1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі – ел ішіндегі татулық пен келісімнің жарқын үлгісін айқындайтын елеулі күн саналады. Бейбітшілікті басты орынға қойып, бірлік пен татулықты бағалай білген Қазақстан үшін бұл күннің жыл сайын мәртебесі артуда. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қоныстанған Сыр өңірінде де қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бүгінде өңірде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Сонымен қатар 11 этномәдени бірлестік өз жұмысын жүйелі жүргізуде. Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру бағытында Достық үйінің алар орны ерекше. Бүгінде бұл ғимарат татулық пен бірліктің, достық пен жасампаздықтың ордасына айналды.
Этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері мен атаулы мерекелері дәл осы орталықта кең көлемде аталып өтеді. Мұнда би залы, «Ассамблея жастары» ұйымы және тіл үйрету кабинеті тұрақты қызмет атқаруда. Сонымен қатар бұл ғимаратта Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, ассамблея жастары, журналистер клубы, ғылыми-сараптамалық топ, медиаторлар кеңесі және ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс істейді. Бұл құрылымдардың бүгінде этносаралық татулықты нығайтуға, өзара түсіністік пен тиімді диалог орнатуға зор үлесі бар.
– Өңірде этнос өкілдерінің өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуына барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің басты мақсаты – әр этностың тілін, дінін, дәстүрін сақтау – мемлекеттік этносаясатты халыққа кеңінен насихаттау. Осы бағытта түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар сауалнамалар жүргізу арқылы тұрғындардың көңіл күйі мен әлеуметтік ахуалы сараланып, этносаралық тұрақтылық деңгейі назардан тыс қалған емес. Қазіргі таңда өңірдегі этносаралық тұрақтылық деңгейі 95,8 пайыз. Айта кету керек, этномәдени бірлестіктердің мүшелері елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаларға әрдайым қолдау білдіріп, белсенділік танытып келеді. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – қоғам үшін маңызы зор мереке. Елімізде 100-ден астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі – бірлік пен келісімнің айқын көрінісі. Бұл күні барлық этнос өкілдері өз мәдениетін паш етіп, ортақ шаңырақ астындағы татулық пен сыйластықтың үлгісін көрсетуде. Бірлік – біздің басты байлығымыз. Оны сақтау мен нығайту – баршамызға ортақ міндет, – дейді «Қоғамдық келісім және тіл орталығы» КММ директоры Бақытжан Камалов.
Қоғамдық келісімді нығайтуда Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің рөлі зор. Одан бөлек, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар Наурыз, Масленница, Пасха сынды түрлі халықтың мерекелерінің бірлесе өткізілуі, достық пен татулықтың мәнін тереңдете түседі.
Бір шаңырақ астында
Қазақтың дәстүрі мен тарихын, тілін үйреніп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтың бірі, өзбек ұлтының өкілі Дильшат Ибрагимов.
– Қазақ халқы әрдайым «көрші ақысы – тәңір ақысы», деген түсінікті ұстанған. Сол себепті көрші елдерге деген сыйластықпен, достық-бауырмалдықпен қарым-қатынас жасайтыны жақсы әсер беретіні анық. Қазіргі таңда бір тудың астында қаншама ұлт өкілдері бейбіт елде өмір сүруде. Осындай бірлігі жарасқан елде тұрып жатқаныма қуанамын. Қазақстанның ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені – жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі, – дейді ол.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде Дильшат қазақы тәрбиеге жақын болып өскен. Қазақ тілін жетік меңгерген. Ата-анасының ұстанымы бойынша қазақ еліне деген құрметін еш ұмытпаған. Тіпті қазақ халқының салт-дәстүрін білуге қызығушылығы, тілге деген жанашырлығы өзгелерге үлгі боларлықтай.
– Еліміздегі кәсіптің дамуына өз үлесімді қосып келемін. Қазіргі таңда «Burger truck» фастфуд орталығын аштым. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдаудың арқасында өз ісімді дамытуға мүмкіндік алдым. Бір шаңырақ астында еңбек етіп, табысқа жетіп жатқан жастар – ел болашағының берік негізі, – дейді Дильшат.
Сыр өңірінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің бір ғана тілегі бар. Олар Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен дейді. Өйткені олар үшін ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!