Бүгінде ақпарат кеңістігінің қоғам өміріндегі рөлі артып келеді. Әсіресе ұлттық келісім, мәдени әртүрлілік, азаматтық бірегейлік секілді маңызды тақырыптарды жеткізуде медианың жауапкершілігі зор. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы медиа–орталығы түрлі этнос өкілдерінің өмірі, еңбегі, мәдениеті мен ел дамуына қосқан үлесін кеңінен насихаттап келеді. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы медиа–орталығының жетекшісі, Қазақстан татар және башқұрт конгресінің өкілі Равиль Валеевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қоғамдағы ұлтаралық татулық пен достық құндылықтарын жастардың санасына сіңіруде ақпараттың рөлі қаншалықты маңызды?
– Заманауи медиа кеңістігінде мерекелік іс-шараларды жай ғана хабарлау немесе құрғақ ақпарат ретінде ұсыну бүгінгі аудиторияның сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғамдық сананы жаңғыртатын, іргелі құндылықтарды нығайтатын маңызды стратегиялық алаңға айналды. Сондықтан кез келген іс-шара туралы «өтті» немесе «қатысты» деген ақпарат беру жеткіліксіз, өйткені бүгінгі оқырман сан алуан ақпараттың ішінен оның терең мазмұны мен әлеуметтік мәніне үңіледі. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні тек салтанатты жиындар мен концерттердің жиынтығы емес, бұл ең алдымен, еліміздегі ұлтаралық келісім мен татулықтың берік символы. Медиа орталықтың басты міндеті – әртүрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астындағы берекелі тірлігін, өзара сенімі мен сыйластығын нақты мысалдар арқылы ашып көрсету. Қазіргі таңда БАҚ-тың ағартушылық қызметі барынша күшейіп, қоғамда сыни ойлау мәдениетін дамытуға және этносаралық диалогты нығайтуға бағытталуы тиіс. Біз тек оқиғаны баяндап қана қоймай, ел бірлігі мемлекеттілік негізі екенін түсіндіруіміз қажет, себебі бүгінгі қоғам шынайылықты, мазмұнды және ұлтаралық татулықты дәріптейтін ашық әңгімені күтеді.
– Сіз Қазақстан татар және башқұрт конгресінің өкілісіз. Бүгінде татар бірлестігі қандай жобалармен айналысып жүр?
– Бүгінде татар бірлестігінің жұмысы бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Ең алдымен, бұл білім беру жобалары, тіл курстары, мәдени іс-шаралар, шығармашылық ұжымдардың дамуы және Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық бастамаларына белсенді қатысу. Тіл үйрену курстарының маңызы ерекше. Себебі тіл – мәдениеттің өзегі. Тіл білу арқылы адам халықтың тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрін тереңірек түсінеді. Сонымен қатар біз мәдени кештер, концерттер, шығармашылық кездесулер, ұлттық дәстүрлерді таныстыратын іс-шаралар өткіземіз. Біз жастардың шығармашылық бастамаларын қолдаймыз, оларды республикалық және халықаралық мәдени іс-шараларға тартамыз.
– Ұлттық болмысты сақтай отырып, біртұтас ел болудың басты сыры неде деп ойлайсыз?
– Қазақстандық қоғамдық келісім моделінің бірегейлігі де ұлттық сабақтастықта жатыр. Біздің елімізде әр этностың өз тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін қастерлеуі жалпыұлттық бірлікке ешқандай қайшы келмейді, керісінше, ол ортақ шаңырағымыздың рухани көкжиегін кеңейтіп, іргесін бекемдей түседі. Татар халқының сан ғасырлық мәдени мұрасы бүгінде Қазақстанның көпқырлы рухани қазынасының ажырамас бөлігіне айналды. Біз ана тіліміз бен ұлттық өнерімізді ардақтай отырып, Қазақстанды қасиетті ортақ Отанымыз деп танимыз және еліміздің өркендеуіне атсалысамыз. Шын мәнінде, бірлік – барлық азаматтың бір қалыпқа түсуі емес, әртүрлілікті сақтай отырып, ортақ құндылық төңірегінде бірігу. Қазақстандағы әр этностың өзіндік болмысы неғұрлым айқын көрініс тапқан сайын, мемлекетіміздің рухани қуаты мен зияткерлік әлеуеті де арта түспек.
– Өңірлермен байланыс қандай деңгейде?
– Өңірлермен байланыс – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Себебі бірлік идеясы тек елордада ғана емес, еліміздің барлық аймағында нақты істер арқылы көрінуі керек. Біз барлық өңірлермен тұрақты байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеміз. Мәдени және білім беру бағытындағы жобалар бойынша тәжірибе алмасамыз, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырамыз, ақпараттық қолдау көрсетеміз. Өңірлермен байланыс бізге ел ішіндегі этномәдени өмірдің алуан түрлілігін кеңірек көрсетуге мүмкіндік береді. Әр аймақтың өз ерекшелігі, өз тәжірибесі бар. Соларды біріктіре отырып, біз Қазақстандағы қоғамдық келісімнің нақты көрінісін көрсете аламыз.
– Алдағы уақытта қандай жаңа медиа алаңдарды игеру жоспарда бар?
– Қазіргі ақпарат кеңістігі үнемі назарда. Сондықтан жаңа цифрлық платформаларды игеру, видеоконтентті күшейту, қысқа бейнеформаттарды дамыту – алдағы маңызды бағыттардың бірі. Қысқа видеолар бүгінде өте танымал. Бірақ қысқа формат мазмұнсыз дегенді білдірмейді. Керісінше, бірнеше секунд немесе минут ішінде маңызды ойды нақты, әсерлі және түсінікті жеткізе білу қажет. Бұл үлкен кәсібилікті талап етеді. Сонымен қатар подкаст форматтарын дамытуға да қызығушылық бар.
– Мерекелік лебізіңіз…
– 1 мамыр – баға жетпес байлығымыз бен мызғымас бірлігіміздің айқын символы. Ең басты тілегім – қастерлі Отанымыздағы тыныштық пен келісімді әрқашан бағалай білейік. Қазақстан – баршамызға ортақ қасиетті қарашаңырақ. Сондықтан еліміздің үйдің берекесі мен жарқын болашағы үшін әрқайсымыз тікелей жауаптымыз. Бір-бірімізді құрметтеу, өзара түсіністікке ұмтылу және қиындықта демеу болу – біздің қоғамдық келісіміміздің алтын діңгегі. Еліміздің ең үлкен күші – оның көптүрлілігі мен сан алуан этностардың басын қосқан рухани тұтастығында. Әр ұлттың өзіндік мәдениеті мен дәстүрі ортақ Отанымыздың қазынасын байытып, мемлекетімізді әлем алдында еңселі ете түседі. Біз осы рухани байлықты ардақтай отырып, ортақ болашаққа «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, сеніммен қадам басамыз. Бұл – өзара сенім мен татулықты, жасампаздық пен ынтымақты ту еткен парасатты жол. Осы айтулы мерекеде баршаға ашық аспан, отбасылық береке және еліміздің гүлденуі жолындағы игі істеріне жаңа күш-қуат тілеймін. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!