Бүгін облыстық мәслихат депутаты, Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Балжан Шәменованың төрағалығымен сессия алдындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ, барлық басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы» болды. Аталған мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы С.Мырзабек баяндама жасап, облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Б.Пшанов 2025 жылғы бюджеттің атқарылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары мен анықталған кемшіліктерге тоқталды.
Мұнан соң, «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №199 шешіміне және «2026-2030 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 25 желтоқсандағы № 218 шешіміне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Басқарма басшысы С.Мырзабек хабарлама жасап, ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі бағыттары мен олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі мен күтілетін нәтижелері туралы жан-жақты баяндады.
Отырыс барысында туындаған қосымша сұрақтарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов және басқарма басшысы С.Мырзабек толыққанды жауап берді.
Күн тәртібінде одан бөлек, «Облыстық ветеринария, қоғамдық даму, дене шынықтыру және спорт басқармаларының 2025 жылы атқарған жұмыстарының есебі туралы»; «Қызылорда облысының әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың шешіміне толықтырулар енгізу; «Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын» іске асыру жөніндегі Қызылорда облысының өңірлік жоспарын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың шешіміне өзгеріс енгізу; «Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы» облыстық мәслихаттың шешіміне өзгеріс енгізу; «Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы» облыстық мәслихаттың шешіміне толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралды.
Депутаттар өз кезегінде өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдау және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын басты назарда ұстау керектігін жеткізді.
Отырыс соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған барлық мәселе бірауыздан мақұлданып, шешім жобалары сессия қарауына жіберілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
