Жұма, 29 наурыз, 17:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Төрт жекпе-жек – төрт нокаут

07.06.2022

659 0

Соңғы уақытта қазақ боксшылары әлемдік аренада жиі жеңіске жетіп, қарсыластарын мойындатып келеді. Әсіресе кәсіпқой бокста қазақ спортшыларының айы оңынан туып, қарсыластарын бет қаратпай ұтуда. Бұған дәлел ретінде жуырда ғана АҚШ-та жекпе-жек өткізіп, қарсыластарын нокаутқа түсірген төрт қазақстандықты айтуға болады.

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны Абылайхан Жүсіпов АҚШ-та алғашқы жекпе-жегін өткізді. Жүсіпов Миннеаполисте (Миннесота) өткен бокс кешінде тәжірибелі мексикалық Эдгар Рамиреспен (18-20-1, 14 КО) кездесті. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек төрт раундқа жоспарланған болатын, бірақ алғашқы үш минутта Жүсіпов қарсы­ласын нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. Бұл – Жүсіповтің кәсіпқойлар арасында екінші жеңісі. Рамирес карьерасында 21-рет жеңіліске ұшырады. Осы тұста айта кеткен жөн болар, Қарағандыдан шыққан қазақ жігіті бұған дейін әлем чемпионатында үш мәрте қола жүлде жеңіп алған.

WBA International тұжырымы бойынша супер жеңіл салмақ дәрежесіндегі қазақстандық боксшысы Евгений Павлов та (6-0, 4 КО) АҚШ-та алғашқы кездесуін өткізді. Павлов мексикалық Алексис Салидомен кездесті. Бұл жекпе-жек алты раундқа жоспарланған. Алайда адуынды қарсыласына мексикалық спортшы шыдас бере алмады. Жекпе-жек небәрі екі раундқа созылды.  Қазақстандық қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсірді. Павлов кәсіпқой бокста же­тінші жеңісіне қол жеткізді. Салидо болса мансабында үшінші рет жеңіліс тапты.

Миннеаполистегі бокс кешінде WBA International тұжырымы бойынша орта салмақтағы боксшы Бек Нұрмағанбет те (6-0, 4 КО) жекпе-жек өткізді. Ол америкалық Хайнел Уилермен жұдырықтасты. Жекпе-жектің негізгі уақыты алты раунд болғанмен, Нұрмағанбет те екінші раундта қарсыласын сұлатып, былғары қолғап бәсекесін жеңіспен аяқтады. Ол да өзге қазақстандықтар секілді қарсыласын нокаутпен жеңді. Бұл Нұрмағанбеттің кәсіп­қой бокстағы жетінші жеңісі. Уилердің екінші жеңілісі.

Сонымен қатар Әбілхан Аманқұл кәсіпқой рингтегі дебютінде нокаутпен жеңді. 24 жастағы Аманқұлдың қарсыласы америкалық Девонте Макдональд болды. Орта салмақтағы жекпе-жек төрт раундқа есептелгенімен, үшінші кезеңде Аманқұлдың жеңі­сімен аяқталды. Ол да қарысы­ласын нокаутқа түсірді.

 Айта кетейік, Аманқұл – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері және 2019 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: