Сенбі, 18 мамыр, 14:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада орыс сыныбына сұраныс бар ма?

02.09.2023

507 0

Соңғы кездері ата-аналардың балаларын орыс сыныбына көптеп беріп жатқаны туралы айтылуда. Тіпті орыс сыныбы биыл қазақ сыныбынан көп болып отыр. Бұл – елордадағы ахуал. Ал Қызылордадағы жағдай қалай?

Алдымен тарихқа көз жіберейік. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы 1937-1938 жылдары елімізде 478 аралас мектеп болғанын айтады. 1940-1941 оның саны 841 болып, екі есе өссе, 1954-1955 жылдары 1 228-ге жетіп, үш есе көбейген. КСРО-ның дәуірлеп тұрған кезеңі ХХ ғасырдың 70 жылдары Қазақстанда 1 689 аралас мектеп болыпты. Сол 60-80 жылдары елде 700-ден астам қазақ мектебі жабылып, Алматыда тек бір ғана қазақ мектебі қалған. Тек 1986 жылы ғана белгілі сатирик Шона Смаханұлының бастамасымен қазақ мектептері қайтадан ашыла бастаған. Бүгінгі таңдағы білім ошақтарындағы ахуал қандай?

Қазақстандағы аралас тілді мектептердің соңғы 6-7 жылдағы жағдайына келсек, 2016 жылы – 2045 мектеп, 2017 жылы – 2037 мектеп, 2018 жылы – 2046 мектеп, 2019 жылы – 2054 мектеп болған. Ал 2020 жылы аралас тілді 2 043, 2021 жылы 2047 мектеп болса,  2022 жылы бұл көрсеткіш 2778-ге бір-ақ қарғыпты. Еліміздегі аралас мектеп басым өңірлер қатарына Алматы, Ақтөбе және Түркістан облыстары жатады екен.

Осы ретте «Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабри­касына айналып кетті», – деп ғалым Мекемтас Мырзахмет­ұлы  дабыл қаққан болатын. Себебі елімізде 70,6 пайыз қазақ тұратынын ескерсек, орыстілді мектеп пен аралас мектеп шәкірттерінің басым бөлігі қазақ балалары екенін білу қиын емес.

Дегенмен статистикалық мәліметке зер салсақ, мем­лекет­тік гранттың 70-80 пайызы  қазақ сыныптарының үлесінде екен. Тіпті 200 мыңнан астам өзге диаспораның баласы қазақ мектебінде оқып жатыр. 

Ғалымдардың зерттеуінше, Қазақстанда тәуелсіздік ал­ғалы бері 60 мыңнан астам бала мектепті алтын медальмен бітірсе, соның 50 мыңнан астамы қазақ мектебінен бітірген түлектер болып шықты. Осы деректерге қарап-ақ қазақ мектептерінің мәртебесі биік екенін аңғаруға болады. Балаларды қазақ тілді сыныпқа беруге баулитын көбінде ата-аналар. Бұған сан мысал келтіруге болады. Мысалы, Арман Сқабылұлының әлеуметтік желідегі пікірі оған дәлел.

«Екі ұлымды қаланың орысы көп ауданында қазақша тәрбиеледім. Шүлдірлегіш қазақтар да жетерлік еді. Тілдері шыға өзімді «папа»  емес, «әке» дегіздім. Бір жылдан соң біз тұратын үйдің басқа кішкентайлары да папаларын әке дей бастады. Тіпті модаға айналды-ау деймін. Балаларым орысшаны аулада ойнап жүріп үйренер дегенмін. Солай болды. Балабақша, мектеп қазақша. Тұңғыш немеремді де өзім тәрбиеледім. Тәй-тәй басқан сәттен бастап құлағына ана тілінің маржан сөздерін сіңіруге тырыстым. Ертегі оқыдым, қазақша мультфильм ғана көрсетуге тырыстым. Бір қызығы, келін қаланың қызы болғандықтан ол да кішкентайынан қазақша сөйлеуге тырысып жүріп, ана тілінде бір кісідей сөйлейтін болды. Оны айтасыз, демалыс күндері жиен немересін қыдыртуға алып кететін, қазақшасы мүлдем жоқ құдағиым  бірер айдан соң өзінің орысшасын түсінбеген немеремен амалсыз қазақша сөйлесетінін байқадым. Қазір шүкір, басымыз қосыла қалса немеренің арқасында қалалық құдалармен қазақша сөйлесеміз.

Бүгін орыс сыныбына баратын қазақтардың көбейіп кеткені жайлы айтылуда. Біреу билікті, біреу мектепті, тіпті орысша мультфильмді кінәлап жатқандар бар. Мүмкін! Бірақ, ең басты кінәлі – ата-ананың өзі деп ойлаймын. Үйде қазақша сөйлеңіздер. Балаңызға, немереңізге көбірек көңіл бөліңіз. Сонда бәрі дұрыс болады.  Маған сеніңіз» дейді ол.

«Қазақстандағы орыс сыныптарының болашағы жоқ» дейді  елордалық гимназияның директоры, белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы. Оның айтуынша, 6-7 жылдан кейін орыс бөлімдеріне бірінші сыныпқа қабылдау тоқтатылады. Ал қазіргі орыс тілді оқушылар бәсекеге қабілетсіз болады.

Мектеп директоры Аятжан Ахметжанұлы ата-аналарға балаларын орыс сыныбына бермеуге кеңес береді. Бұл туралы ол үнемі мақалалар жазып, өзінің ұстанымын бірнеше себеппен түсіндіреді. Біріншіден, демографиялық жағдайға байланысты. Этникалық орыстар Қазақстаннан кетіп жатыр.Халықтың табиғи өсуі негізінен қазақ тілінде сөйлейтін оңтүстік облыстарда байқалады. Сонымен қатар өткен жылдан бастап жоғары оқу орындарындағы гранттар оқыту тілі бойынша бөлінбейді. Негізінен, қазақ мектептерінің түлектері жеңілдікті көп алады. Өйткені олар ҰБТ-да көп балл жинайды. Сондай-ақ қазақ топтарындағы студенттер саны он есе көп болуы мүмкін.  «Қазір бірінші сыныпқа баратындар 15 жылдан кейін  мектеп пен университет бітіреді.  Ол уақытта біз қаласақ та, қаламасақ та елдегі демографиялық және тарихи жағдай өзгереді.  Бұл – саясат емес, уақыт ағымы» дейді ол. Гимназия басшысының айтуынша, қазіргі таңда орыс тілді мұғалімдер жетіспеушілігі байқалады. Ал қазақ мектептерінде бос лауазымға бәсекелестік бар. 

Әнші, эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова өзінің жеке парақшасында мына жазбаны қалдырыпты. Риза болдым.

«Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! Қадыр Мырза Әлі атамыздың сөзін, ел келешегіне жаны ашитын адам ғана түсінетін шығар. Тіл мәселесіндегі ар – ол сенің келешек ұрпағың үшін жауапкершілік. Сен дәл осы үлкен жауапкершілікті сезініп, өз ана тіліңді қорғай аласың ба? Иә. Әрине. Намысың болса қорғайсың. Әрқайсысымыз өзімізден, отбасымыздан бастайық. Біз үйде өзге тілде мүлдем сөйлемейміз. Себебі рұқсат жоқ. Әкем бірден тілімізді тияды. Шаңырақта өз тілімізге құрмет болуы заңдылық. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай. Ол солай болған және бұйырса солай болады да. Есесіне, балаларымыз да дәл сондай. Олар естігенін айтады, көргенін істейді» дейді ол.

Тіл жанашыры кезінде ұзақ жылдар мектеп директоры қызметін атқарған Қадыркүл Шаймағамбетованың әлеумет­тік желіге салған пікірін оқып қалдым. Онда «Атамекен» отбасылық балалар үйіндегі Любовь Нестерованың кез­десуде Ұлы Абайдың өлеңдерін нақышына келтіріп оқып бергені әлі көз алдымда. Жазғы демалыста да лагерь­дің ашылу сал­танатына барғанда Любаның Абайдың қарасөздерін жатқа оқуы ерекше әсер берген болатын. Кеше тағы әлеуметтік желі­де «Сен қазақсың» деген  өлеңді оқып, өзіміздің қаракөздер­дің туған тілін құрметтеу керек екенін  жетесіне жеткізіп айтты. Жуырда «Атамекендіктердің» анасы Лиза ханымнан Любаның Қорқыт ата университетінің журналистика бөлімі­не оқуға қабылданғанын естіп, қатты қуандым. Любажан, талабыңа нұр жаусын! Сенің қаламы қарымды журналист болатыныңа сенемін. Қазақ тілін ана тіліндей құрметтеген, қадірлеген, сүйе білген саған аман­дық, сәттілік серік болсын!» деген жүрекжарды жазбасын қалдырған.

Қазақылықтың дәстүрін дәріптеуде Қызылорда облысы­ның алдына түсетін аймақ жоқ десем қателеспейтін болармын. Өйткені қалың қазақ біздің аймақтың 90 пайы­зы қазақша  сөйлейтінінен хабардар. Бұл жөнінде алдымен білім ошағындағы аралас мектептер саны ондағы білім алып жатқан балалар санына назар салайық. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 295 мемлекеттік мектеп бар. Онда 172625 окушы білім алады. Облыс бойынша қазақ мектебінің саны 268 болса, онда 137049 бала оқиды. 27 ара­лас мектепте 35576 оқушы бар. Сандарға қарап аралас мек­тептің саны аздығын көріп көңілге үміт ұялайды.

Г. ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: