Бейсенбі, 02 мамыр, 18:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Өс, өн, өрбі, көбей, ҚАЗАҚ!

04.11.2023

700 0

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Жұбан Молдағалиевтің осы бір өлеңі жүрегі қазақ деп соғатын әр азаматқа таныс. Иә, мың өліп, мың тірілген қазақтың пешенесіне жазылғаны оңай болмай тұр. Соғысты да көрді, аштықты да бастан өткерді, империалистік, шованистік көзқарастағылар қолдан да қырды. Арып-ашып, өлместің күнін көріп, егемен ел болды.

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асты дегеннің өзінде қазақты жетілді, еңсе тіктеді деп айту қиын. Бірақ ендігі жерде елдікті уыстан шығарып алмау үшін қарманып бағуда. Жұрттың бәріне дос болып құшақ ашып, ниет пен пейілдің түзу екенін білдіріп жатыр. Мұның бәрі не үшін? Қазақ үшін! Қазақтың өсіп-өнуі үшін!

Достық пейілді көздейтін көпвекторлы саясаттың дәделін алыстан іздеп қажеті жоқ. Осы аптаның өзінде сәрсенбіде Франция, бейсенбіде Мажарстан мемлекеттерінің басшылары келсе, жұмада түркі мемлекеттерінің саммиті өтті. Бұдан артық қандай дәлел керек.

Ұлттық статистика бюросы халық санының артып жатқанын мәлім етті. Тіпә-тіпә, тіл-көздің бәрі тасқа… Қытай мен үндіс секілді миллиардтардың елі болмасақ та 20 млн-ға жуықтадық. Құдайға шүкір дейік! Елімізде 2021 жылы халық санағы өткені баршаға мәлім. Сонда Қазақстан халқының саны 19186015 адамды құраған. Одан бері де екі жыл өткенін ескерсек, республикамыздағы тұрғындар саны біршама артқанын бағамдауға болады. «Егемен Қазақстан» газетіне Қуаныш Нұрданбекұлының «Бір қала мен екі облыста халық саны 2 миллионнан асты» атты мақаласы жарияланды. Онда Алматы қаласымен бірге Алматы облысының да халқы көбейгені жазылған. Екі миллиондық межені бағындырған аймақтың бірі – Түркістан.

Екі миллион деген жанымыздағы Қытайдың алпауыт қалаларымен салыстырғанда көп те емес. Тіпті Мәскеудің өзінде 20 млн адам тұрады деген дерек те бар. Жапон елінің астанасы Токионы 37 млн-нан астам адам мекендейді. Ал біз сөз еткен Алматы қаласында 2030285 тұрғын бар.  Сондай-ақ Алматы облысында 2146 576 тұрғын болса, Түркістан облысында  2054021 адам бар.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қала халқы артып келеді. 2009 жылмен санақ өткен 2021 жылды салыстырсақ, қаладағы тұрғындар үлесі 56,1 пайыздан 61,2 пайызға жеткен. Бұдан айналдырған 12-13 жылдың ішінде қалалықтар 5 пайызға артқанын көруге болады. Ішкі миграция салдарынан ауыл тұрғындарының саны 43,9 пайыздан 38,8 пайызға азайған. Біз мысалға алған 2009-2021 жылдар арасында Астананың да, Шымкенттің де тұрғындары миллионнан асты. Елорда тұрғындары 2009 жылы 613 мың болса, 2021 жылы 1 млн 234 мыңға жеткен. Қазақстандағы үшінші мегаполис саналатын Шымкентте 1 млн 122 мың 4 жүз адам тұрады. Мұнайлы Маңғыстау облысының халқы да соңғы он жылдықта 485 мыңнан 735 мыңға  жетіп отыр. 

Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша Қызылорда облысында 839 мың 4 жүз адам тұрады. Оның ішінде қалалықтар 393 мың 9 жүз адамды құраса, ауылдықтар 445 мың 5 жүз адам болып отыр. Сыр өңірінде жыл басынан бері 10 мыңнан астам бала өмірге келген.

 Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметте Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында қала тұрғындарының санында өсім жоғары екені көрсетілген. Президент пәрменімен Ұлытау, Абай, Жетісу сынды үш бірдей облыс құрылды. Жаңа облыстардың құрылуы жаңа аймақтың дамуына жол салады деген сөз. Бұған осыдан 5 жыл бұрын еңсе тіктеген Түркістан облысын мысал етуге болады. Тағы бір айта кетерлігі, сарапшылар осы айдың соңына дейін Қазақстан халқы 20 млн-ға жетеді деп отыр. Сол 20 млн адамның 70 пайыздан астамы – ҚАЗАҚ! Тәубе-тәубе! Сөз соңын жүрек түкпіріндегі тілекпен аяқтаймыз: ҚАЗАҚ өссін, өнсін, өрбісін, көбейсін, әумин!

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: