Жексенбі, 28 сәуiр, 00:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Басты мақсат – халықтың жағдайын жақсарту

23.12.2023

105 0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Ол өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында  конференция өткізіп, жаңа әлеуметтік саясаттың өзгерісін атады.

– Биылғы жаңалықтың бірі – 5 новелладан тұратын әлеуметтік кодекс. Бұл құжатта отбасылық картаны мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді. Осы арқылы мемлекет тарапынан кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ карта арқылы мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін  жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқарса, ал мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіліп, әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп  тағайындалады.

Екінші, мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Алдымен цифрлық карта арқылы көпбалалы отбасылардың түрлі әлеуметтік сын-қатерге тап болу ықтималдығы жоғары екендігін көрдік. Көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы біртұтас жүйесін толық сақтау және оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды. Атап айтқанда,  бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтілді және оларға жаңа статус қарастырылды.

Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі  балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал отбасылар үшін қосымша көмек  көзі болмақ.

2025 жылдан бастап  атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін  кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес,  медиандық табыс есебінен анықталатын болады.

Үшінші, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау. Мұндағы мақсат мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ауылдық округтерде  арттыру. Ол үшін мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін  тарту. Яғни  отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша жұмыспен қамтылмаған отбасының мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Төртінші,  әлеуметтік  сақтандыру және зейнетақы жүйесі. Биылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылды.

Алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі және еңбек зейнетақысының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46 дан 55 айлық көрсеткішке дейін немесе экономикадағы  орташа айлық жалақының 70 пайызына дейін артады.

Бесінші,  халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері. Биыл жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың 60 пайызы электронды режимді пайдалана отырып  тіркелді. Осыған байланысты жұмыспен қамту орталықтарын аймақтың ерекшелігін ескере отырып, өңірлік еңбек нарықтарын дамыту жөніндегі барлық бастамалар мен бағдарламаларды үйлестіретін мобильді орталықтарға трансформациялау көзделді, – дейді вице министр.

Сонымен қатар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем мен мемлекеттік жәрдемақы мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартып, жұмысынан айырылу бойынша төлемдерді орташа айлық табыстың 45% – на дейін ұлғайту мен қатар жас кәсіпкерлерге 2,5% жеңілдікпен кредит беру жоспарлануда. Одан бөлек атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған пакетті монетизациялау, ең төменгі зейнетақы мөлшерін ұлғайту және 2028 жылға дейін  әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа  бекітіп, әлеуметтік қызмет көрсетудің белсенді форматына көшу көзделгенін жеткізді.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: