Дүйсенбі, 06 мамыр, 05:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Жел болса, жарық тағы сөне ме?

09.01.2024

286 0

Сурет: tolqyn.kz/

Бүгінгі технология дамыған қай елде болсын, жарық пен су мәселесі назардан тыс қалған емес. Иә, адамзат баласына ең әуелі керегі де осы дүниелер екені анық. Жарық болмаса қаншама жұмыс та тоқтап қалары сөзсіз. Жалпы жарық мәселесі – тек біздің өңірде емес, елімізде күн тәртібінен түспейтін өзікті проблеманың бірі.

Қызылорданың желі айтпаса да түсінікті. Сырт көзге аласапыран дауыл болып көрінетін табиғат құбылысына өзіміз үйренгенбіз. Жел тұрса, жарықтың, «жалп» ете қалуы жиі кездеседі. Былтыр желтоқсан айының орта тұсында ауа райы қолайсыздығынан бұл жағдай тағы қайталанды. Тіпті қаланың кей жерінде күн райы тынық болса да жарық болмай қалып жатады.

Соңғы кездері жұртшылықтың жанайқайына айналған елді мекендердің жарықпен жабдықталуын жақсарту бағытында облыста қолға алынған жұмыстар аз емес. Бірақ сонда да болса әлі де жарықтың жиі сөну мәселесі бар. Демек, мәселе толыққанды шешілген жоқ деген сөз.

Тозығы жеткен желілер жөнделді ме?

Бүгінгі күні тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған электр желілерімен қосалқы станциялары өткен ғасырдың 1970-1980-жылдары салынып, тозу деңгейі 2023 жылы 68%-ға жеткен. Сонымен қатар шет аймақтарда 250 шақырым тұрғындар өз күштерімен ағаш бағаналар орнатып, тартып алған. Олар талапқа сай емес электр желілері болып есептеледі. Қатты желді, дауылды күндері ағаш бағаналары құлап, апаттық жағдайлардың орын алуының бір себебі осы.

«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ мамандарының мәліметіне сүйенсек, алдын ала есептеулер бойынша электр желілерінің тозу деңгейін 30%-ға дейін төмендету үшін 153 млрд теңге қаражат қажет. Дегенмен жыл сайын энергетика саласына көңіл бөлініп, рет-ретімен қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде.

Былтыр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен 10/0,4кВ электр желілерін қайта жаңғырту жұмысы үшін облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Оған бірталай жұмыс атқарылды. Бұл қаржыға 35 қосалқы станциясын заманауи типті қосалқы станциясына ауыстыру қолға алынды. Сонымен қатар 32 шақырым кабель желісі жаңғыртылып, 27 дана кірпіштен қаланған қосалқы станция ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Оған қоса авариялық жедел-бригадалық тобы­ның жұмыс істеуіне қолайлы авариялық ақау болған жағдайда тез жетуін қамтамасыз ететін 16 автөколік алынды. Сондай-ақ электр желілері мен қондырғыларына сапалы қызмет көрсету мақсатында 9 арнайы техникасын сатып алу мақсатында облыстық бюджеттен 743 млн тенге бөлініп, біршама жұмыс жүзеге асты. Аталған жұмыстардың барлығы қазіргі күні аяқталып, апаттық жағдайлар саны бірнеше есеге төмендеді.

 Биылға қандай жоспар?

2024 жылға облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаражат қарастырылып, қала орталығындағы және Шанхай, Әл-Фараби, Қорқыт ата шағын аудандарындағы электр желілерімен қосалқы станцияларын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар қаланың шет аймақтарындағы тұрғындардың ағаш бағаналар орнатып, өздері тартқан электр желілерін талапқа сай тарту мақсатында, 2023 жылы қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен Әл-Фараби, Арай, СПМК-70 шағын аудандарында жаңадан электр желілерін тарту жұмысы жүргізілсе, биыл да бұл шара қолға алынбақ.

Яғни Қызылжарма ауылында 67 көшеге, Жас Алаш, Теректі, Сарысу көшелеріне жобалар дайындалып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жалғастыру жоспарда бар. Айта кету керек, биылғы атқарылатын жұмыс барысы басталып та кетті.

Тілші түйіні

Сыр елінің желді, дауылды ауа райына тұрғындары сыр бермей келеді, яғни үйренген. Алайда үйде жарық біршама уақытқа сөнсе, тірлік тоқтап, үлкен-кішінің мазасы қашатыны рас. Айналып келгенде жарықсыз күн жоқ.

Осындайда бала кездегі «әрқашан күн сөнбесін» деген өлең жолы еріксіз еске түсетіні секілді, әрқашан жарығымыз сөнбесін, оқырман!

Ақтолқын Нұрлыбай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: