Сенбі, 21 желтоқсан, 19:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

АНАШЫМ, ЖҮЗІҢІЗ НЕГЕ ЖАБЫРҚАУ?

09.03.2021

8714 0

– Әй, Сапар, үйдемісің? – деп Ерғазы есіктен кіргеннен жан ұшыра айғайлай сөйледі.

– Мынаған не болған? – деп Сапардың әйелі Нұргүл келген қонағын күтіп алуға ыңғайланды.

– Сапар, әй, Сапар, қайдасың? – деді сөзін қайталаған Ерғазы.

– Тағы да ішіп алған ба? – деді Нұргүл жақтырмай.

– Ереке, не боп қалды? – деп Сапар ішкі жақтан шықты.

– Сұмдық, сұмдық… Ерғазы бір сөзін бірнеше рет қайталады.

– Айдың күні аманында не болды енді, айтсайшы, – деді Нұргүл шыдамсызданып.

– Ба-ба – ба – қытбек, Бақытбек қайтыс болыпты, – деді Ерғазы сөзін зорға сабақтап.

Мына хабар төбеден жай түсіргендей болды.

– Қашан?

– Кеше ғана жүр еді ғой.

– Ауырмаған сап-сау сияқты еді.

Сапар мен Нұргүл аң-таң болды да қалды.

– Жол апатына түсіпті, – деді Ерғазы.

Ерғазы, Сапар, Бақытбек үшеуі – бір сыныпта оқыған құрдастар. Олардың арасында ерекше достық бар еді. Жақын бауырлар да дәл бұлай араласпайтын шығар. Бақытбектің қазасы екі досқа оңай тиген жоқ. Бір-бірін құшақтап жылап алды. Өксіктерін баса алмай ұзақ отырды.

– Бұл жерде отыра бергеніміз жарамас.

– Иә, үйіне барайық.

– Байғұс Гүлжамал бес жасар Сапабекпен жесір қалды-ау.

– Айтпа, оларды ойласақ өзегіміз өртенеді, – деп үшеуі Бақытбектің үйіне қарай беттеді.

Бақытбектің үйіне келсе «ой-бауырымдаған» ағайындар қатарда тұр екен. Ішкі жақтан Гүлжамалдың сай-сүйегіңді босатып, жүрегіңді елжіретер зарлы үні шығуда. Бұлар ағайынмен көрісіп болғаннан кейін Гүлжамалдың қасына барды. Ерғазы мен Сапар ұзақ тұра алмай, өксіктерін баспаған күйі сыртқа шықты. Қалай шыдасын? Іштері қан жылап тұр ғой. Оның үстіне ебіл-дебіл болып отырған Гүлжамалды көргенде екі көзден жастың орнына қан аққандай. Қасында «Анашым, жүзіңіз неге жабырқау? Жыламаңызшы» деп кішкентай Сапабек отыр. Бұл күні бүкіл аспан күркіреп, жас төккендей. Табиғаттың өзі Гүлжамалдың қайғысына ортақтасып, көңіл айтып жатқандай еді.

***

Арада он сегіз жыл өтті.

Бұл күнде Сапабек жоғары оқу орнын бітірген зіңгіттей азамат. Өзі ауылдағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Жұмысын да жақсы біледі. Оның мұндай үлкен азамат болуы үшін анасы – Гүлжамал қолынан келгенін жасады. «Ұлымды ешкімнен кем етпеймін» деп еңбектенді. «Бақытбектен қалған шаңырақтың түтінін сөндірмеймін» деп тұрмысқа да шықпады. Оның үстіне баласын біреудің қолына қаратқысы келмеді. Осылай күн артынан күн, жыл артынан жыл жалғасып, уақыт дегенің зымырап өте берді.

Бірде Сапабек:

– Анашым, мен келін алып келейін. Сізге қолғанат болады, – деді.

 Гүлжамал баласынан көптен бері осындай хабарды күтіп жүрген еді.

– Сені қашан мына үйге келін түсіріп қуантады , – деп жүр едім деді күлімсіреп.

– Анашым, оны көрсеңіз ғой, «біздің үйге келін болатын қыз екен» деп еріксіз таңдай қағасыз.

– Қойшы-ей, рас па?

– Рас болғанда қандай?  Менің жан дүниемді жақсы түсінеді. Сіздің де бар жағдайыңызды жасайды.

– Осынша мақтап отырған қызыңды тезірек алып келсейші енді. Біз де ауыл-аймақты жинап, ағайынның басын құрап той жасайық. Ел-жұрт Бақытбектің үйінің оты сөнбегенін көрсін.

Анасы мен баласы ұзақ әңгімелесті. Ақыры, той күнін белгілеп, ағайын мен дос-жаранға хабар берді.

Сапабек анасымен сөйлескеннен кейін КазГУ-де қатар оқыған Гүлсімді үйіне алып келді. Екеуі университет қабырғасында жүріп-ақ көңіл жарастырған еді.  Тойлары да дүркіреп өтті. Тойда Ерғазы, Сапар секілді әкесінің көзін көрген құрдастары құдаларды тікесінен тік тұрып күтті. Екі жақ та разы болды. Гүлсімнің әкесі Алматыдағы үлкен бір фирманың егесі екен. Сосын тағы жеке базары мен тойханасы бар. Жағдайы бұлардан әлдеқайда жақсы. Бірақ ондай екенмін деп тұрған Гүлсім жоқ. Гүлжамалды туған анасындай көріп, жанынан шықпайды.

– Апа, сіз жұмысты қойыңыз.

– О несі-ей, зейнеткерлікке шамалы қалғанда.

– Шын айтамын, апа. Сапа екеуміздің табысымыз жетеді. Ертең мен де жұмысқа тұрамын.

– Сонда да үйде отыра бергенде не істеймін?

– Не істегені қалай? Үйде отырып немерелеріңізді бағасыз.

– Өй, ақылыңнан айналайын.

Енесі мен келіннің жақсы қарым-қатынаста болғанына Сапабек те разы. Бірақ, Гүлсім Алматыны сағынатын.

Бірде аналары жоқта Гүлсім Сапабекке: – Сапа, ауылда өмір бақи тұрамыз ба? Үлкен қалаға – Алматыға барайық, – деді.

– Бұған апам не дейді, Гүлсім? Өзің ойландың ба? Менің екеуіңнен басқа кімім бар? Апамның жүзіне кірбің түсіргім келмейді.

Осымен бұл әңгіме бітті. Бірақ Гүлсім «Бұған апам не дейді?» деген Сапабектің сөзін сараптап жүрді. Оңашада енесіне айтып көрмекке бекінді.

– Сіз және Сапа екеуміз Алматыға барсақ әкем үлкен үй әперер еді. Баспана мәселесінен мүлдем қиналмаймыз. Енді өзіңіз білесіз ғой, әкемнің жеке базары мен мейрамханасы бар. Бізге қарасып тұрады. Сапаға айтсам, сізді ренжиді деп көнбей жүр…

Келінінен осындай сөздерді естіген соң Гүлжамал үндемеді. Тіпті мынауың дұрыс не бұрыс деген ишара да білдірмеді. Тек мұңайған күйі жүре берді. Іштей «Қаланың қызы далаға қалай үйренсін?» деп қойды.

Жұмыстан келген Сапабек: «Бүгін жұмыс қиын болды. Қатарынан алты сабақ бердім. Әй, сонда да мұғалім болып жұмыс істеген жақсы ғой. Білгеніңді балаларға үйретесің. Оның үстіне мен тарихшы емеспін бе? Небір тарихи оқиғаларды әңгімелеп бергенде балалар ұйып тыңдайды», – деп дастарқан басына жайғасты.

Келіншегі екеуі шүйіркелесіп отырып Сапабек анасының жүзінде мұң бар екенін байқады.

– Анашым, жүзіңіз неге жабырқау? Жағдайыңыз жақсы ма?

– Жақсы… Шырағым…

– Онда неге көңілсізсіз?

– Жәй, сенің сабақ бергендегі әдісіңді естіп, менің ұлым шынымен де азамат болыпты деп сүйсініп отырмын.

Шын мәнінде, Гүлжамал іштей келінінің «Алматыға көшейік» деп айтқан сөздерін ой елегінен өткізіп отыр еді. «Келін мен бала бір-бірін қатты жақсы көреді. Гүлсім де жаман қыз емес. Мінезі, тәрбиесі, бәрі-бәрі жақсы. Тек ауылға үйренісе алмай жүр. Алматыға барғысы келеді. Әкесінің байлығына арқа сүйеп отыр ғой. Біз Бақытбектен қалған шаңырақтың отын сөндіре алмаймыз. Екеуі ренжісіп қалса қайтем. Мүмкін балам үшін, баламның бақыты үшін барармыз» – деген ойға шомды.

– Әй, шырағым, Сапажан!

– Ау, анашым…

– Осы біз неге үлкен қалаға көшпейміз? Екеуің де оқыған жансыңдар. Алматыға барып жұмысқа орналассаңдар күнімізді көріп кетерміз.

– Мұны қайдан шығарып жүрсіз?

– Сендердің болашақтарыңа кедергі болмайын дегенім ғой.

– Анашым, қайдағы кедергі? Сізге Гүлсім айтқан ғой. Әйтпесе, Алматыға барайық деген сөзді сіз өздігіңізден айта қоймасыңыз анық.

– Жоқ балам енді…

– Әкемнен қалған шаңырақты тастап кететін ойым жоқ. Көктемде жаңа үй соғып, әкемнің Отанын тағы бір жаңғыртып қоямын ба деп жүрсем… Біздің арманымыз – қара шаңырақты сәбидің күлкісіне толтыру емес пе еді?!

Гүлсім Сапабектен мұндай сөздерді естимін деп ойлаған жоқ. Өйткені қаланың сұлуын Алматы күн сайын шақырғандай еді. Өзінің балалық шағы, жастық дәурені өткен әсем, шырайлы шаһарды қалайша ұмытады? Күйеуінің ойы басқаша,  қара шаңырақты тастамайтынын айтты. Енді не істемек керек? Бәрін тастап кетіп қалайын десе Сапаны қатты сүйеді.

Ұйқыға жатарда Сапабек Гүлсімге: «Бәрі сенің істеп жүргенің. Саған айттым ғой, апамның жүзі жабырқамасын деп. Мені өсіру үшін жастық шағын құрбан еткен анашым тұрмысқа да шыққан жоқ. Жалғыз адамға баланы жеткізу оңай емес. Әй, бірақ сен ондайды қайдан білесің? Өмір бойы әкенің тапқанын жаратып жүрген ерке қыз емес пе едің?» – деп әйеліне ренішін білдірді. Гүлсім де қалысар емес: «Енді қашанғы жүреміз. Алматыға барсақ бәрі басқаша болар еді. Қаланың аты қала емес пе?» деп қояды. Баласы мен келінінің дауыстары қатты шығып жатқанын естіген Гүлжамал: «Құдай-ай, екеуі ренжісіп қалмаса жарар еді» – деп байыз таппай ары-бері жүрді. Ашуға булыққан Сапа бөлмесінен шығып кетті. Қараса анасы дәлізде жүр.

– Анашым, неге ұйықтамай жүрсіз?

– Жәй, балам, ұйқым келмей тұрғаны.

– Апа, бағана Алматы туралы айттыңыз. Гүлсім екеуміздің көңілімізге қарап, бара салуға болмайды.

– Балам…

– Анашым, сіз Алматы жайлы айтқанда жүзіңізден мұң көрдім. Баяғыда әкем қайтыс болғанда жабырқаған түріңіз көз алдыма елестеп кетті. Біз ол жаққа бармаймыз.

– Маған бола Гүлсіммен ренжісіп жүрме.

– Гүлсім мені түсінеді. Оның үстіне әкемнен қалған шаңырақтың отын сөндірсем, атадан қалған қасиетті таптағаным емес пе?!

– Е, балам, сен мен ойлағаннан әлдеқайда ақылды болып шықтың.

Дәл бұлай ішкі сырларын ақтарып сөйлеспегендеріне көп болған екен. Таңның қалай атқанын байқамай қалды.

Шынында да, Гүлсім қайсыкүнгі жағдайдан кейін Сапабектерді Алматыға көшіруге шындап кіріскен еді. Алғашқы әдісі өтпеді. Солай екен деп тауы шағылып тұрған ол жоқ. Қайта керісінше үдетіп барады. Тіпті күн сайын ауылдан кетейік дегенді қайталайтын болды. Сондай сәттердің бірінде Сапа екеуі қатты ренжісіп қалды. Қаттырақ сөйлесе күйеуін Алматыға барады деп ойлап жеки сөйледі.

– Ауылда тұрсаң тұр өзің…

– Немене?

– Сенің естігің келгені осы емес пе?

– Тіліңді тартып сөйле.

 Сөзіне сөз қайтарып, алдына ентелеп келіп қалған сүйіктісіне ашумен қалай қол көтергенін байқамай қалған Сапабек бұрылды да үйден шығып кетті. Гүлсім болса бетіне оңбай тиген шапалақтан есін әрең жиды. Көршісінің үйінен келе жатқан Гүлжамал баласының үйден ашуланып шығып бара жатқанын ғана көрді. Үйге кірсе Гүлсім заттарын жинастырып кетуге ыңғайланып жатыр екен.

– Шырағым, не болды?

– Апа, мен кетемін.

– Неге?

– Ол маған қол көтерді. Мен енді онымен тұра алмаймын.

– Қой қарағым, олай деме. Ашуыңды бас. Адам ашумен небір қателікке барады.

– Жоқ, апа, жолымнан былай тұрыңыз.

Қанша тоқтатпақ болса да, Гүлсім енесінің сөзіне құлақ аспайды. Сапаржайға барып сол күні жүретін автобуспен Алматыдан бір-ақ шығады. Алматыға барғанша жүрегі айнып, лоқсумен болады. Өзінің жүкті екенін сезеді. Үйіне келіп әке-шешесіне мән-жайды түгел айтқаннан кейін бәрі оңалады деп ойлаған. Жоқ, керісінше әкесі Сапабекті жақтап:

– Қызым, алақанда аялаған баламыз едің. Бой жеттің. Теңіңді тауып, сүйгеніңе қосылдың. Сапажан қара шаңырақтың түтінін түтетемін деп дұрыс жасап отыр. Анаң екеуміз қанша жерден саған жақсы тәрбие берсек те, қара шаңырақтың қасиеті туралы айтпаппыз. Қателік бізден. Жүр, сені өзіңнің ақ босағаңа алып барайық, – деп құдасының ауылына тартады. Келсе Сапабек: «Анашым, жүзіңіз неге жабырқау? Келінім кетіп қалды деп өзіңізді жазғыра бермеңіз.  Гүлсім жіберген  қатесін түсінген бойда оралады» деп анасын жұбатып аулада отыр екен. Дәл осы сәттің үстінен түскен Гүлсімнің ата-анасы Гүлжамалдан кешірім сұрап,  қыздарын қайта қабылдауды өтінеді.

– Құдағай, біздің қызымызды кешіріңіз.

– Қара шаңырақтың киесі туралы айтпаған едік.

– Кінә бізден.

– Ой-буй, ол не дегендеріңіз? Балалар қателесіп жатса, үлкендер түземей ме? Біз дұрыс бағыт берсек, бұлар қайда барады?

Құдалар абыр-сабыр боп жатқанда, Сапабек пен Гүлсім бір-біріне елжірей қарап тұрды. Бұл бұрынғы көзқарастардан мүлде бөлек еді. Құдды өздерінен басқа жан жоқтай сезімде. Екеуінің бір-біріне күлімсіріп тұрғанын аңғару қиын емес.

***

Арада бірнеше жыл өтті. Сапа мен Гүлсімнің екі ұлы шаңырақты шаттыққа толтырып, Гүлжамалдың қуанышын еселей түсетін. Енді бұларды Алланың шын қолдағанын, қара шаңырақтың оты сөнбейтінін білсе де, оның жүзінде бір мұң бар еді. Соңғы кездері марқұм күйеуі түсіне жиі еніп, оны қайта-қайта шақыратын болған. Соны ойлап “мағанда тіршілікпен қоштасатын кез жетті-ау” деп мұңайып, жабырқап жүрген кезі еді.

Бірде Сапа мектепте жүргенде анасы хәл үстінде жатыр деген хабар алады. Алып-ұшып үйіне келсе Гүлжамал баласын күтіп жатыр екен.

– Сапа, келдің бе, балам?..

– Иә, келдім, апа,

– Қара шаңырақтың отын өшірмеңдер, – деді де жүзі жабырқаған күйі жарық дүниемен қоштасып кете барды.

– Алғашқыда Сапа ештеңе түсінбей қалды. Меңіреу құмның шатқалындай болған анасының жанарынан көз ала алмады. Бұл қарас оған таныс еді. Баяғы өмірлік жары  –  Сапаның әкесі қайтыс болғанда да Гүлжамал дәл осылай состиып қалған болатын. Байғұс, сонда күйеуінің қазасына қатты қайғырған екен ғой. Одан кейін Гүлсім бұларды тастап Алматыға кеткенде де  анасының жанарынан дәл осындай мұңды көріп еді. Енді міне, Гүлжамалдың жанарындағы тіршілік тіні үзілді. Сапа болса:

– Анашым, жүзіңіз неге жабырқау? – дей берді. Ал Гүлжамалда үн жоқ. Өйткені ол марқұм күйеуі Бақытбекпен қол ұстасып кетіп бара жатыр еді. Анасынан мәңгіге айырылғанын енді ғана түсінген Сапа “Анашым” деп Гүлжамалды құшақтай жылады.

Әзіз Жұмаділдәұлы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: