Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Еліміздегі білім мен ғылым саласының даму көкжиегі жыл өткен сайын кеңейіп келеді

01.02.2022

1225 0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Парламент депутаттары, республикалық деңгейдегі қалалар мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО мен білім беру ұйымдары педагогтер қауымының қатысуымен өткен жиында 2021 жылдың негізгі қорытындылары талқыланып, білім және ғылым саласының алдағы міндеттері ортаға салынды.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың отандық білім мен ғылым жүйесін бәсекеге қабілетті дамыту ісіне барынша көңіл бөліп, қаржымен қамтамасыз ету жұмыстарын ерекше назарында ұстап  отырғаны  баршамызға аян. Ел Президенті белгілеп берген биік мақсаттар аясындағы тапсырмалар ҚР Білім және ғылым министрлігі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің басшылығымен сәтті, тиімді шешімін тауып, ашық ортаға салынып әрі түсінікті түрде орындалуда. Соңғы жылдары еліміздің адам капиталын дамытуда ең маңызды рөлге ие салаларда қолға алынған жаңашыл, институционалды реформалар халықтың қолдауына риясыз ие болуда десек, анығын әрі әділін айтқанымыз.

Министрліктің  өткен жылғы жұмысының қорытындысын талдау айтылғанға  нақты  дәлел бола алады.

Былтырғы гранттардың саны ұлғайып 56 мың болғаны белгілі. Заман талабына сай  техникалық мамандықтарға деген сұраныстың арту тенденциясын алдын ала болжаған Мемлекет басшысы 2022 жылы гранттар санын 61 мыңға жеткізуді тапсырды. Оның 60% IT және техникалық бағыттардың үлесіне тимек. Бұл талапкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын қадамның бірі.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде инженерлік-техникалық білім беру бағдарламалары бойынша грант саны 2020 жылдың 1 қыркүйегінде 214 болса, 2021 жылы осы кезеңінде 366-ға артты. Бұл дегеніміз елімізде техникалық мамандықтарға деген сұраныстың артқандығын білдіреді.

 Бүгінде білім алушылар оқу процесіне 100 пайыз ден қоюы үшін жыл сайын шәкіртақы көлемі де көбейіп келеді: бакалавриатта 2018 жылмен салыстырғанда  екі есеге жуық өсіп  2021 жылы 31 мың теңге құрады. Докторантурада осы аралықта стипендия мөлшері 82 мың теңгеден 172 мың теңгеге өсті (2025 жылға қарай бұл көрсеткіштер, сәйкесінше, 52 және 262 мың теңге құрайды). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап ЖОО студенттерінің стипендиясы 20%-ға,  докторанттардың стипендиясы 15%-ға өспек.

Айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 2021-2022 оқу жылынан бастап студенттердің стипендиясы (экологиялық коэффициентті қоса есептегенде) 31423 теңгеден 40849 теңгеге, педагогикалық бағытта оқитын студенттердің стипендиясы 50400 теңгеден 65520 теңгеге, магистранттардың стипендиясы 76950 теңгеден 100035 теңгеге, докторанттардың стипендиясы 172500 теңгеден 224250 теңгеге артты.

 Қазіргі күні ЖОО профессор-оқытушыларының еңбекақысы 200 мың теңге мен 400 мың теңге аралығында. Кейінгі 2 жылда ұстаздардың еңбекақысы 2 есе артты. Барша ұстаздар қауымын серпілдіріп, жаңашылдыққа, шығармашылыққа ынталандырған осынау қолдау Асхат Қанатұлының тікелей бастамасымен қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заңының жемісі.

Университетте 2021 жылдың 1 қыркүйегінде профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы 2020 жылдың 1 қыркүйегімен салыстырғанда лауазымына қарай 60% дан 90% дейін өссе, қызметкерлердің еңбекақысы  25%-ға артты.

 Атап айтсақ, ең төменгі айлық жалақы профессорларда 394346 теңгеге, доценттердің айлық еңбекақысы 293453 теңгеге, ғылыми дәрежесі бар аға оқытушыларда 267226 теңгеге, ғылыми дәрежесі жоқ аға оқытушыларда 230751 теңгеге, оқытушыларда 202331 теңгеге ұлғайды.

Енді еліміздегі 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтпек. Осы орайда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен 7 ғалым-оқытушы әлемдік деңгейдегі интеллектуалдық игіліктерді игеруге мүмкіндік алып отыр.

Бұл ретте оқу ордамызда ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуіне ерекше қолдау көрсетуде. Университетте ғылыми зерттеу жұмысын жалпы қаржыландыру көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 20% өсті.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен университет базасында «Химия, жасыл технологиялар, жаңартылатын энергия көздері, педагогикалық және іргелес ғылымдар ғылыми-инновациялық орталығы» атты академиялық артықшылық орталығы ашылмақ. Орталықта 2024 жылға дейін жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын заманауи зертханаларды іске қосу жоспарға енді. Орталықтың басты идеясы – білім, ғылым, өндірісті интеграциялау арқылы сапалы кадрлар даярлауды жүзеге асыру.

Алқа отырысында ЖОО бизнес өкілдерімен ынтымақтастықты қарқынды дамыту қажеттігі баса айтылып, нақты тапсырмалар берілді. 2022-2026  жылдарға арналған Ғылымды дамыту тұжырымдамасы негізінде жұмыс атқарамыз.

 Кеңейтілген алқа отырысынан еліміздің білім және ғылым саласында көптеген белестердің бағындырылғанына тағы бір куә болдық. Әлемдік өркениет көшінің алдыңғы қатарынан орын алу үшін бір жұдырықтай жұмылып, еңбек ету баршамыздың абыройлы міндетіміз.

Бейбіткүл  КӘРІМОВА,Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: