өзіндік себебі бар. Мысалы, бізге халықтың қаржылық сауаты артқаны, ал банкке несие алған адамның ай сайын несиесін төлеп, банктің бюджетін толтырып отырғаны керек. Әйтпегенде, олар да борышкерлердің артуынан шығынға батып жатыр, – дейді ол.

НЕСИЕ талабы күшейеді

– Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.

Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы сол үшін нақты шаралар қолға алынып жатқанына тоқталды.

 – Мысалы, соңғы жылдары банктер мен микрокредит ұйымдарына қойылатын тұтыну несиесі капиталының көлеміне қатысты талаптар бес есе күшейтілді. Төлеу мерзімі өтіп кеткен берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды. Сондайақ қарызын уақытылы өтей алмаған борышкерге 90 күннен әрі айыппұл салуға болмайды. Коллектор агенттіктеріне тұрақты тексеру жүргізіледі.

Борышкерлер құқығын қорғау үшін несие беру туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер әзірленді. Бұл өзгерістер банктерге, микрокредит ұйымдарына және коллектор агенттіктеріне талапты одан да күшейте түседі. Несиелерді коллектор компанияларына сатуды шектеу ұсынылады. Коллектор компаниялары қарызды өзіне алған соң мәселені реттеп көруге міндетті болады. Банк омбудсменінің өкілеттігі де кеңейтіледі. Қазір бұл құжатты Мәжіліс депутаттары қарап жатыр. Мен бұл бастаманы қолдауға дайынмын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазаққа жат емес

 Сөз басында айтқан минимализм ұғымы қазаққа жат емес. Қазақ қашанда үнемдей біліп, ысырапқа жол бермеген. Бүгінгі сәнге айналған минимализмді қазақ бір-ақ ауыз сөзбен «Тарта жесең тай қалар, қоя жесең қой қалар, қоймай жесең нең қалар?!» деп түйіндеген ғой. Ал бүгінгі тілмен айтқанда, әр қазақ минимализмді өмір салтына енгізе алса, көп мәселеден құтылар еді. Мамандар пікірінше, минимализмнің қоғамға пайдасы көп. Біріншіден, адамдар күйзеліске түспейді, екіншіден, уақытқа да үнем, үшіншіден, құндылықтар өзгереді, адамның энергия жұмсауында тепе-теңдік сақталады, ақша жинауға мүмкіндік туады. Ең бастысы, жайлы да тыныш өмір сүруге болады.

 Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: