Облыста жастардың инновациялық идеяларын жүзеге асыратын «Inno.Fest» Qyzylorda 2021 фестивалінде жеңімпаз атанғандар бүгін сайыс туралы ойларын ортаға салып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– «Inno.Fest» Qyzylorda фестивалі республикалық деңгейде өтті. Жалпы байқауға 1500-ге жуық қатысушы мен 200-ге жуық команда қатысты. Жүлде қоры 2 млн 400 мың теңгені құрады. Байқау қорытындысы бойынша әр секциядан үздік деп танылған 3 команда марапатталды. Astana Hub халықаралық технопаркі және Қызылорда қаласының IT паркімен бірлесіп, жүлделі орындарға ие болған жобаларды, сондай-ақ грант иегерлерін одан әрі дамыту жоспарлануда, – деді «Ақпараттық технологиялар орталығының» директоры Сабит Ибадуллаев.
Инновациялық идеялары озық деп танылған жеңімпаздар алдағы уақытта креативті жобаларын іске асырмақ.
– Менің жобамның басты мақсаты – мектеп оқушаларының қауіпсіздігі. Яғни, арнайы ақпараттық база арқылы мектепке келген оқушылардың уақыты тіркеледі. Білім ұйымына келген бейтаныс адам автоматты түрде бет әлпеті түсіріліп, ақпараттар қорында сақталады. Сондай-ақ, ата-аналар балаларын мектепке нешеде келгені туралы онлайн біле алады, – деді «Smart Qyzylorda» секциясының жеңімпазы, «AII System» командасының капитаны Асқар Абу.
– Бұл фестиваль инновациялық идеясы бар жастарға таптырмас мүмкіндік болды. Мен «Контент и медиа» секциясы бойынша жеңімпаз атандым. Бұл жобада жастардың цифрлық өнерге деген құштарлығын арттыру мақсатында жасалған. Яғни, сандық мұқабалар, анимациялар, цифрлық иллюстрациялар сынды бағыттарды қамтиды,- деді «Контент және медиа» секциясының жеңімпазы София Темірболат.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!