Қазалы ауданында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы қатынасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалын жаңғырту және жаяу жүргіншілер көпірін салу жобалары.
Өткен жылы «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының қолдауымен вокзал ғимаратын кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба аясында ғимараттың негізгі конструкциялары күшейтіліп, шатыры жаңартылды. Сонымен қатар, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында күту залдары заман талабына сай қайта жабдықталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қолжетімді орта қалыптастырылып, қауіпсіздік жүйелері жаңартылды. Вокзал аумағында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Тарихи келбетін сақтай отырып жаңғыртылған нысан алдағы уақытта жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және ауданның көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Ауданда жүзеге асырылған тағы бір маңызды жоба – теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы. Биыл пайдалануға берілген аспалы көпір тұрғындардың ұзақ жылдан бері көтеріп келген мәселесін шешті.
Бүгінде теміржолдың арғы бетінде орналасқан Әйтеке би кентінің бөлігінде 13 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Жаңа өткелдің іске қосылуы олардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын қамтамасыз етті.
Жалпы, Қазалы ауданында жүзеге асырылып жатқан мұндай инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруде.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!