Жұма, 19 сәуiр, 22:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Мектептегі «мейірім»

11.06.2022

708 0

Киевтің солтүстігіндегі Катюжанка ауылы наурыздан бастап бір айға жуық ресейлік әскерилер бақылауында болды. Жақында Украина билігі ауылды қайтарып, қайта қал­пына келтіру жұмыстарын бастады. Осы орайда ауыл мектебі тоналғаны, қажетті жарақтар алынып кеткені анықталды. Қирандыға айнал­ған мектептен ресейлік әскерилердің оқушыларға жазған «хаты» анықталды. Бұл туралы CNN арнасының тілшілері Саньо Филиппов пен Ивана Коттасова «Орыс әскер­лері украин мектебін талқандап, оқушыларды бейбітшілікке шақыратын хабарлама қалдыр­ған» тақырыбында мақала жарық көрді.

Наурыз айында Украина әскерлері Киевтің солтүстігінде бір айдан астам уақыт бойы Ресей басқыншылығында болған Катюжанка ауылын бақылауға алған соң қираған жергілікті мектепті тапқан. Ұрланбаған техниканың барлығы талқан­далып, мектеп ауласында уақытша зират, футбол алаңында терең окоп қазылған.

Қираған мектеп бөлмелерінің бірінде қабырғада ілулі тұрған жасыл тақтада оқушыларға арнап бормен хат жазылып, оған «орыстар» деген қолтаңба қойылған.

Хабарламада «Балалар, мына тәртіпсіздік үшін кешіріңіздер, біз мектепті сақтап қалуға тырыстық, бірақ бізге оқ атылды. Сабырлы өмір сүріп, өздеріңе қамқор болыңдар және үлкендердің қателігін қайталамаңдар. Украина мен Ресей бір халық!!! Бауырлар аман болсын!» – деп жазылған.

Бұл − мектепте жазылған бірнеше хаттың біреуі ғана. Одан бөлек «Біз әлем тыныштығын қалаймыз», – делінген екінші жазбада. CNN арнасы жазбаларды кім жазғанын тексере алмаған.

Катюжанка орта мектебінің директоры Микола Микитчик арнаға берген сұхбатында жазбаларды тапқанда жиіркенгенін айтқан. «Олар «орыстар мен украиндар ағайынды» деп жазды. Бірақ сонымен бірге олар мектепті тонап кетті… Компьютерлерді қиратты, ноутбуктерді, принтерлерді алып кетті, мектепте ештеңе қалдырған жоқ! Бұл айуандық пен екіжүзділік», – деді ол.

Мектеп директоры сонымен қатар мектеп аумағынан үш мина, бірнеше граната мен оқталған автомат магазины табылғанын айтты. Соғысқа дейін күн сайын 500-ден астам баланы тамақтандыруға пайда­ланылған жаңа ас үй толығымен қиратылған.

Украина Қорғаныс министрлігі 3 наурызда жариялаған жедел есебі бойынша, Ресей әскерлері сол кезде Катюжанканы бақылауға алып, сол жерде және аймақтың басқа елді мекендерінде тыл лагерін орналастырған.

Катюжанка шағын, бірақ Киевке апаратын негізгі жолдың бірінде орналасқан стратегиялық маңызды ауыл. Наурыздың басында спутниктен түсірілген суреттерден бұл аймақта танктерден, бронетранспортерлерден және артиллериядан тұра­тын 64 шақырымға созылған ресейлік әскери колонна анықталды.

Директор ресейлік әскер шамамен 5 миллион украин гривень көлемінде шығын алып келді деп есептейді және ол оқушылардың жақын арада қайтып оралатынын елестете алмайтынын айтқан.

«Барлығын алып кетті. Тіпті тоқ сымдарын да ұрлаған», – дейді ол. Осы ретте мектепте қалған тағы бір жазбада: «Бір-бірлеріңе адал болыңдар, мұқтаж жандарға көмек қолын созыңдар. Біз дос бола аламыз деп үміттенеміз! Болашақта бейбітшілік алып келетін дәрігер, инженер, мұғалім болыңдар!» – делінген.

Украинада бұл жазбалардың фотосуреттері Ресейдің негізсіз агрессиясы, қатыгездігі мен орасан шығынның символына айналды. Алайда Ресейде бұл мүлде басқаша ұғым қалыптастырған. Ресейліктер бұл жазбаларды мейірімділік деп қабылдады. Ресейлік «Лента.ру» ақпарат агенттігі сайтында «Украиндық балаларға арналған әсерлі хабарлама» атты мақала жарияланды және ресейлік «Царьград» телеарнасының сайтында украиналық балаларға ресейліктер «оқуларына сәттілік тілейді» деген «жүрекжарды» жазба жарық көрді.

Ресейдің бұрынғы Мәдениет министрі Владимир Мединский бір суретті өз парақшасында бөлісіп, оның мазмұны «елжіреткенін» айтты.

Киевтің шығысындағы Чернигов облысындағы Ново Быково ауылында да директор Наталья Вовк тақтаға жазылған бірнеше жазба тапқан. Олардың көпшілігі украин және орыс халықтарын бейбітшілік пен достыққа шақыратын мазмұнда жазылған. Соғыс кезінде Новобыковская орта мектебі қатты зардап шекті. Директор Вовк өткен айда CNN-ге берген сұхбатында снарядтардан мектеп төбесі қатты зақымдалғанын және барлық терезелер сынғанын айтқан.

«Кітапханаға зақым келді. Мектеп оқулықтары толығымен өртеніп, бірде-бір оқулық қалмады. Парталар сынды, құрал-жабдықтар мен компьютер­лер ұрланды», – деді ол.

Алайда көптеген сыныпта орыс әскерлері бей­бітшілікке шақыратын жазбалар қалдырған. «Кешіріңдер, біз бұл соғысты қаламадық. Славян ағайындар, сендерді алдап жатыр. Соғыс − жаман, соғыспаңдар, балалар!» – делінген жазбада.

Басқа тақтада «Бейбіт өмір сүрейік!!!» деп жазылған. Келесі бір жазбада «Біз бәріміз славян бауырлармыз. Ағайындылардың бір-біріне пышақ алып жүгіргені дұрыс емес» делінген.

«Бізде 100000 гривен тұратын интерактивті панель болды. Оны ұрлап кетті. Принтерлер мен ноутбук ұрланған. Ұрлай алмағандарын сындырып, жарамсыз етіп тастады», – деп директор Вовк та мектепке көп шығын келгенін айтты.

Новобыковская мектебінің ғимараты үш жағынан мектеп ауласын қоршап тұрған «П» әрпінің үлгісінде салынған. «Бұл олар үшін ыңғайлы болды, олар ортаға гранатомет орнатып, мектептің ортасынан зымыран ұшырды. Мектепте көптеген жол бар. Бір жағынан кіріп, екінші жағынан шығуға болатыны оларға өте ыңғайлы болды. Тіпті олардың мектеп ішінде өз асханасы болған», − деді директор.

Вовк ресейлік әскерилер қалдырған кейбір хабарламалар олардың шарасыздығын көрсетеді деп есептейтінін айтты. Оның айтуынша, көпшілігі соғысқа қарсылық білдірген және кем дегенде бес жазба достыққа шақырған. Соның ішінде директор мектептен «Біз мұнда не істеп жүргенімізді білмейміз» деген жазбаны да көргенін айтқан.

Ал Киевтің солтүстік-батысындағы Здвижовка ауылындағы Здвижев гимназиясында басқа сипат­тағы хабарлама табылды. «Путин – сендердің президенттерің. Жақсы оқыңдар. Ресейге білімді азаматтар керек», – делінген жазбада.

Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды өтінген мектеп қызметкерінің айтуынша, наурыз айының соңында ресейліктер аймақты тастап кеткеннен кейін мектеп аумағында үш сым минасы табылған. Оның айтуынша, Ресейдің бақылауында болған Здвижевская мектебі Ресей Ұлттық гвардиясына қарасты ОМОН-ның штабы болған. Басқа екі мектептегідей, Здвижевск мектебінің де барлық құрал-жабдықтары ұрланған немесе жойылған.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: