Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Навальный, Беларусьтегі жағдай, Байденнің Путинді «қанішер» деп атауы: Ресей мен АҚШ президенттері не талқылады

17.06.2021

1229 0

АҚШ басшысы Джо Байден мен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Женевада саммит өткізді. Екі мемлекеттің президенттері қандай мәселелерді көтерді? Кездесудің нәтижесі қандай? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі баяндайды. 

Ресей президенті екі ел басшысының кездесуінде нақты мәселелер талқыға салынғанын және олар біріншіден келісімге келуді мақсат еткенін алға тартты. Байден де саммиттің қорытындыларына көңілі толатынын жеткізді. Оның сөзінше, енді екі мемлекет арасында алдағы уақытта байланыс жасауға нақты база құрылған, бұған қоса, олар араларындағы түсінбеушілік неден туындағанын түсінген. 
 

Елшілердің қайта оралуы, Байденнің даулы мәлімдемесі

АҚШ пен Ресей президенттері дипломатиялық өкілдіктердің жұмысын қалпына келтіріп, елшіліктің барлық қызметкерлерін қайтаруға келісті. Дегенмен, Путин елшіліктердің қалыпты жұмысы нақты қай күннен басталатынын атамады, бірақ бұл сұрақ алдағы уақытта шешімін табатынын атап өтті. Журналистердің «Мәскеу мен Вашингтон арасындағы сенім ұлғайды ма?» деген сұрағына, ол Лев Толстойдың сөзін мысалға келтірді.

«Өмірде бақыт жоқ, тек оның ұшқыны ғана. Әрине, екі ел арасында отбасылық сенім болады деп айта алмаймын, бірақ сенімнің ұшқыны бар», – деп тұспалды Путин.  

Өз кезегінде Байден АҚШ-тың күн тәртібі Ресейге қарсы еместігін және АҚШ азаматтарының игілігіне бағытталғанын алға тартты. Сондай-ақ ол кез келген саясаткермен қарым-қатынаста, ең алдымен, Вашингтонның мүддесін қорғайтынын сөз етті. 

Путин Байденнің өзін «қанішер» деп атағаннан кейін онымен татуласқанын тілге тиек етті. 

«Ол не үшін бұлай айтқанын түсіндірді, оның уәжі менің көңілімнен шықты. Ол менімен көзбе-көз сөйлескісі келетінін жеткізді, біз кездестік», – деген Путин Байденнің өте тәжірибелі адам екенін айтты. 

Путин

Ядролық соғыс мәселесі көтерілді

Саммиттің қорытындысы бойынша Путин мен Байден стратегиялық тұрақтылық туралы бірлескен мәлімдеме қабылдап, қару-жарақты бақылау бойынша кешенді, екі жақты диалог жүргізуге келісті. Кремльдің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, президенттер «ядролық соғыста жеңімпаз болмайды» деген қағиданы ұстанатындықтарын тағы да растаған.

Байден өткізген баспасөз жиынында да ядролық қауіпсіздік туралы айтылғанын жеткізді. 

«Путин қырғи-қабақ соғыстың басталуын қалайды деп ойламаймын», – деді Байден. 

Оның сөзінше, президенттер Иранда ядролық қарудың пайда болуына тосқауыл болуды талқылаған. Сонымен қатар олар Сирия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірігіп жұмыс жасауға келіскен. 

Путин мен Байден Беларусьтегі және Украинадағы жағдайды талқыға салды

Путиннің айтуынша, Украинаның НАТО құрамына қосылғысы келетіні туралы саммитте аз айтылған. Мәскеудің бұл мәселедегі жалғыз міндеті – Киев дайын болған жағдайда Донбассқа қатысты Минск келісімдерін жүзеге асыру.

Байден де осы мәселеге тоқталды. Ол Путинге АҚШ-тың Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына деген шексіз міндеттемесі бар екенін сөз еткен. 

«Біз дипломатиялық келісім жасауға тырысып, Минск келісімдерін қолдаймыз деп уәделестік», – деді ол.

Мұнымен қатар, саммитте АҚШ Батыс елдерінің ұжымдық қауіпсіздігіне Беларусьтегі жағдай қауіп төндіріп отыр деген пікірде екені айтылыпты. Байден оның пікіріне Путин қарсы болмағанын атап өтіп, оның «Беларусьтегі жағдайды әртүрлі позициядан бағалауға болады» деп айтқанын жеткізді.

Навальный, Беларусьтегі жағдай, Байденнің Путинді "қанішер" деп атауы: Ресей мен АҚШ президенттері не талқылады

Самитте Навальный мен Ресейдегі оппозиция мәселесі көтерілді

Журналистер Путиннен Ресейде шетелдік тыңшы деген статусқа ие болған Жемқорлыққа қарсы күрес қорының жай-күйі туралы сұрады. 

«Сіздер сұраған ұйым көпшілікті тәртіпсіздікке ашық түрде шақырып, Молотов сұйықтығын қалай дайындау керектігін көрсетіп, полицейлердің жеке деректерін жариялады», – деді Путин. 

Бұған қоса, ол Навальный туралы да пікірін білдіріп, оның түрмеге отыруға өзі келгенін алға тартты. 

Ресей президенті Байденмен кездесуде шетелдік агенттер мен адам құқықтарын бұзу туралы мәселе көтерілгенін жасырмады. Десек те бұл тұрғыда ол «АҚШ-тағы жағдай да оңып тұрмағанын», елдерінде көшеде тұрғындарды атып тастайтындар, ЦРУ-дың (Орталық барлау басқармасы) құпия түрмесі мен Ауғанстандағы бомбалау әрекеттерін мысалға келтіргенін жеткізді. 

Байден өз кезегінде егер Навальный түрмеде көз жұмса, оның арты Ресейге қиынға соғатынын айтыпты. 

«Мен адам құқықтарын көтере алмайтын болсам, өз халқымның сенімінен айырылатынымды сөз еттім», – деді Байден. 

Оның сөзінше, РФ сотының ресейлік оппозиционерлерді қудалауы мен АҚШ-тағы Капитолияны басып алуға тырысқандарды соттау үрдісі – бір-бірімен салыстыруға келмейтін мысалдар. 

«Бұл – өте күлкілі теңеу. Қылмыскерлер Капитолийге басып кіргені үшін тиісті жазаларын алуы мен тұрғындардың сөз бостандығына шектеу қоюдың арасы жер мен көктей», – дейді Байден.

Навальный, Беларусьтегі жағдай, Байденнің Путинді "қанішер" деп атауы: Ресей мен АҚШ президенттері не талқылады

Ресей мен АҚШ киберқауіпсіздікті күшейту жұмыстарын жалғастырмақ

Екі елдің басшылары АҚШ-тың компьютерлік желілеріне хакерлік шабуылдардың жиілеуі мәселесін талқылады: Байден бұл шабуылдардың артында Ресей билігі түр деген пікірде екенін жасырмады. Путин осы мәселе бойынша екі тарап пікір-кеңес алмасатынын және «шешілуі тиіс мәселе бар екенін» айтты. Ол америкалық дереккөздерді мысалға келтіре отырып, әлемдегі кибершабуылдардың АҚШ-тың кибер кеңістігінен, содан кейін Канададан жиі жасалатынын ерекше атап өтті.

Ресей президенті Мәскеуге қарсы санкцияларға тоқталды. 

«Ресеймен қарым-қатынасты дамытуға қарсыласатындар да бар, жақтаушыларымыз да бар. Бірақ олардың қайсыбірі үстемдік ететінін айту мен үшін қиын», – деді ол.

Байден өзінің баспасөз конференциясында кибершабуылдар тақырыбына көп көңіл бөлді. Сөзінше, Америка Құрама Штаттары Ресейге хакерлердің мүмкін шабуылдарынан ерекше қорғалуы керек 16 негізгі инфрақұрылымдық секторлардың тізімін ұсынады. Байден саммитте кибершабуылдарға әскери жауап беру мәселесі талқыланбағанын және тараптар осы салада қауіпсіздік орнату үшін бірлесе жұмыс істеуге уағдаластығын баса айтты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: