Бейсенбі, 02 мамыр, 20:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Жылды неге ұлу дейміз?

30.12.2023

719 0

Сурет: ашық дереккөздерден алынды

Бүгінде қоян жылы өткеннің еншісінде қалып, мүшел есебінің бесінші жылы ұлу жылы жақсы жаңалығымен келеді деген сенімдеміз. Себебі ұлу –суда жүретін жұмсақ тәнді жәндіктің бірі болғандықтан, түркі жұрты оның ішінде қазақтар бұл жыл келгенде тыныштық жылы келді, құрғақшылық болмайды, берекелі, астық пен көк мол болады деп жақсылыққа жорыған. Алайда ұлу жылында қиындықтардың болғаны Бейімбет Майлиннің «Ұлу» деген өлеңіндегі
«Ұлу келіп көтерді елдің обалын,
Мал жұтатып, сынын алды қораның.
Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты,
Атышулы былтырғы өткен «қояның» деген қатарына көз салсақ, кей жылдары ұлудың жайсыз өткені белгілі. Мәселен, 1916 жылы ұлт азаттық көтеріліс болса, 1928 жылғы репрессия тарихқа таңбаланды.
Айтпақшы, қазақтың жыл санауындағы кішкентай ұлуды Қытай елі айдаһар жылы дейді екен. Осыған сәйкес зерттеушілердің айтуынша, «айдаһар» сөзі парсы тілінен шыққан. Оның түркі тіліндегі аудармасын ұлу десе, Монғол тілінде оны «луу» дейді. Жалпы айдаһар жылының ұлуға айналуына қатысты екі болжам бар десе-ді. Соның бірі көшпенділер кезінде қай уақытта да ауа райына байланысты жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған қоян жылынан кейінгі жылды жауын-шашын мол болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын берген. Ал екінші болжам бойынша айдаһар қытай тілінен аударғанда «лоң» деп аталады. Ұлу сөзі осы «лоң» сөзінен шыққан дейтіндер де бар.
Ертегі, бәлки аңыз дерміз, сол оқиғада айтылғандай, он екі жануар жыл атауына таласу барысында тышқан «дауласатын дәнеңе жоқ, бәріміз шығып келе жатқан күнді аңдимыз. Кімде кім бірінші болып күннің көтеріліп келе жатқанын көрсе, сол бірінші жылдың, одан кейін көргеніміз екінші жылдың атын аламыз. Осылай өз кезегімізбен барлық жылды бөліп аламыз» дейді. Бұған келіскен жануарлар таң атқанын күтеді. Ал тышқан болса демалып жатқан түйенің басына шығып алып, күнді бәрінен бұрын көріп, жыл басы атанады. Бойына сенген түйе осылайша жылдан құр қалады. Әрине, бұның барлығы аңыз-ертегілер. Негізі 12 жылда қайталанатын мүшел мен жыл есебін қазақтар «жыл қайыру» деп атайды.
Зерттеушілердің айтуынша, әрбір жыл иесінің мінезінде ерекшелік бар. Мәселен, ұлу жылы өмірге келгендер тұйық мінезді, қарапайым көрінуге тырысатын әрі байсалды, құпияны сақтай білетін және үнсіз жүргенді ұнатады екен. Мамандар қырсықтығы да басым болады дейді. Оның қолынан үлкен істерді атқару келеді, қай істі де өз ақылымен, оңаша шешуге ұмтылады. Осылайша жыл атауы бойынша адамдардың да өзіне тән мінезі болады.
Ал ұлу туралы не білеміз. Ол қандай жәндік?
Ұлу соқыр және саңырау болып келеді. Алайда олар жарық пен қараңғылықты ажырата алады. Өзіне қолайсыз жағдайда 6 айға ұйқыға кетеді. Ол – бір минутта 7 сантиметр қашықтықта жүретін, өз салмағынан он есе ауыр затты тасымалдайтын жәндік. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де оның тісінің саны акуладан да көп екен. Жалпы ұлудың тіршілікте өмір сүру ұзақтығы 15 жыл.
Осы келе жатқан жаңа ұлу жылында кімнің жолы болатынан нумеролог маман Құралай Бақыт egemen.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ұлу жылына 8 саны кіретінін жеткізген. Бұл сан нумерологияда ақша саны болып саналады екен.
Нумеролог маманның айтуынша, ұлу жылы ауқымды жобаларға жол бастайтын, қаржылық сауаттылықты арттыратын жыл болғанымен келер жыл өте баяу өтеді. Сондықтан көптеген жоспарды уайымсыз жүзеге асыра аламыз. Уақыт баяу өткеннен кейін де ауа райы да жыл бойы жылы өтеді. Бұл экологиядағы өзгерістерге алып келеді. Соған мән беру керек. Сондай-ақ ұлу жылы кімнің жылы 4 санымен аяқталса, оларға жақсы жыл болады.
Сонымен қатар бұрын еңбегі бағаланбаған адамдар осы жылда табысқа кенелсе, қиыншылықты бастан өткергендер үшін үлкен қуанышқа ие болатын жыл болмақ дейді мамандар.
Ұлу жылына қатысты кім не десе де әр адам жан дүниесі мен ішкі түйсігі бойынша жақсылыққа жориды. Себебі нәзік жәндік иесі қандай болса жыл да сондай болады дегенге сенетіндер бар.


Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: