Жұма, 19 сәуiр, 20:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Мектепке дайындық: Бір балаға қанша қаржы жұмсалады?

10.08.2021

1223 0

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші биылғы сабақ жоспарының жайжапсары мүлде басқаша бағытта. Осы орайда жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке дайындық барысын сараптап көрдік. Мәселенің мән-жайын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Әліппе» мен «Ана тілі» қайта оқытылады

Жаңа оқу жылы қарсаңында жағымды жаңалық көпті қуантты. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов жаңа оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитыны туралы хабарлаған еді. Бұл қуанышты хабар күллі қазақ баласына айрықша әсер етті. Өйткені ұлттық бояуы қанық құнды оқулықтың орны бөлек. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппе» оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше орыс тілінде немесе өзге тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері оқытылады деп күтілуде.

– «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады. Қазіргі таңда оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Бірыңғай бағ­дар­лама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқы­тылған «Әліппе» оқулықтарының автор­лары бар. Бағдарламалар мен оқулық­тар дайын болғаннан кейін оларды пи­лоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мек­тептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе жіті бақылауымда болады, – деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов.

Бұл қуанышты жаңалықты қызылорда­лық ұстаздар мен ата-аналар да зор ықыласпен қабылдады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін бұл айрықша қадам болмақ. Облыстың бас педагогы Ақзира Қасымованың айттуынша, бүгінде 1-ші сынып оқушыларының оқулықтары толығымен жаңартылмақ. Республикалық бюджеттен бөлінген 1,1 млрд теңгеге жаңа оқулықтар алынып, бүгінде барлық оқушыларға түгелімен таратылады. Мек­теп формасына қойылар талап та қатаң болмайды. Білім алушылар үшін мектеп формасымен қатар классикалық үлгідегі киімдерді киюге рұқсат етіледі. Облыс бойынша 12940 балаға тегін мектеп формасы, аяқ киім және оқуға қажетті құрал-жабдықтар берілмек. Ол үшін арнайы 5 категория түзіліп, мұқтаж отбасылар тізімі жасақталған. Осы тізімге енген әрбір ата-ана басқарма тарапынан келісілген тігін шеберханаларына барып, балаларын киіндіре алады. Сонымен қатар биыл 6 білім ордасы пайдалануға беріледі. Оның 4-і мемлекеттік болса, 2-і жеке типтік жобада салынуда. Осының 3-і жаңа оқу жылында өз жұмысын бастаса, қалған 3 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.   

Мәселенің бірі – мектеп формасы

Соңғы кезде мектеп формасы төңірегінде қызу әңгіме жүріп жатыр. Министрліктің мәліметінше, биыл барлық оқушылар үшін мектеп формасы міндеттелмейді. Алайда біздің қазақ «балам өзгенің баласының қасында жабырқау көрінбесін. Киімі жұпыны, жұтаң болмасын» деп бар тапқанын баласының үстіне жаратады. Жә, ол әркімнің өз еркінде.

Өткен сенбі күні базарға бет алдық. Мақсатымыз айқын. Күннің аптап ыстығына қарамастан базар аралаған халықтың қарасы көп. Жыл сайын осы мезгілде барлық ата-ана базар аралап, балаларына жаңа киім мен қажетті оқу құралдарын алуды дағдыға айналдырған. Бұл түсінікті де. Жиған-тергенім балаларыма бұйырсын деп шапқылап, шашылып жүрген  қарапайым көпшілік. Карантин күшейіп ел біткеннің есін алып тұрған шақта, қымбатшылық бір бүйірден қысып, халықтың қалтасын қағуда. Бір сөзбен айтқанда, орта есеппен бір баланы бастан-аяқ киіндіруге 100 мың теңгенің шамасында қаржы керек. Қыз балалардың үстіне киетін ақ кофталары былтыр ең арзаны 5000 теңге болса, биыл бұл екі есеге көтерілген. Ер балалардың жейдесі де 5000-нан басталады. Костюм-шалбар арзан дегенде 15000 – 25000 мың аралығында. Аяқ киім 6000 – 14000 мыңның аралығын қамтиды. Бұл басы ғана. Киімдерін түгендеп болсаңыз, оқу құралдарын сатып аласыз. Дәптер 20 теңге, қаламсап 30-100 теңге, сызғыш, өшіргіш, кітап пен дәптер қабы, желім осылай жалғастырып жаза берсең тізбектеліп кете береді. Соңынан қосып бір есептетсеңіз есіңізден танып түсуіңіз ғажап емес. Бұған қосымша сөмкені қосып қойыңыз. Оның бағасы 6000 – 10 000 мыңнан бір теңге түспей тұр.

– 2003 жылдан бері базардамын. Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті. Бір байқағаным, бір киімнің өзіне жылдың әр мезгілінде халық қыруар қаржы жұмсайды. Ал баланың киімі ең қымбаты болып саналады. Біздің тауардың үстінен көретін пайдамыз 5-10 теңге. Қалған қосымша табыс  жол шығынымызды ғана өтейді. Несін жасырайын, қарапайым халық қиналып жүр. Жыл сайын үсті-үстіне қымбатшылық. Қазір карантин уақыты болғасын шет елдерден әкелуге мұрша жоқ. Сосын амал жоқ Алматы, Шымкент, Түркістан облыстарынан алдыртамыз. Бұрын Бішкек, Ташкент, Қытай асып вагон-вагон тауарлар келетін. Мұның бәріне шектеу қойылып отыр. Бір шешімі болатын шығар деп күтіп жүрміз. Балалар киімі сауда сөрелерінде жарқырап тұрғанымен бағалары қымбат, – дейді базар сатушысы Айнұр Сәдуақасова.

Базарға қос ұлымен келген қала тұрғыны Ғалия Мыңжасарова да базар бағасына ренжулі. Оның да уәжі қымбатшылық. Үнемдегеннің өзінде бір балаға 60-70 мың теңге шығын кетсе, үйінде 5-6 мектепке баратын отбасының күні қалай болмақ? Мектеп формасын міндеттемейді дегенмен мектепке бару үшін киім керек екені белгілі.

«ASHYQ» қосымшасы қосылған

Алдағы оқу жылында аймақтағы 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 173 96 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Облыс көлемінде 1-ші сыныпқа 17746 бала қабылданған. Оның 1066-ы жеке мектепке барады. Оның ішінде 16916 баланың құжаты электронды форматта e-gov порталы арқылы 830 құжат қолма-қол өткізілген. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында санитарлық талаптарды сақтау мақсатында дизенфекциялық кі­лемше, кварц шамдары, санитайзерлер орналастыру, антисептиктермен өңдейтін құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар облыс бойынша барлық мектепке дейінгі ұйымдар мен кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында «ASHYQ» қосымшасына қосылу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 294 мектеп пен 669 балабақша «ASHYQ» қосымшасына қосылған.

Р.S. Карантиндік шектеулер талай мәселені ашық көрсетті. Киім бағасының шарықтауына сырттан тасымалданатын тауар көлемінің азайғаны әсер етуде. Бұл әлі де біздің жеңіл өнеркәсіпке жеңіл қарайтынымыздың салдары.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: