Жұма, 10 мамыр, 04:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

«Жайлы мектеп» жайы қалай?

23.12.2023

204 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ел Президентінің тапсырмасымен өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданған еді. Жалпы бұған дейін де елде білім саласында өзекті мәселелерді шешу үшін бірнеше бағдарлама жүзеге асты. Дегенмен аты да, заты да бөлек, бұл жобадан көптің күтері көп. Себебі бұл жай мектеп емес, оқушыға да, мұғалімге де, жалпы ұлт болашағын тәрбиелеу үшін уақыт талабына сай салынатын жаңа да жайлы мектептердің үлгісі болмақ.

Жалпы жобаның мақсаты қандай дегенге келсек, әрине, ең алдымен елімізде мектептердегі орын тапшылығын шешу мақсаты көзделгені белгілі. Ұлттық жобада атап көрсетілгендей, елімізде мектеп құрылысының қарқыны елдегі  білім беру орындарының жетіспеушілігінің орнын толтыруға ілесе алмай келеді. Сарапшылар пікірінше, 2026 жылға қарай мектептерде орын тапшылығы 1,1 млн-ды құрайды деген болжам бар. «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 2026 жылға дейін 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп ашу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға алдағы үш жылға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қаржы қарастырылған. Биыл 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды.

«Жайлы мектеп» қандай болады? Ұлттық жобада жайлы мектептердегі жағдай сипатталған. Үзінді келтірсек: «Мектептерде бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектеп үшін бөлек аймақтары бар асхана, спорт залдары (бөлек блоктарда мектепалды даярлық сыныбы мен 1-4-сыныптар, 5-11-сыныптар үшін спорт залдарының саны мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес есептеледі) орналасқан бөлек блоктар болады. Әр білім алушы үшін жеке шкафтар, мобильді трансформер парталар орнату көзделеді. Әрбір қабатта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23890 болып тіркелген) көзделген мөлшерде «ауыз су бұрқағы» болады. Мектептің барлық үй-жайлары мен жиһаздары ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді оқыту процесін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіктеріне сәйкес келетін эргономика талаптарына сай ұйымдастырылады және жабдықталады және отандық өндірістің бәсекеге қабілетті және сапалы тауарларымен жарақтандырылады. Оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, сондай-ақ кітап қоймасы мен оқу залы, медиатекасы, электронды кітапханасы бар кітапхана, әрбір қабатта оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлмелері көзделген. Еңбекке баулуды ұйымдастыру, сондай-ақ білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін тиісті жабдықтары бар әмбебап шеберханалар мен студиялар, алғашқы кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер (тігінші, аспазшы, IT, ағаш шебері және басқалар) көзделген».

Бұл сипаттамадан-ақ жайлы мектептің жайын аңғаруға болады. Тағы бір ерекшелік, жайлы мектептерге қажетті жиһаз-жабдықтар толығымен отандық өндірушілердің өнімімен қамтамасыз етіледі. Яғни заман талабына сай жабдықталған, сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған озық үлгідегі мектептер құрылысы басталды деген сөз.

Сыр өңірінде де бұл мақсатта жүйелі жұмыстар жүруде. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар орталығында берген брифингте атап айтты.

– Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысымызда 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайтын физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қызылорда қаласында 4 іргелі мектептің жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Қосымша ғимараттар салудағы мақсат – біріншіден, балалардың үйінен мектепке қатынауына жақын, ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражатын үнемдеу. Бір жаңа мектеп салуға орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал бір қосымша ғимарат салуға кеткен қаражат 700 млн теңге. Шалғайдан қатынайтын оқушылар үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды, – деді аймақ басшысы.

Білім саласында әлі де өзекті болып отырған апатты жағдайдағы мектептерді түбегейлі жою, үш ауысымды оқытуды болдырмау мақсатында жүзеге аса бастаған «Жайлы мектеп» жобасы саны жағынан ғана емес, сапасымен де жас ұрпақтың білім мен тәрбие алуына қызмет етпек.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: