Жұма, 11 қазан, 20:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Мектептегі жылыжай

03.04.2021

3113 0

Қаламыздағы әл-Фараби шағын ауданында жағымды жаңалыққа толы білім ордасы ерекше көзге түседі. Ол – Серәлі Лапин атындағы №261 орта мектебі. Жақында әлеуметтік желіден байқағанымыздай, жаңашылдыққа құмар білім ошағы өз жылыжайының алғашқы өнімін алғандығы жайлы қуана жазған болатын. Бұл – биылғы оқу жылының жаңалығы. Біз де мектепке барып, жылыжай жұмысымен танысып, өнімнен дәм таттық.  Қызылорда қаласындағы білім ордаларынан өзінің өзгеше сипаттағы білім беру стилі мен баланың білім алуға құштарлығын арттыратын идеяларымен ерекшеленетін С.Лапин атындағы №261 орта мектебі оқушыларын қуантып келеді. Ал оқушылары болса, мұғалімдерін қалалық, облыстық, республикалық жарыстар мен байқауларда жетіктікке жетіп, марапат биігінен көрініп қуантуда. Оған қоса қазір оқушылардың білім алумен қатар бос уақыты жоқтың қасы. Өйткені олар жылыжай жұмысымен танысып, сонда тәжірибе алмасып, өздерін еңбекке баулу үстінде.

Осы мектепке директорлық қызметке келгеніме бір жарым жыл болып қалды. Жалпы әрбір оқушының жеткен жетістігі бізге маңызды. Аллаға шүкір етемін, түрлі байқауларға қатысқан ұстаздар да, балалар да орын алып, биік белестерді бағындырып келеді, деген жақсы жаңалығымен бөліскен мектеп директоры Қарлығаш Әбдрахманова бізді жылыжайға өзі ертіп барды.

Жылыжай ішіндегі жылы әңгіме

          Қызылордада жылыжай шаруашылығы жақсы қолға алынып келеді. Жалпы Сыр өңірінің климаты ерекше ыстық және құрғақтығы басым аймаққа жататыны белгілі. Содан да болар, біздің қалада жасыл желектің жайқалып өсуі қиын деген пікірді жиі естиміз. Дегенмен ынта, ықылас болса, бұл пікірге келісе қоюға болмайды. Аймақта ағаштың да, жемістің де түр-түрін өсіруге болады. Соңғы кезде қаладағы мектептердің ауласында жылыжай орната бастағанын көріп жүрміз. Соның ішінде аумағы жағынан ең үлкені осы №261 орта мектепте екенін байқадық. Мұндағы жылыжай 200 шаршы метрді құрайды.

          Жылыжай ішіне кіргенімізде бізді жауапты мамандары қарсы алды. Олар биология, химия, физика пәндерінің мұғалімдері. Яғни ұстаздар оқушылармен бірлесіп, көкөніс, гүл түрлерін өсіруді қолға алуда. Мұндағы өнім түрлері тамшылату әдісімен суарылады.

Жұмысты жылыжайға арналған дақылдарды егуден бастадық. Осы кезде қиярдың бірнеше түрін, келесі қатарға шалғам, одан кейінгі қатарға баялды, аскөк секілді көкөністерді егіп жатырмыз. Арасында гүлдер де отырғызылады. Сонымен қатар қызанақ та бар. Әрбір өнім ерекше күтімді қажет етеді, деді биология пәнінің мұғалімі Шынболат Есенов.

Оған қоса жақында жылыжайдың алғашқы өнімі шалғам көкөнісі пісті.

Қызанақ пен қиярдан бөлек, біз тағамға пайдаланатын көкөністерді егейік дедім. Бір жағынан басқа жылыжайларға қарағанда өзгеше болғанын қаладық. Сондай-ақ бұл жерде биология пәнінің мұғалімі оқушылармен практикалық сабақ өтеді. Оқушылардың қызығушылығы басым, деді мектеп директоры.

Ал жылыжайдан піскен табиғи өнімдер қайда барады десеңіз, мұның да жауабын мектеп директоры берді.

Өзімізде оқушыларға арналған асхана бар. Негізі 310 бала ыстық тамақпен қамтылған. Балаларға табиғи әрі таза өнім беру мақсатында осы жылыжайдағы өнімдерді асханаға береміз. Бір жағынан оқушылар өздерінің еккен өнімдерін жейтін болады, деді білім ордасының басшысы.

Мектеп директоры мамандарының жұмысын қадағалап, жылыжай ішін аралап, тіпті бізбен бірге шалғам өнімінен дәм татты. Негізі бау-бақша да бала сияқты бапты қажет етеді. Ал жылыжайдың жайы мүлдем басқаша. Ондағы температура мен жарықты қалыпты сақтап тұру, күн сайын күтіміне көңіл бөлу керек. Бірақ мектептің биолог мамандары бәрін рет-ретімен атқаруда. Осылайша жылыжайда еңбек қызып тұр.

Тілші түйіні:

Көктем келді дегенше, шалғамға тоятын кез келді дегендей, мектеп жылыжайының алғашқы өнімі денсаулыққа пайдалы осы шалғам болды. Алдағы уақытта Қарлығаш Әбдрахманованың жоспары көп. Көкөніспен бірге құлпынай және жүзімді де өсіріп көруді көздеп отыр. Оған қоса жылыжайдың жұмысын одан әрі дамыту үшін мамандармен бірлесе тәжірибе алмасу ой да бар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: